Күрд факторы немесе оларды кімдер содырға айналдыруда?
|
Сириядағы жағдайдың ушыққанына байланысты сарапшылардың кейбірі, бір қарағанда, аса маңызды көрінбейтін, десе де, Сириядағы асқынған дағдарыспен және Таяу Шығыстағы саяси ахуалмен тығыз байланысты күрдтер мәселесіне назар аударған болатын. Жақшаның ішіне алып, ескерте кетсек, бұл арада саяси ойыншылардың құралына айналып, өз алдына дербес мемлекет құруды желеу етіп, тасадан оқ атуды әдетке айналдырған күрдтер жайында сөз болып отыр. Қазіргі уақытта мүдделі тараптар күрдтерге ИСИМ лаңкестерін ығыстыруы үшін көмектесуде (мәселен, Сирияның солтүстік аудандарында). Екінші жағынан алғанда, Түркиядағы терактілерде күрдтер айыпталып отыр. Бұдан нені түсінеміз? Бұдан күрд факторы Түркияға қысым көрсетудің құралына айналғанын байқауға болады. Күрдтер осылайша террористік әрекеттерге тартылуда. Ислам революциясының алғашқы жылдарында Иран мен батыс елдері арасындағы қатынас шиеленісіп кеткенін өздеріңіз білесіздер. Міне, сол кезде де күрдтер мәселесі алдыңғы орынға шыққан болатын. Біреулер үшін күрдтер көтерілісшілер болуы мүмкін, енді біреулер үшін содырлар болуы мүмкін. Неге бұлай? Өз мемлекеті жоқ, алайда халқының саны көп күрдтер Таяу Шығыстың бас аурына айналғалы қашан. Естеріңізде болар, бұрынғы Османлы қағанатының аумағы Ұлыбритания,Франция және Ресей арасындағы «Сайкса-Пико» құпия келісімінің нәтижесінде бірнеше елдерге бөлініп кеткен еді. Осылайша күрдтердің бір бөлігі Түркияның шығысында, енді бір бөлігі Иранның батысында, Сирияның солтүстігінде және Ирактың солтүстік-шығысында қалып қойған еді. Белгілі бір уақытқа дейін күрдтер өздерінің мемлекетін құру турасында мәселе көтерген емес. Өйткені, олар өздері өмір сүрген мемлекеттің ұлт құраушы халықтарымен, атап айтқанда, ирандықтармен, түріктермен, арабтармен сіңісіп кеткен, яғни, интеграцияланған. Кезінде КСРО билігі коммунистік идеяны желеу етіп, Күрдстанның Жұмысшылар партиясының құрылуына көп көмектескені есімізде. КСРО осылайша күрд сепаратизмі арқылы Түркияға қысым көрсетуді жоспарлаған. Күрдтердің аталған партиясын КСРО қаржыландырып отырды. Нәтижесінде аталған партияны аса ықпалды күшке айналдырды. КСРО тарағаннан кейін бұл тәжірибені АҚШ қолға алды. Иранда 1979 жылы шаһ билігінің жойылуына жол ашқан ислам революциясы басталғанда батыс елдері Саддам Хұсейінді Иранға айдап салған болатын. Міне, осы кезде күрдтерді де пайдаланған еді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сонда: батыс елдері күрд факторын әлеуетті мұсылман елдеріне қысым көрсетудің, ықпал етудің құралына әрдайым айналдырып келеді. Яғни, ресурсқа бай мұсылман елдерін ықтыру үшін күрдтерді содырларға айналдыруды жалғастыруда.