Оқулықтар Құран аяттарымен толықтырылады
|
Пәкістанның Хайбер Паһтунһба провинциясының білім беру жөніндегі комиссиясы оқулықтарды сыбайлас жемқорлықтың зияны баяндалған, сондай-ақ, әлеуметтік үйлесімділікті насихаттайтын қасиетті Құран аяттарымен, хадистермен, мұсылман ғалымдарының өсиеттерімен толықтыратын болды. Аталмыш шара мектеп оқушыларын сыбайлас жемқорлық пен дінаралық араздық секілді қоғамды іштен ірітетін ідеттер жайында хабардар ету мақсатында қолға алынып отыр. Нақтырақ айтқанда, 1-12 сынып оқушыларына арналған оқулықтарға ары кеткенде 100-ден асатын үзінділер беріледі. Мұндай оқулықтар үстіміздегі жылдың сәуір айында жарыққа шығады. Білім беру шенеуніктерінің айтуынша, мұндай шара бүгінгі таңда Пәкістан қоғамын жік-жікке бөліп отырған түрлі діни ағымдар мен секталар арасындағы келіспеушіліктер мен түсінбестіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Ұлттық радиодан Құран оқылады
Финляндияның ұлттық деңгейде хабар тарататын Yle телерадио компаниясы радиоэфирден қасиетті Құранды бастан-аяқ оқылатын болады. Мұсылмандардың қасиетті кітабын оқу бағдарламасы бойынша аяттар жарты сағаттан 60 рет оқылады. Сондай-ақ, оның мазмұнын екі сарапшы талдап беріп отырады. Үстіміздегі жылдың наурыз айының 7-і күні қолға алынатын аталмыш жоба мақсаты финдіктерді қасиетті Құранмен таныстыруға саяды. Скандинавиядағы осынау елдің мұсылман жамағатының жетекшісі, имам Анас Хажар оқылған аяттарды Құранды фин тілінде сөйлеткен профессор Яакко Хамин-Анттиламен бірге талдайды. Ресми мәліметке қарағанда 5 400 000 мың халқы бар Финляндияда шамамен 60 000 мұсылман өмір сүріп жатыр.
Талай үнді баласы медреседе оқып жүр
Үндістанда кейінгі кезде ислами іліммен сусындатып медреселерге үнді балалары көптеп түсуде. Бұл жайында OnIslam.net ақпарат көзі хабар таратты. «Біз кедей отбасылардан шыққан балаларға білім береміз. Байқағанымыздай, үнді отбасылары балаларына жақсы білім беруге тырысады, алайда, оған қолы жете бермейді»,- деді медреселер желісінің меңгерушісі, Нида Махила Мандал (NMM) қауымдастығының төрағасы Талят Куреши. Оның айтуынша, аталмыш қауымдастық алғашқы медресесін Мадхья-Прадеш штатында ашқан. Мұнда үнді балалары тек ислам негіздерін оқып қана қоймай, сонымен қатар, индуизм негіздерінен де хабардар болып шығады. «Студенттер хинди, ағылшын тілдерінде білім алады. Олардың үшінші тілді де таңдауға мүмкіндігі бар: урду немесе санскрит. Урду тілін таңдағандар ислам негіздерін біліп шықса, санскритті таңдағандар индуизмді зерделейді»,- деді ол. Айта кету керек, Үндістанда медреселер кедей отбасынан шыққан балалар үшін бастауыш сыныпта оқытылатын білімді алып шығатын бірден-бір орын болып табылады.
Мұсылман студенттері пайызсыз несиемен білім алады
Ресей Федерациясының Мүфтилер кеңесінің экономика департаменті 2015-2016 оқу жылына пайызсыз несие алу үшін өтініш студенттердің беруіне болатынын жариялады. Мұндай несие алу жөніндегі өтініш бірінші курс студенттері мен талапкерлерден қабылданатын болады. Аталмыш жоба бойынша білім алу мақсатында берілетін пайызсыз несиені техникалық және медициналық жоғарғы оқу орындарының студенттері ала алады. Жылдық төлемі 4000 доллардан аспайды. Айта кетейік, осы жобаны жүзеге асыратын Ислам даму банкі РФ-да 10 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді.