Жалған ұяттан немесе комплекстен адамзат триллион шығынға батып отыр
Жалған ұяттан немесе комплекстен адамзат триллион шығынға батып отыр
6 жыл бұрын 3258 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген статистикалық дерекке қарағанда, әлем бойынша кем дегенде әрбір онынша адам түрлі психикалық дертке шалдыққан. Түрлі себеппен. Мамандар солардың ішінде экономикалық дағдарыстан туындаған тұрмыс ауыртпашылығын, ақпараттық технологияны, экологиялық мәселелерді, құндылықтардың өзгеруін, т.б. бөле-жара атап отыр. Адамның мұндай дертке шалдыққанын бастапқыда сезе бермейтіні мен қоғамның назарынан ығып, өзінің аталмыш дертке шалдыққанын мойындаудан қашуы да проблеманы одан ары тереңдетіп, күрмеуі көп күрделі мәселеге айналдырып отыр. Әдетте жария түрде адамның өзін мұндай дертке шалдыққанын мойындауды қоғам басқаша қабылдайды. Нәтижесінде оның соңы жұмыстан шеттетіліп, қаржы тапшылығын тартады, тағы басқа да салдары мен зардаптарынан жапа шегеді. Психикалық дертке шалдыққандар қарасы жылдан жылға артып келеді. 2030 жылы бұл дерттің етек алуынан әлем экономикасы 16 трлн шығын көреді екен. Мұндай дерек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының The Lancet мерзімді басылымында жарияланған есепте келтірілген. Салыстыру үшін алсақ, 2010 жылы психикалық дерттің салдарынан 2010 жылы әлем экономикасы шамамен 2,5 триллион доллар шығынға батқан. Бұл шығынның бір бөлігін емдеуге кеткен дәрі-дәрмекке жұмсалған қаражат құрайды. Ал тікелей емес, жанама шығынға адамның еңбек ету қабілетінің төмендеуінен болатын шығынды, аталмыш дертке шалдыққан адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етуге кеткен шығынды, т.б. жатқызуға болады. ДДҰ мерзімді басылымында жарық көрген баяндама авторларының бірі Викрам Пателдің айтуынша, соңғы ширек ғасырда психикалық дертке шалдыққандар қарасы күрт артып кеткен. Алайда, әлі күнге әлемнің бірде-бір елі бұл дерттің себептері мен салдарына жете мән бермей келеді. Аталмыш дерттің етек алу себептерінің қатарында, сонымен қатар, халықтардың қартаю процесін, азаматтық жанжалдар мен түрлі табиғи апаттарды (құрғақшылық, тасқын-сел, цунами, зілзала, т.б.), түрлі індеттердің пайда болуын жатқызуға болады. Мәселенің мәнісі сонда: экономикалық дағдарыс мәңгілік емес, түбінде адамзат бұл тығырықтан шығады, табиғи апаттардың беті қайтып, салдары мен зардаптары жойылады, т.б. алайда, адамның психикасына берілген соққы оны өмір бойы жарымжан етіп кетуі мүмкін. Былайша айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жанға айналдырып, мемлекетке масыл науқастардың қатарын толықтырады. ДДҰ келтірген дерек бойынша әлем тұғындарының кем дегенде 10 пайызы, балалар мен жасөспірімдердің 20 пайызы психикалық ауытқушылыққа ұшыраған. 300 млн-ға тарта адам күйзелістен азап шегеді, 50 млн адам деменциядан, 23 млн адам шизофрениядан, 60 млн адам биполярлық ауытқудан зардап шегеді екен. Бір ғана экономикасы өркендеген АҚШ-тың өзінде қызметкерлердің психикалық ауруынан жылына 225,8 млрд доллар шығын көріп отыр. Тікелей және жанама шығындарды қоса ескергенде. Яғни, қызметкердің психикалық денсаулығындағы кінәраттан еңбек өнімділігі төмендеуден жұмыс беруші жылына бір науқас қызметкерінің кесірінен 1601 доллар шығынға батады. Ақыры АҚШ-ты сөз еттік қой (қолда бар дерек болғандықтан), аталмыш ел тұрғындарының шамамен 6,7  пайызы күйзелістен жылына кем дегенде бір рет зардап шегеді. Осының кесірінен америкалық бизнес жылына 44 млрд доллар шығын көріп отыр. ДДҰ мәліметіне қарасаңыз, әлемдегі дамыған елдерде ғана психикалық аурулармен күреске жете мән беріп отыр. Дамушы елдердің кейбірінде, тіпті, бұл бағытта жүргізіп отырған мемлекеттік саясаты жоқ: арнайы бағдарлама қабылданбаған, қаржы бөлінбеген. Әлемнің көптеген елі, яғни, табысы мардымсыз елдер психикалық денсаулықты күтуге бар-жоғы жылына жан басына шаққанда бөлген қаржысы екі доллардан аспайды. Сондай-ақ, психиатриалық көмек көрсететін медициналық қызметкерлер саны да көңіл көншетпейді. Ол ол ма, кей артта қалған елдерде әлі күнге өткен ғасырдың 70-ші жылдары қолданған емдеу тәсілін әлі қолданып келеді. Қоғамнан оқшаулау, науқасқа қылмыскер секілді қарау, өмір бойы палатада қамап ұстау, т.б. Психикалық ауытқуға ұшыраған адам қашанда тасада ұсталады. Науқасқа қолдау көрсетудің орнына. ДДҰ мағлұматына үңілсеңіз, 2016-2020 жылдар аралығындағы мерзім үшін әлемнің тек 36 елі ғана азаматтардың психикалық денсаулығын күтуге 141 млрд доллар бөлген. Оның 91 млрд-ы күйзелісті емдеуге, 50 млрд-ы түрлі психикалық ауытқушылықты жоюға бағытталады. ДДҰ есебі бойынша бұл қаражат өз-өзін тооық әрі тез ақтайды: күйзелісті емдеу есебінен қазынаға 230 млрд доллар, түрлі психикалық ауытқушылықты емдеу есебінен 169 млрд доллар қайтып оралады.

0 пікір
Мұрағат