Құрма өндіруден көш бастаған Иранды нарықтан Саудия мен БАӘ ығыстырмақ
|
Парсы елінің ұлттық құрма қауымдастығының жетекшісі Мохна Рашид Фаррохтың айтуынша, Иранның оңтүстігіндегі екі көрші ел Саудия мен Біріккен Араб Әмірлігі құрма өсіретін бақ аумақтарын кеңейтіп, Шиғалар елін әлемдік құрма нарығындағы бәсекелестікте ығыстыруды көздеп отыр. «Бүгінгі таңда біздің өніміміз олар өндіретін құрмадан жылына бері алғанда 50 мың, ал ары кеткенде 100 мың тоннадан асады»,- деп мәлімдеген ол бұл көрсеткішке көңілі толмайтынын, аз уақыт ішінде аталған екі араб елінің алға озып кетуінен қауіптенетінін жасырмады. Әлемдік құрма нарығындағы үлесінен айырылмас үшін ирандық құрманың насихаты мен жарнамасын жандандырып, маркетингтік әдіс-тәсілді жетілдіру керектігін алға тартты. Сондай-ақ, ол Ауғанстанның да құрма өсіру алқаптарын ұлғайтуда жоспарлап отырғанын жеткізді. Осылайша Иран құрмасына бәсекелес елдер көбейіп отыр. Десе де ауған құрмасының Иран құрмасымен бәскелесе алмайтынын, өйткені, ауған жерінің салыстырмалы түрде құнарсыздығы мол өнім алуға мүмкіндік бермейтінін тілге тиек етті. Иран ауыл шаруашылығы минитсрлігінің ресми өкілі Захра Жәлел Мұқаддам Иранның құрма өндіру саласында Мысырдан кейін екінші орында тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Пирамидалар елі жылына шамамен 1,2 млн тонна құрма өндіріледі. Бұл көрсеткіш әлемдік құрма өндірісінің 10%-ын құрайды. Иранның өзінде құрманы тұтыну деңгейі жан басына шаққанда жылына 3 келіден аспайды. Иран өз аумағында өндірілген құрманың тек шамамен 20%-ын ғана экспорттайды. Иран құрмасын Еуропалық одақ, Ресей Федерациясы, Қытай халық республикасы, Солтүстік Америка елдері импорттайды.