Махатма Гандидің күлі ұрланды. Оған мұсылмандардың қандай қатысы бар?
|
Ұлыбритания отары болған Үндістанды басқыншылардан ұлттық сипат алған азат ету қозғалысының басында тұрған қоғам қайраткері Махатма Гандидің 150 жылдық мерейтойы күнінде күлі ұрланды. Бұл туралы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Дәлірегі, Үндістанның орталық бөлігінде орын тепкен Мадхья-Прадеш штаты аумағындағы мемориалдан үнділердің қастер тұтар тұлғасының өртелген сүйегінен қалған күлді қаскүнемдер қолды қылды. Махатма Ганди күлінің ұрланғанын мемориал шырақшысы байқаған. Қаскүнемдер Махатма Гандидің бейнесі салынған плакат астына «опасыз» деп жазып кеткен екен. Жергілікті полиция қызметкерлері қазіргі уақытта жатпай-тұрмай із кесумен айналысып жатыр. Полиция өкілдерінің уәжіне қарағанда, қаскүнемдер Үндістан халқының біртұстастығына сына қағу мақсатында ұрлаған. Тарихқа шегініс: Махатма Ганди 1948 жылы радикалды үнді белсенділерінің қолынан қапияда қаза тапты. Оның мәйітін өртегенімен күлін үнді наным-сеніміне байланысты киелі саналатын Ганга өзеніне тастаған жоқ, бірнеше бөлікке бөліп, Үндістанның бірнеше штатында қойылды. Үнді ұлтшылдары оны елдегі мұсылмандармен тату-тәтті тұруған шақырғаны үшін сатқын ретінде қабылдайды. Аталған елдің билік тізгінін қолына алған үнді ұлтшылдары исламді еске түсіретін жер-су және елді-мекен атауларын жаппай өзгерткені турасында кезінде хабарлаған болатынбыз. Енді мұсылмандарға бүйрегі бұратындардың қыр соңына түсіп алды.