Жезөкшелікке заңмен тыйым салынуы мүмкін
Жезөкшелікке заңмен тыйым салынуы мүмкін
3 жыл бұрын 2375 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Испания премьер-министрі Педро Санчес Социалистік партияның үш күнге созылған құрылтайында мінберден сөз алып, елдегі жезөкшелікке тыйым салып, қылмыстық жауапкершілік енгізуге уәде берді. Бұл жайында islam.kz порталы ВВС News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі қаншалықты іске асатыны беймәлім. Өйткені, 1995 жылы аталған елде жезөкшелік осы салада жұмыс істейтіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық жауапкершілік қарастырылатын санаттан алынып тасталған болатын. Алайда, жеңгетайлыққа және жезөкшелікті кәсіп етуге заңмен тыйым салынған. Сарапшылардың есебінше, бүгінде Испанияда шамамен 300 мың жезөкше бар. Полиция мәліметі бойынша олардың жартысы құлдықта ұсталады. Испанияның социалистік партиясы жезөкшелікке тыйым салу бастамасын 2019 жылы көтерген болатын. Сайлау алдындағы манифесінде. Елдегі секс индустриясын зерттеген Сезар Хара есімді тілшінің келтірген дерегіне қарағанда Испанияда тән саудасы күніне 7-8 млн еуро табыс түсіреді. Ал бұл көрсеткіш бойынша Еуропада екінші орыннан көрінген Германия бұл бағыттағы күресін жариялаған жоқ. Ал еліміздегі жағдайға келсек, бұл тараптағы ақпарат жоқтың қасы. Еліміздегі әлеуметтік кесел мен азғындық туралы осыдан бірнеше жыл бұрынғы мәліметтер (оның өзінде жекелеген тілшілердің зерттеуі бойынша алынған мәліметтер) жаңартылмаған. Дегенмен кей ақпарат көздерінің мәліметі бойынша еліміздегі жезөкшелер қарасы көрші мемлекеттерден, атап айтқанда, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан келіп осы елде тәнін саудалайтындарды қоса ескергенде он мыңнан асып жығылады. Алайда, кейінгі кезде ер адамдар арасында да тәнін сатып пайда табатындар шығып жатыр. Олар туралы дерек жоқтың қасы. 

Педро Санчес

 

Педро Санчес
Фото: Costas Baltas / Reuters
kodeksy-kz.com дерек көзінен:  

ҚР Қылмыстық Кодексi

309-бап. Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық

1. Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық – 

мүлкi тәркiленiп, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) бірнеше рет жасалған; 

3) кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартумен ұштасқан дәл сол іс-әрекеттер – 

мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер – 

мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

ҚР Қылмыстық Кодексi

134-бап. Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту

1. Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту – 

мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру, тәуелді жағдайын пайдалану, бопсалау, мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы не алдау жолымен кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту – 

мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

1-1) телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы; 

2) бірнеше рет жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген: 

1) қылмыстық топ; 

2) ата-анасы, педагог не кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адам жасаған іс-әрекеттер – 

мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Ескерту. 134-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 170-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 30.12.2020 № 393-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

0 пікір
Мұрағат