Шартарап: АҚШ-та вакуумды пойыз сынақтан сәтті өтті (видео)
Шартарап: АҚШ-та вакуумды пойыз сынақтан сәтті өтті (видео)
8 жыл бұрын 2504 24.kz AP/ Marco Garcia

АҚШ-та ұшақтан да жылдам жүретін вакуумды пойыз сынақтан сәтті өтті. Идея авторы – «SpaceX» пен «Tesla» компанияларының негізін қалаушы, бизнесмен Илон Маск. Тексеру шарасы Невада штатындағы шөл далада жүргізілген. Ұзындығы 3 метрлік қозғалыс құралы 2 секундта жылдамдығын сағатына 190 шақырымға арттырып, жолына тасталған құмның көмегімен тоқтады. Жаңа көлік 2018 жылы Лос-Анджелестен Сан-Францискоға қатынауы мүмкін. Болашақтың пойызы екі қаланың арасындағы 600 шақырым жолды бар болғаны жарты сағатта жүріп өтеді. Ал қазір бұл қашықтықты ұшақпен 1 сағат 20 минутта еңсеруге болады. Броган Бамброган, Hyperloop жобасының бас инженері: - Бұл технология 2020 жылға қарай пайдалануға толық беріледі деп ойлаймыз. Оған дейін инфрақұрылым жасақталып, қаржы бөлініп, инновациялық технологияларға қолайлы заңнамалық база жасалуы керек.

Израильде әуежайларға арналған сканердің жаңа түрі шықты

Израильдік өнертапқыштар әуежайдағы қауіпті заттарды небәрі 2 секунд ішінде анықтайтын жаңа сканер ойлап тапты. Соның арқасында жолаушыларды тексеру процесін әлдеқайда жеделдетуге болады дейді мамандар. Құрылғы 3D үлгісіндегі толық өлшемді сканерлеу жүйесіне негізделген. Ол тек металл бұйымдарды ғана емес, сондай-ақ жарылғыш заттар, есірткі, гель мен сұйықтықты да жаңылмай тани алады екен.

Жапониялықтар «дрондар балетін» тамашалады (видео)

 Жапонияда ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың шоуы өтті. Түнгі аспанға ұшырылған 20 дрон музыка ырғағына қарай қозғалады. Сондай-ақ, әуенге байланысты түсін де өзгертіпті. Өйткені құрылғыларға 16 мың жарық диодты шам бекітілген. Ұйымдастырушылар бұл шараны «дрондардың балеті» деп отыр. Олардың биін сямисэн аспабында ойнаған ансамбль сүйемелдеген.

 Күн қуатымен ұшатын ұшақ Оклахомаға қонды (видео)

Күннен қуат алып, жер шарын айналып шығуды мақсат еткен ұшақ АҚШ-тың Оклахома штатына сәтті қонды. Ұшқыштар Андре Боршберг мен Бертран Пикар бұл сапарды өткен жылдың наурызында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасынан бастаған еді. Сонымен бірге олар саяхатты жердүниені айналып келіп, осы Абу-Дабиден аяқтау керек. Әуе кемесі күн энергиясын тұтынатын 4 қозғалтқыштың көмегімен ұшады. Ұшу құралы 8,5 мың метр биіктікке көтеріліп, жылдамдығын сағатына 100 шақырымға дейін жеткізе алады. Салмағы кәдімгі жеңіл көліктен ауыр емес.

 

0 пікір
Мұрағат