Қазақ қызы неліктен корей азаматына тұрмысқа шыққанын баяндап берді
|
Оңтүстік Корея еліне мұғалім болып кетіп, кейін сол ел азаматымен тұрмыс құрған қазаққызы шетелдікпен отбасын құру себептерін айтты.
Бұл туралы nur.kz порталы Gonzo.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабар таратты.
“Мен Кореяға мұғалім болып барған қазақтың бір қызымын. Ол жақта қазақ тілін үйрететін университетте жұмыс жасадым. Жалпы, жұмысты алдымен ғаламтор арқылы таптым. «Қазақ тілін үйрететін ана тілі қазақ тілі болған мұғалім керек» деген хабарландыруды оқып, құжаттарымды жібердім. Екі жылдық келісімшартпен шет тілдерін оқытатын университетте қызметке орналастым. Бұл кездер өмірімнің биік белестері деп айтсам болады. Себебі шетелде қызмет істеу, тәжірибе жинау, өмірді тану мен үшін арманым болатын. Бала күнімнен шетелде білім алған адамдарға қызыға қарайтынмын. Жанымдағы дос қызым «мен тұрмысқа шыққым келеді» деп армандайтын, ал мен шетелде жұмыс істесем деп армандадым. Мүмкіндікті босқа жібермей, тәуекелге бел буып, Кореяға аттанып кеттім. Бұл мен үшін материалдық, рухани жағынан болсын, өмірдің бір белесі болды”, – дейді өзін Бибігүл деп таныстырған қазақ қызы.
Ол Оңтүстік Кореяда мұғалім мәртебесінің тым жоғары екенін айта келе, қазақтың салт-дәстүрлерін танытуға барынша тырысқанын жеткізді.
“Шетелде мұғалім деген сөз министр сияқты құрметке, атаққа ие. Мен тек сабақ қана беріп қоймай, қолымнан келгенше қазақтың салт-дәстүрлерін танытуға тырыстым. Әр сабақ сайын күй, музыка тыңдаттым. Сенбі, жексенбі күндері үйге қонаққа шақырған кездерім болды. Бауырсақ, самса пісірдім (Күліп алды). Қазақтың қонақжайлығын таныттым”, – дейді ол.
Ол корей азаматына қалай тұрмысқа шыққанын да баяндап берді.
“Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді” деген сөз бар ғой қазақта. Қазақстаннан тұрмыс құрмай кеткен едім. Оған себеп: жарымды өмірлік талғаммен іздедім. Ішімдік ішпейтін, темекі тартпайтын, салауатты өмір заңдылығымен өмір сүретін адамды іздедім. Елімізде жетім қалған бала, ажырасқан әйел көп қой. Неге бала жетім қалады, неге ерлі-зайыптылар ажырасады деген сұрақтар мені қатты мазалады. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар, отау құру ер кісіге де, әйел адамға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен тұрмысқа шығудан бұрын әйел, ана ретінде отбасы алдындағы жауапкершілікті көп ойладым. Әрине, Кореяға кетпей тұрып танысқан азаматтар да болды. Талғамыма, талабыма сай келмеді. Маған кездеспеді. Тағдыр ғой енді. Кореяда бір кәріс азаматымен таныстым. Жасы менен кіші. Жолдасым мені білімді деп ойлап, біліміме қызыққан болса керек. Дұрыс түсініңіз, мен өзімді білімді деп отырғам жоқ (Күліп алды). Жолдасыммен кейін болған әңгіме ғой. Ол да «ұрпағын аманат ете алатын» әйел іздеген екен. Жар таңдауда адамның түрлі есебі болады ғой. Бірі жарының әдемі болғанын, бірі бай болғанын қалайды. Жолдасым мәдениеті, білімі жоғары жан болса, ұрпағыма дұрыс тәрбие береді деп ойлапты. Әрине, сезімнің құшағында жүріп тұрмыс құрдық деп айта алмаймын. Ең алдымен адамгершілікті, сыйластықты, достықты өмірдің мәні етіп алдық”, – дейді Бибігүл.
Сонымен қатар, ол кореялық азаматқа тұрмысқа шығуының себептерін де айтты.
“Ол маған ең алғаш сөз салғанда қарсы болып, шетел азаматына тұрмысқа шықпайтынымды айттым. Ол шетел азаматы әрі жасы менен кішілеу. Бізді байланыстыратын ортақ мүддеміз, қызығушылығымыз болмауы мүмкін екенін айттым. Ол маған: «Мен мұсылманмын, сіз мұсылмансыз. Неге ортақ мүддеміз болмауы керек?» — деген сұрақты қойды. Бір бағытта өмір сүре алатынымызды айтты. Оңтүстік Кореяда кейбір жастар шіркеуге танысу үшін, үйлену үшін барады. Діннің үш түрі жақсы дамыған: католик, протестанттық, буддизм. Әркім өз бағында жүрген жанмен үйленгісі, тұрмыс құрғысы келеді. Жастардың бір-бірін түсінуі махабаттан басталса да, діни-наым-сенімдері де маңызды рөл атқарады. Кореялық жастардың елу пайызы өз діни бағытындағы адаммен отбасын құруға тырысады. Ата-анасы да өздері протестант болса, келіндерінің де протестант болғанын қалайды. Себебі діни рәсімдер қарама-қайшылық тудырмауы керек. Жолдасым ислам дінін қабылдағандықтан, ол да мұсылман қызбен үйленуді қалаған екен”, – дейді қазақ қызы.
Бибігүл ата-енесінің діни ұстанымдары әртүрлі екенін де атап өтті.
“Жолдасымның әкесі католик, анасы буддизм ілімін ұстанады. Әрине, дін адамдары емес. Тек әркім өзінің кейбір діни дәстүрлерін сақтайды, ғибадат құлшылықтарын жасайды. Менің мұсылман екенімді біледі. Біздің үлкен отбасында дінге байланысты кикілжің ешқашан туған емес. Қайта ұқсас, ортақ құндылықтарымыз көп болып шықты. Дін дегеніміз — әдеп, тәрбие, көркем мінез, сонымен қатар адаммен, қоғаммен идеялды қарым-қатынас қой”, - дейді ол.
Бибігүлдің айтуынша, ата-анасы өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуға аса қарсы болмаған.
“Ең алдымен ата-анамнан осындай кәріс азаматына тұрмысқа шықсам бола ма деп сұрағанымда, олар таңғалды. Алғаш оның дінін сұрады. Әжем сүндетке отырып-отырмағанын сұрады (Күліп алдық). Жолдасымнан естуімше, кәрістер медицина заңдылығы бойынша біздегідей сүндет деп айтпаса да, олар сүндетке отырғызады екен. Туған-туыстарым менің бұл шешіміме танырқап қалды. Қазақ жігіті табылмады ма деп айтты. Әрине, қазақтың бір жігітіне келін болып, ата-енеме жақсы қараймын деп ойлайтынмын. Ақырында туған-туысым жолдасыммен танысқаннан кейін оның мәдениетті, жауапкершілігі жоғары азамат екенін көріп, қазақтың жігітінен еш айырмашылығы жоқ екенін, бастысы мұсылман екенін айтты”, – дейді Бибігүл.
Сонымен қатар, ол кәріс тойының ерекшеліктері туралы әңгімелейді.
“Тойымыз кәрістердің жаңа дәстүрлі тойы әрі ескі ұлттық әдет-ғұрыптарымен өтті. Беташар болған жоқ. Ата-анаға иіліп сәлем салдым. Кәрістердің салты бойынша келін өзінің әке-шешесіне, сосын ата-енесіне иіліп сәлем береді. Тойда сыйлы бір ақсақалдың батасын алады. Бата дегенде алақанын жайып алмайды. Өмір көрген өнегелі адамнан тілек алады. Оның насихаты жарты сағатқа созылады. Жарты сағат аяқта тұрып тыңдайсыз. Кәріс тойының басты ерекшелігі — қысқа өтеді. Тойдың ұзақтығының өзі бір-ақ сағат. Жігіттің не болмаса қыздың досы бір ән айтады. Болды. Ысырапшылдық атымен жоқ. Той үстінде болсын, тойдан кейін болсын, қоқысқа тасталынып жатқан тағам түрлерін көрмейсіз. Біздегі бір тойдың дастарқанына оларда 5-6 тойдың адамдарын күтуге болады. Той дастарқаны фуршет түрінде өтеді”, – дейді ол.
Бибігүл екі қызының қазақша, ағылшынша, корей тілдерін меңгергенін, үйде қазақ, кәріс тілдерінде сөйлейтінін және жолдасының да қазақша үйренгенін айтты. Сонымен қатар, ол туған жерге деген сағыныш сезімін сөзбен жеткізудің қиын екенін де еске салды.
“Сағынышты сөзбен жеткізу қиын. Абайды оқып өскен қызбын. Қазақ тілі, әдебиеті маманымын. Мұстафа Шоқайды, Мұстафа Өзтүркті білесіз. Тағдырларын да білесіз. Шетелде тұрған азаматтар. Кез келген қазақтың баласы шетелде жүргенде Отанға деген сүйіспеншілігі, махаббаты арта түседі. Қазақтың тау-тасын, жусанын, бауырсағын, ән-күйін — барлығын сағынасыз. Сол сағынышты орамалға түйіп, жүрегіңізге байлап қоясыз. Мен жолдасымнан қиянат көрген емеспін, кәріс халқынан да жаманшылық көрмедім. Адамның жасы ұлғайған сайын, оның сағынышы да өсе береді. Туған-туысыңа жаның ашып, елге келгің келіп тұрады. «Жұпар иісі аңқыған» ауылыңды сағынасың. Ешбір «жер жәннаты» да туған жеріңе жетпейді. Ғаламтор арқылы елімнің жаңалықтарын қарап отырамын. Кореядағы қазақ балаларымен араласып тұрамын. Солармен араласу елге деген сағынышымды басады. Жалпы, кәріс халқы — еңбекқор халық. Таң азанмен жұмысқа кетіп, түн батқанда келеді. Автобустан метроға, метродан автобусқа секіріп жүрген, әйтеуір бір жаққа асығып кетіп бара жатқан адамдарды көресіз. Былайша айтқанда, адамда бос уақыт жоқ. Бар уақыттар жұмыспен, арпалысқан тіршілікпен өтеді. Бұл да біраз нәрсені ұмыттырып жібереді”, – дейді ол.