Палестиналықтар көресіні израилдік сарбаздың еркелігінен көрді
|
Осы аптаның бейсенбісінде Израил билігі өздері жаулап алған Иордан өзенінің батыс жағалауында хабар-ошарсыз кеткен израилдік сарбазды іздеуге арналған «Бауырларды қайтару – 2» деп аталатын кең ауқымды арнайы операциясын жүзеге асыратындарын жария етті. Осы арада айта кету керек, осындай атпен өткізілген алғашқы операция еврейлердің үш келімсегінің жоғалуына байланысты қолға алынған болатын. Артынан жоғалғандардың жансыз денелері табылған болатын. Бұл жолғысында әскери қызметкер үстіміздегі жылдың сәуір айының 2-сі күні Хеврон (әәл-Халил) қаласынан жақын маңда жоғалған болатын. Израилдің қауіпсіздік қызметі оны палестиналықтар ұрлап әкетті деп «тон пішкен» болатын. Израаилдің жасақтары аталмыш қаланы әскери аймақ ретінде жариялап, барлық жолды жауып тастады. Мұнымен ғана шектелмей, барлық үйлерді тінтіп, палестиналық тұрғындардың кейбіреуін тұтқындап әкетті. Бейсенбіден жұмаға қараған түні жоғалды деген израилдік сарбаз Хеврон қаласының маңындағы Кирьят-Арба елді-мекенінен аман-сау табылды. Тергеу кезінде ол және оның досы өзін тастап кеткен қызды қарату үшін осындай қулыққа барып, жасырынғандарын айтып берді. Мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Осыған ұқсас жағдайдан палестиналықтар бұрын да жәбір көрген болатын: 1990 жылдың мамыр айының 20-сы күні Ами Бобар басқыншы әскердің қатардағы жауынгері Ришон Лицион есімді израилдік сарбаз сүйген қызы қарамай кеткені үшін Газа секторындағы Хан-Юристің палестиналық жұмысшыларын қабырғаға тұрғызып қойып, автоматтан оларға оқ жаудырған болатын. Оның ессіздігінен 19 палестиналық азамат ажал құшып, он шақты адам жарақат алған болатын. Бұл қайғылы күн тарихта «қаралы күн» деген атпен қалған еді. «Қаралы күн» деген жазуы бар киім киген палестиналықтарды израилдік қауіпсіздік қызметкерлері жаппай тұтқындаған да болатын.