Жаһан: Зимбабведегі қуаңшылық қорықтағы жабайы жануарларды сатуға мәжбүр етті (видео)
Жаһан: Зимбабведегі қуаңшылық қорықтағы жабайы жануарларды сатуға мәжбүр етті (видео)
9 жыл бұрын 3312 24.kz khabar.kz Т.Әбдіқожаев, Ж.Джазина, Г.Абилова

Африканың оңтүстік бөлігіндегі Зимбабве Республикасының билігі елдегі жабайы жануарларды жаппай сатуға шығарды. Мұндай тосын қадам жасауға аймақты жайлаған қуаңшылық түрткі болған. Аң-құсын асырауға азық пен су таппаған қорықтағылар енді оны жекенің қолына беруден басқа аман алып қалудың амалын таппай отыр. Зимбабве қорықтары ауа райындағы Эль-Ниньо құбылысы салдарынан құрғақшылыққа ұшыраған. Шөл кесірінен мұнда мекендейтін жануардың дені азап шегуде. Тіпті, қырылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Сондықтан, билік енді «оларды жекеге сатып, сақтап қалмасақ, қорықтың асырауға қауқары жетпейді» деп отыр. Оның үстіне қоршауда мекендейтін жануарлардың саны да шектен тыс көбейіп кеткен. Эманнуэль Фундира, қорық қызметкері: - Қорықта жабайы жануарларды алып қалуға кері әсер ететін мәселе жетерлік. Әсіресе биылғы жағдай тым ауыр болып тұр. Жануарларды суаратын су мен жем-шөп қоры мүлдем жоқ. Тіпті, кей бөліктерінде табиғи су көздері де тартылып қалған. Мұндағы жануарлар сусыз көпке шыдамайды. Қуаңшылық онсыз да ішер асқа жарымай, тұрмысы тұралаған тұрғындарды да тығырыққа тірей түсті. Су тапшылығынан ауыл шаруашылығындағы дақылдары қурап, ел қазынасының қоры да таусылуға таяды. Сондықтан, жануарларды сату арқылы үкімет экономикасына біраз қаржы құйып, халықтың жағдайын жақсартпақ. Бірақ, әзірге сатылатын аң-құстың түр-түсі мен бағасы туралы ешқандай ақпарат жоқ. Джонни Родригес, Табиғатты қорғау қорының маманы: - Қорықтар жабайы жануарларды жергілікті тұрғындарға сатамыз деп отыр. Менің ойымша, мұндағы халықта оны сатып ала қоятын ақша жоқ. Сондықтан жануарларды кім алатынын білмеймін. Егер Африканың өзге елдерінен келгендер болса, сатуға болады. Бірақ, құрлық асырып жіберуге қарсымын. Себебі, бұл аң-құс осы аймақтың табиғи мұрасы боп саналады. Елді жайлаған құрғақшылық салдарынан Зимбабве президенті Роберт Мугабе мемлекеттің бірнеше ауданында төтенше жағдай жариялап, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. Себебі, бүгінде 4 млн зимбабвелік аштан бұратылып, гуманитарлық көмекті көксеп жатыр.

Айлықтың орнына – балапан (видео)

Айлықтың орнына балапан! Өзбекстанның Нүкіс ауданында ақшаның жоқтығынан мұғалімдерге тауық балапандары үлестірілді. CentralAsian сайтының хабарлауынша, біраз уақыттан бері жалақы көрмеген ұстаздарға балапан екі есе қымбат бағамен берілген.  Былтыр оқытушыларға еңбекақы картоп, сәбіз және асқабақпен төленіпті.  Көрші елде қазір қолма-қол ақша тапшы. Салдарынан адамдар зейнетақы мен айлықтарын ала алмай жүр.  Ал өндірісінің қарқыны саябырсыған «ӨзбекЭнерго» жұмысшыларына компания шығаратын шамдарын сатып алуды міндеттеген екен.

 Шапшаң қимылды машинист жолаушылардың өмірін сақтап қалды (видео)

 

Польшада теміржол көлігін жүргізіп келе жатқан машинист рельстің бойында тұрған жүк көлігін байқап қалды. Пойыздағы жолаушыларды ескерту үшін кабинадан атып шыққан ол, көзді ашып-жұмғанша халықты ескертіп, олардың еденге жатуларын өтінді. Жан ұшыра жүгірген машинистің бұйрығын бір ауыздан орындаған жұрттан апат кезінде бір де бір де адам құрбан болған жоқ. Жолаушылар арасынан ауыр жарақат алғандар да болмады. Сөйтіп, апатты жағдайда шалт қимылдап қалған машинист жолаушылардың өмірін сақтап қалды. Рельсте көлденең тұрып қалған жүк көлігіне пойыз сағатына 60 шақырым жылдамдықпен соқтығысып барып тоқтады.

 

 

0 пікір
Мұрағат