Иранда АЭС маңында шетелдіктер мен мигранттардың тұруына және жұмыс істеуіне тыйым салынды
|
Иранның оңтүстігінде орналасқан Бушер атом электр стансасынан 5 шақырым радиуста шетелдіктер мен мигранттардың тұруына және жұмыс істеуіне қатаң тыйым салынатын болды. Парсы елінің билігі геосаяси ахуалдың аймақта шиеленісуіне байланысты стратегиялық маңызы зор нысан үшін шетелдік азаматтардан сақтануы да мүмкін немесе Израил тарапынан орын алуы ықтимал шабуыл кезінде шетелдіктердің өмірі үшін қауіппен осындай қатаң шараға барып отыр деуге келеді. Бұл жайында islam.kz порталы Trend.az ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Десе де Бушер провинциясының губернаторының орынбасары Еқсан Жаһанианың бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдегеніндей, мұндай қадамға саяси, әлеуметтік және қауіпсіздік мәселелері бойынша барып отыр. Сондай-ақ, бұл тыйым Генаба, Дейламжәне Асалуиа қалаларын да қамтиды. Бушер АЭС маңында тұратын немесе жұмыс істейтін шетелдіктерге аталмыш қалалардан кетуге талап қойылған. Бұл бұйрықты орындамағандардың уақытша тұруға берілген рұқсаттың күші жойылады, ал шетелдік азаматтың өзі елден қуылады. Тиісті құзыретті құрылымдардың өкілдері Бушер АЭС-і маңындағы елді-мекендерде инспекциялық рейд жүргізетін болады. Осы орайда Иранның Бушер АЭС-інің 1-ші бөлімшесі 2011 жылы жұмыс істей бастағанын айта кетпекпіз. 2013 жылы агрегатты пайдалануға ресейлік атом компаниясы ирандық компанияға берді. 10 жыл ішінде «Бушер» АЭС-і сағатына 65 млрд киловатт электр энергиясын өндірді. Бұған қоса, «Бушер» АЭС-нің 2 және 3 агрегаттарының құрылысы 2017 жылы жалпы аумағын 50 гектарды қамтитын алқапта басталды. Егер бұл агрегаттар пайдалануға берілсе, олардың әрқайсысы 1057 мегаватт электр энергиясын өндіре алады. Осы екі агрегат 10 млн баррел шикі мұнайды немесе жылына 1,6 млрд текше метр газды үнемдеуге және қоршаған ортаға 7 млн. тонна ластаушы газдың шығуына жол бермеуге мүмкіндік береді.