Кейінгі бірнеше жылда Орталық Азиядағы мұздықтардың 30% еріп кетті
Кейінгі бірнеше жылда Орталық Азиядағы мұздықтардың 30% еріп кетті
5 ай бұрын 517 inform.kz Әлихан Асқар

KAZINFORM – Кейінгі бірнеше жылда Орталық Азиядағы мұздықтардың шамамен 30%-ы еріп кетті. Мұндай деректерді Ташкентте өткен «Өзбекстан-Қырғызстан: стратегиялық әріптестік синергиясы» конференциясында сарапшылар келтірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Орталық Азия халықаралық институтында өткен іс-шараға Қырғызстан мен Өзбекстанның жетекші аналитикалық орталықтары және ғылыми-зерттеу институттарының сарапшылары, министрлік пен ведомстволардың өкілдері қатысты.

Басқосу барысында Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың маңызды бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, сарапшылар өзара тауар айналымын арттыру, энергетика, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту және Орталық Азиядағы су мәселесіне ерекше тоқталды.

Ташкент
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Орталық Азиядағы судың басым бөлігі мұздықтардан жиналады. Кейінгі бірнеше жылда мұздықтардың шамамен 30%-ы еріп кетті. Егер бұл мәселеге ден қойып, оны шешу бойынша жұмыс атқармасақ, онда осы ғасырдың орта кезеңінде мұздықтардың жартысынан көбінен айырыламыз. Бүгінде Орталық Азиядағы мұздықтардың 45%-ы Қырғызстанның аумағында. Жаһандық жылыну салдарынан олар тез еріп, елміздің аймақтарында сел жүру қауіпін үдете түсті», — деді Қырғызстан президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институтының ғылыми қызметкері Азамат Омуркулов.

Сарапшының атап өтуінше, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін Орталық Азия елдеріне ортақ аймақтық стратегия қажет. Яғни, әр мемлекет жеке дара емес, керісінше бірлесіп әрекет етуі тиіс. Конференцияға қатысушылар бұл бағыттағы ілкімді жоба ретінде «Қамбарата» гидроэлектростанциясының құрылысын атап өтті.

«Қазіргі уақытта екі елдің жалпы өңірлік маңызы бар көлік-логистикалық және энергетикалық жобаларды іске асырудағы өзара іс-қимылы стратегиялық тұрғыдан маңызды болып отыр. Биыл маусымда болған екі тарихи оқиға бұған дәлел: ол «Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан» темір жолының құрылысы және „Қамбарата“ ГЭС-ін салу жөніндегі ынтымақтастық келісімдер. Бұл ірі жобалар Орталық Азиядағы интеграцияның жаңа деңгейге шыққанын айғақтайды», — деп пікір қосты ӨР президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының орынбасары Акрамжон Неъматов.

Айта кетейік, «Өзбекстан-Қырғызстан: стратегиялық әріптестік синергиясы» конференциясы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Өзбекстанға жоспарланған мемлекеттік сапары қарсаңында өтті.

0 пікір
Мұрағат