Мұсылмандарға қырын қарайтын Қытай билігі христиадарға қандай саясат ұстанады немесе Қытайдағы христиандық туралы
Мұсылмандарға қырын қарайтын Қытай билігі христиадарға қандай саясат ұстанады немесе Қытайдағы христиандық туралы
3 жыл бұрын 2342 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытай христиандарға қауіпті елдер тізімінде он жетінші орыннан көрінген. Бұл жайында islam.kz порталы opendoorsusa.org ақпарат көзіне сілтемем жасай отырып мәлім етеді. Жаһандану дәуіріндегі елдер арасындағы интеграция жергілікті мәнге ие түрлі мәдениеттер ошағының қалыптасуына әрі бұл сол елдің ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен салт-санасына бейімделуіне немесе жатырқауына алып келіп отыр. Ол ол ма, әр елдің қоғамдық формациясы мен идеологиясы да қандай да бір лоялды мәдени кеңістікке өз ықпалын жүргізеді. Бұған әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашыраған түрлі ұлт пен наным-сенім өкілдерінің басындағы жағдайдан анық байқай аласыз. Бұл тарапта Қытай буддалық ілімнен өзге де іргелі ілім мектептері қалыптасқан, тарихи тамыры терең ел әрі адамның наным-сенім бостандығына тікелей, яғни, ресми тыйым салмаса да исламға да, христиандыққа да жылы қабақ танытпайтын коммунистік идеология жетегінде ел ретінде сипатталады. Қытайландыру науқаны аясында байырғы мұсылман халықтарды ғана саяси қуғын-сүргінге салып қоймай, христиандықты да қытайландыру саясатын жүргізуге кедергі келтіретін фактор ретінде қарастырады. Дәлірегі, «Open Doors» («Ашық есік») деп аталатын христиандардың құқығын қорғаумен айналысатын халықаралық қайырымдылық ұйымының атқарушы директоры Дэвид Карри Christian Headlines ақпарат көзіне берген сұхбатында бүгінге таңда Қытай аумағындағы христиандар қарасы шамамен 96 млн адамға жеткенін мәлімдеді. Осылай дей келе Қытайдағы христиандардың жүрген-тұрғаны түгел қадағаланатынын, әсіресе, адамның жүзін тану жүйесі секілді жоғары технология көмегімен бақылауға алынғанын жасырмады. «Open Doors» ұйымының дерегі бойынша христиандарға шіркеуде оқылатын уағыз мазмұны қатаң сүзгіден өтіп, редакцияланатыны, 18 жасқа толмағандарға шіркеуге баруға тыйым салынғаны, аталмыш шектеу шараларына құлақ аспағандарын қайта тәрбиелеу лагеріне жөнелтетінін жайып салды. Бұдан бөлек, өткен жылы Қытайдағы әйгілі App Store қолданбасынан қасиетті Құран мен Інжілді алып тастаған болатын. Ол ол ма, қасиетті Құранмен қатар Інжілдің аудиожазбасын саудалауға, интернеттен алмасуға да қатаң тыйым салынған болатын. Мынадай қызықты дерек келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: бүгінгі таңда шіркеудегі құлшылыққа баратын хиристиандар қарасы бойынша Қытай көш бастап тұр. 2025 жылға қарай аталған елдегі христиандар саны 160 млн адамға, ал 2030 жылға дейін 247 млн адамға жетеді. Қытайдағы христиандар дені протестанттық тармақта. Салыстырмалы түрде алсақ, АҚШ-тағы христиандар саны бүгінде 159 млн адамды құрап отыр. Бұл елге христиандық ХХ ғасырдан бері кеңінен қанат жайып келеді, Маоның мәдени революциясынан кейін осындай тенденция орын алып отыр.

0 пікір
Мұрағат