“Қара алтын” мәртебесі мұнайдан кофеге ауысуы мүмкін
“Қара алтын” мәртебесі мұнайдан кофеге ауысуы мүмкін
1 ай бұрын 1184 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Кофе өндіретін екі жетекші ел – Бразилия мен Вьетнамда орын алған табиғи апаттар осынау сусын түрінің қымбаттауына себеп болмақ. Бұл жайында islam.kz порталы Euronews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әлемде кофе өндіруден алдына ел түспеген Бразилиядағы құрғақшылық және бұл рейтингте екінші орында тұрған Вьетнамдағы су тасқыны кофенің өндіріс шығындарының жоғарылауына алып келді. Бұл шығын тұтынушылар есебінен жабылауы тиіс. Яғни, кофе бағасы шарықтайды. Күллі әлем бойынша жан басына шаққанда кофені ең көп тұтынатын аймаққа кәрі құрлық жатады: тұтынушылар дерегін сараптайтын немістердің Statista компаниясының мәліметіне сәйкес еуропалықтар жылына 3,2 млн тоннаны тұтынады, яғни, әлемдік кофені тұтыну деңгейінің 33%-ы аталған өңірге тиесілі. Әлемдік кофе өндірісінің шамамен 40%-ын құрайтын Бразилия ондаған жылдар бойы төтенше құрғақшылықтан көз ашпай келеді, аталған ел экономикасы осы табиғи апаттан көп зардап шегуде. Ауа райының қолайсыздығы Арабика кофесі өсірілетін өлкелерді тығырыққа тіреп отыр. Экспорттаушы және импорттаушы елдерден құралған үкіметаралық орган – Халықаралық кофе ұйымы 2024 жылдың үшінші тоқсанында бағаның шамамен 20%-ға өскенін, он жыл ішінде ең жоғары деңгейге жеткенін хабарлады. Құрлықаралық биржадағы (ICE) арабика кофе фьючерстері айтарлықтай өскен: бүгінде бағалар бір фунт үшін 2,25 еурподан асып кетті; бұл көрсеткіш жыл басында 1,62 еуродан сәл жоғары болған еді. Робуста кофесінің бағасы бір тоннасы үшін 2000 доллар  немесе 1796 еуродан астам сомаға жету үшін шамамен 25%-ға өсті. Бұдан бөлек, кофе бағасына логистикалық қиындықтар да әсер етуде: Bloomberg агенттігіне сұхбат берген Rabobank ауыл шаруашылық тауарлары жөніндегі сарапшы Карлос Мера мәлімдегендей, теңіз контейнерлерінің тапшылығы мен айлақтардың шектен тыс жүк кемесін қабылдауы да кофені тиісті жеріне жеткізуде қиындық тудыруда. Бұған қоса, табиғи апаттардан зардап шеккен кофе плантацияларын қалыпқа келтіру де кофе бағасының өсуіне ықпал етпек.

 

0 пікір
Мұрағат