Жаһан жаңалықтары: Нигерияның жуырда сайланған президенті «Боко Харамды» жоюға уәде берді
|
Жуырда өткен Нигериядағы президенті сайлауында халықтың қолдауына ие болып, айқын басымдықпен жеңіске жеткен бұрынғы генерал мұсылман Мұһаммед Бұһари ел астанасында сөйлеген сөзінде лаң салып жүрген «Боко Харам» радикалды тобын жоятынына уәде берді. Айта кетейік, бәсекелесі христиан Гудлак Джонатан осы сайлауда өзінің жеңілгенін мойындап, сайлаудың барынша әділ өткенін мәлімдеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы да бұл сайлауды «нигериялық демократияныың жетілген түрі» деп баға берді. Бұл жайында Aljazeera ақпарат көзі хабар таратты. Биыл 72 жасқа толатын ол өткен ғасырдың 80-ші жылдары Нигериядағы әскери режимге жетекшілік еткен болатын. Сарапшылардың айтуынша, лаңкестерден ығыры шыққан халық та ел билігінің тізгінін темірдей тәртіпке бағынатын әскери адамға бекер дауыс берген жоқ. Бұрынғы генералға сенім артып отыр. Мұһаммед Бұһари де халықтың үмітін ақтау үшін қолдағы бар ресурсты жұмылдыратынын жеткізді.
Аңшы теңізінде апатқа ұшыраған кемеде 50-ден аса адам опат болды
Аңшы теңізінде «Қиыр Шығыс» деп аталатын кеме апатқа ұшырап, нәтижесінде 50-ден аса адам опат болған. 63 адам құтқарылған, 26 балықшыдан хабар болмай тұр. Бұл жайында "Россия-24" телеарнасы хабар таратты. Десе де, осы апаттың неден орын алғаны әлі анықталған жоқ. Бұл қайғылы жағдай Магаданнан шамамен 300 шақырым қашықтықта орын алған. Кеме бортында 132 адам болған. Олардың 78-і Ресей Федерациясының азаматы, қалғаны – шетелдіктер. Нақтырақ айтқанда, Бирманың, Вануату, Латвия және Украина азаматтары. Апатқа ұшыраған кеменің салмағы – 5,7 мың тонна, ұзыындығы – 104 метр, ал ені – 16 метр. Қазіргі уақытта қайғылы жағдай орын алған аумақта 800 іздестіру-құтқару қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, тікұшақ пен 26 кішігірім кеме жұмылдырылған. РФ Төтенше жағдайлар министрлігінің Камчаткадағы өкілінің айтуынша, аталмыш апатқа мұз кесектері себеп болуы мүмкін.
Иордания Сириямен арадағы шекараны жапты
Сәуір айының 1-і күні Иорданияның ішкі істер министрі Хұсейн әл-Мажали Сириямен арадағы шекараны жабатынын мәлімдеді. Бұған көрші жаатқан елдегі ұрыс қимылдарының күшейгені себеп болған. Сириядағы жағдай тұрақталғаннан кейін шекара қайта ашылатынын да жеткізді.
Алтын іздеп, сахабаның қабірін қазып тастаған
Мұдар Қайырбек есімді сириялық тілші содырлардан азат етілген Сириядағы аса ірі қалалардың бірі саналатын Хомс шаһарына арнайы соққан екен. Көзі тірісінде «Алланың қылышы» атанған әйгілі сахаба, қолбасшы Халид бин Уәлид атындағы мешітке ат ізін салып, сұмдық көрііністің үстінен түскен: алтын іздеген содырлар қабірін қазып тастаған екен. «Олардың (содырларды айтып отыр – ред.) ойына Құран да, Пайғамбар да кіріп-шықпайды. Қабірді қазып тастағандарынан осыған көзім жетті», - деді ол күйіне тіл қатып. Бұл жайында «»Вести» ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш қаланы содырлардан азат ету үшін екі жыл кетті.
Палестина Халықаралық қылмыстық сотқа мүше болды
Палестина кеше, яғни, сәрсенбінің сәтінде Гагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа ресми түрде мүше болып енді. Саяси салмағы басым осы айтулы оқиғаға байланысты өтетін шараға Палестинаның Сыртқы істер министрі арнайы Рияд әл-Мәлік қатысып, статуттың көшірмесін алады. Естеріңізге сала кетейік, Израилдің қыспағынан әлемнен оқшауланып қалған Палестина өткен жылдың желтоқсан айының 31-і күні халықаралық осынау ұйымға кіруге өтініш берген болатын. Бұған көнбеген Израил Палестинаға үсті-үстіне экономикалық санкция салып, қылбұрауды қатайта түскен. Нақтырақ айтқанда, палестиналықтардың салығын аудармай қойған болатын. Бұл арада сөз палестиналықтар бюджетінің бүйірін шығаратын 100 млн доллар мөлшеріндегі қаражат турасында болып отыр. Тек өткен аптада ғана палестиналықтардың салығы өздеріне аударыла бастады. Израил тарапы Иордан өзенінің батыс жағалауындағы жағдай ушығып, АҚШ-пен арадағы қатынасқа сызат түсе бастаған соң амалсыздан осындай қадамға барғанын айта кету керек. Палестиналықтар ендігі жерде бұл мүмкіндікті қалт жібермей өз еселерін қайтаруды көздейді. Яғни, мемлекеттер арасындағы пайда болған дау-дамайға төрелік айтатын халықаралық қылмыстық сотқа жүгіну арқылы өткен жылғы талай бейбіт тұрғынның, соның ішінде балалар мен әйелдер де бар, өмірін қиған «Мызғымайтын жартас» деп аталатын әскери жорық жасаған Израилдің үстінен шағым түсіретін болады. Еврей келімсектері өз үйіндей жайлап алған ата қонысын даулайды.
Халықаралық көрме өтуде
Малайзия астанасында сәуір айының 1-і мен 4-і күндері аралығына жоспарланған XII халықаралық көрмесі өтуде. Аталмыш шара алғаш рет 2004 жылы дәл осы Куала-Лумпур қаласында өткен болатын. Мақсат – шариғат талаптарына сай дайындалған жоғары сапалы өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді жұртшылықтың назарына ұсына отырып, халал индустрияның одан ары дамуына серпін беру. Аталмыш шараға әлемнің ондаған елінен арнайы келмек. Биыл осынау айтулы көрмеге алыс-жақ шетелден 20 мыңға тарта мейман келуі мүмкін. Онда 620 павильон болады.
Шариғат шәлісіне қатысты сауалнама нәтижесі
Канадада жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижесіне қарағанда, ел тұрғындарының көбісі қоғамдық орындарда әйелдердің басына орамал тартып жүргенін көргісі келмейтінін жасырмаған. Бұл жайында Winnipeg Free Press ақпарат көзі хабар таратты. Әйтсе де діндар әйелдерге қалай киіну керектігі жөнінде нұсқау беруге болмайды деп есептейді. Үстіміздегі жылдың наурыз айының 20-22 күндері аралығында Abacus Data ұйымы жүргізген сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбісі әйел адамның қоғамдық орындарда бет-аузын тұмшалап алып жүргенін қаламайды, сонымен қатар, шариғат шәлісін жақтырмайтындардың қарасы да аз болмай шықты – 33%. Десе де, респонденттердің 55 пайызы әйелдердің бет-аузын тұмшалап алу мәселесі олардың өз шаруасы деп есептесе, шариғат шәлісіне байланысты осындай пікір білдіргендер саны 73 пайызды құраған. Канадалықтардың 51 пайызы бет-аузын тұмшалап алған әйелдер кездесетін қоғамда өздерін жайсыз сезінетінін жеткізген көрінеді. Ал 22 пайызы шариғат шәлісіне қатысты осындай пікір білдірген екен. Сауалнамаға қатысқандардың 71 пайызы мұсылман әйелдері өз қалауымен бет-аузын тұмшалап алады деп есептесе, 28 пайызы оларды бұған ер адамдар мәжбүрлейді деп санайды.
Мексикада жоғалған студенттердің ата-аналары көмекті картельден сұрады
Былтыр Мексикада қыркүйек айында із-түссіз жоғалып кеткен 43 студенттің туыстары "Лос-Рохос" наркокартелінің жетекшілеріне өтінішпен шықты. Олар балаларын іздеуге тек қылмыстық топтың өкілдері ғана көмектесе алады деген сенімде.
Жоғалған студенттердің ата-аналары билік өкілдеріне сенуден қалған. Өйткені, арада қанша ай өтсе де қылмыстың беті ашылар емес. Дегенмен, биліктегілер болса жастардың жоғалуына жемқорлыққа белшеден батқан полиция өкілдері кінәлі дейді. Болжам бойынша, тәртіп сақшылары студенттерді қылмыскерлердің қолына берген, ал, қылмыскерлер оларды өлтіріп, кейін мүлдем өртеп жіберген.
Әзірге тек бір ғана студенттің өртенген мәйіті табылды. Қалған жастардың ата-аналары мен туыстары аймақта беделі бар наркокартельдің жетекшілеріне өтінішпен шығып, ұл-қыздарын тауып беруін сұрап отыр.
Естеріңізге салайық, өткен жылдың қыркүйек айында Игуала қаласында студенттер наразылық шеруін ұйымдастырып, соңында полиция қызметкерлерімен қақтығысып қалған болатын. Артынша ондаған студент із-түссіз жоғалып кетті.