Парсы шығанағына "мысық табандап" келген дағдарыс
Парсы шығанағына "мысық табандап" келген дағдарыс
6 жыл бұрын 3809 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Соңғы жылдары Парсы шығанағының елдері барлығы дерлік ауыр экономикалық жағдайға килікті. Мұнай мен газ бағасының төмендеуі, аталмыш аймақтағы тұрмыстың қымбаттауы шығынды арттырып отыр. Оның үстіне, сарапшылардың да болжамы көңіл көншітпейді: экогомика өсуін тоқтатқан немесе баяулаған, мемлекеттік қарыз жылдан жылға артып келеді, саяси белгісіздік сенімнің жоғалуына алып келуде, бұдан бөлек, жанжалдар мен санкция, блокада бизнестің аяғына тұсау болып отыр. Аймақ халқы да, билік өкілдері де үміт артқан көміртекті шикізат бағасының өсуі де, экономиканың өсуін ынталандыратын түрлі шаралар да нәтиже берер емес. Бірнеше жылға созылған экономиканың қарқынды өсуі (мұнай шикізаты бағасының өсуі есебінен) Парсы шығанағындағы орташа таптың өмірін жақсарта қоймайды. Нақтырақ айтқанда, Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше Бахрейн, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Саудия, Оманның экономикасы жалпы алғанда 201 жылдан бері өсуін тоқтатты немесе баяулатты. Бұл жайында Asia Times ақпарат көзі хабар таратты. Экономика күрт құлдырамай, өсуін тежеп, мысықтабандап келген бұл дағдарыстың салдары мен зардаптары мынадай: БАӘ -нің жалпы ішкі өнімі 2015 жылдан бері алғанда 3,8%-ға төмендеп, тек өткен жылы 0,8%-ға ғана артқан. Ал Саудия мен Кувейтте рецессия басталып кетті: өткен жылы Саудия экономикасы  0,7%-ға, Кувейттікі 2,9%-ға кеміген. Мұнай шикізаты бағасының түсуіне байланысты табыстың күрт азайғанынан аталған елдердің қарызы ұлғайып кетті. Мәселен, Бахрейннің қарызы бүгінгі таңда жалпы ішкі өнімге шаққанда 100%-ға жуықтап қалған, ал Оманның қарызы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2014-2017 жылдар аралығындағы мерзіммен салыстырғанда 5%-ға артқан. Сондай-ақ, аталған аймақта экономиканың нашарлауына байланысты жұмыссыздық белең алып келеді. Мәселен, Abu Dhabi National Oil Company компаниясы қызметкерлерінің шамамен 10%-ын қысқартуға мәжбүр болған. Ал катарлық Al Jazeera телеарнасы 2016 жылы 500 адамды (штаттың шамамен 15%-ы) жұмыстан шығаруға тура келген. Осылай кете береді.   

0 пікір
Мұрағат