Климаттың өзгеруінен шай алқаптары жойылып барады
Климаттың өзгеруінен шай алқаптары жойылып барады
3 жыл бұрын 1833

Әлемде климат өзгерген сайын шай ішпесе көңілі жай таппайтын адамдарға қиын болатын сияқты. Себебі, қуаңшылық салдарынан өнім алу қиындап кетті. Диқандар ауыл шаруашылығын қорғау үшін түрлі амалдар жасап әлек. Табиғи өнімдерді сақтау – адамзат алдында тұрған өзекті мәселенің бірі. Бұл туралы 24.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Шайдың ірі орталықтарының бірі Тайвань соңғы 100 жылда болмаған құрғақшылыққа ұрынды. «Жұт жеті ағайынды» демекші, ұзаққа созылған қуаңшылықтан кейін аяқ астынан жаңбыр жауып, аралдағы шай плантациясының жартысына жуығын шайып әкеткен. Жергілікті шаруалар қалған өнімді сақтап қалуға және болашақта табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұруға қам жасап жатыр.

Чен Шун-Йи, шаруа:

– Ауа райы – шай өндірісінде ең күрделі және болжауға келмейтін құбылыс. Біз арнайы құралдардың көмегімен өзге өндірістік процестерді бақылай аламыз. Бірақ климат өзгерісінің алдында шарасызбыз. Жаңа жағдайға бейімделгеннен басқа амалымыз жоқ. Мысалы, су жоқ кезде оның орнын толтыруға тырысамыз. Шаруалардың тағы бір қаупі бар. Климат өзгерісінен кейін топырақта зиянкестер көптеп пайда бола бастаған. Олар шай өсімдігінің ата жауы. Бүлінген жапырақтар шайдың дәмін де кетіреді.

Цай Сянь-Цунг, зерттеуші:

– Жапырақтар жетіле бастағанда ылғал мен температура деңгейі шайдың химиялық құрамына қатты әсер етеді. Сондықтан климатпен бірге шайыңыздың дәмі де өзгереді деген сөз. Үйренбеген дәмді қабылдау қиынға соғары сөзсіз.

ЖАСАНДЫ КОФЕДЕН АЛЫҢЫЗ!

Өзгерген климат шайды ғана емес, кофені де бүлдіріп жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артқан сайын, ормандар қырқылады. Фин ғалымдары қара жерге екпей-ақ кофе жасайтын «жасыл технология» ойлап тапты. Олар кофенің жапырағын әбден ұсақтап, зертхана жағдайында жаңа жасушалар өсіріп шығарады. Сосын оларды араластырып, кептіреді және қуырады. Осылайша дәмі кәдімгі кофеден айнымайтын өнім дайын болады. Ғалымдар ЕуроОдақтың құзырлы мекемесінен арнайы куәлік алғалы отыр. Ондағы мақсат - жасанды кофені сатылымға шығару.

ЖҮЗІМДІ ЫСТЫҚ-СУЫҚТАН ҚОРҒАЙТЫН ТЕХНОЛОГИЯ ОЙЛАП ТАБЫЛДЫ

Францияда жүзім алқаптарына қыста суық, жазда ыстық қауіп төндіреді. Шаруалар табиғати жағдайға қарсы тұратын амал ойлап тапты. Олар жүзім алқаптарының үстіне күн панельдерін орната бастады. Осылайша тақталар жазда күн сәулесінен қорғап, энергия қорын жинайды. Ал қыста жүзім бұтақтарының топырағын жылытып, төбесін нұр төгеді. Мамандардың айтуынша, жаңа технология жидектердегі қант құрамының деңгейін де реттеп отырады. Ауыл шаруашылығына арналған күн панельдеріне қазірдің өзінде жергілікті жүзден астам шаруадан тапсырыс түскен.

 

0 пікір
Мұрағат