Иран дилеммасы: санкция, мұнай, Ормуз шығанағы...
Иран дилеммасы: санкция, мұнай, Ормуз шығанағы...
6 жыл бұрын 3861 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болса, АҚШ-тың 2015 жылы қол жеткізілген ядролық бағдарламаға қатысты мәміледен шығуына байланысты Иранға бір жақты қайыра санкция салуына орай Иран билігінің Ормуз шығанағын жабатыны турасында мәлімдеме жасағанын, оның арты қандай сценариге ұласуы мүмкін екені жайында хабар таратқанбыз. Иранның негізгі кіріс көзі - мұнай экспортына қатысты санкциядан зардап шексе, Иран билігінің қандай қадамдарға баруға дайын екені турасында да талай айтқанбыз. АҚШ билігі қайткен күнде де Иранды ядролық бағдарламасынан толық бас тартқызуды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта Иранды әлемнен оқшаулап, экономикалық байкот жариялап отыр. Осылайша  экономикалық блокада қалдырып, Иранның қазіргі билігін қайта құрылымдауды жоспарлап отыр. Бұл мақсатына АҚШ жете ме , жоқ па, оны алдағы уақыт көрсете жатар. Біздің айтпағымыз: АҚШ осы мақсатына қол жеткізу үшін жүргізіп жатқан оқшаулау шараларының қаншалықты жүзеге асатындығы. Бірден айтата кететін жайт: Иран мұнайын аса ірі мөлшерде импорттайтын негізгі екі ел - Қытай мен Үндістан. Үндістан АҚШ-тың технологиясына, экономикасына, қару-жарағына көп тәуелді болғандықтан АҚШ-тың Иранға қарсы салған бір жақты санкциясына қосылуы мүмкін. Ал Қытайдың жөні басқа? АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысын былай қойғанда әлемдік геосаясаттағы мүдде қақтығысында Қытай прагматизмі зардап шегуде. Десе де Қытай Иран экономикасын құтқарып қала алмаса да оның түбегейлі күйреуіне жол бере қоймайды. Әлбетте, кезінде айтып өткеніміздей, Қытай ешуақытта Еуропалық инвесторлардың орнын баса алмайды. Өйткені, Иран мұнайын өндірісінің шығынын азайтатын әрі мұнай инфрақұрылымын қалыптастыратын жоғары технологиясы жоқ. Бүгінгі таңда Иран мұнай экспортын арттыруға күш салып жатқан ел. Мәселен, сәуір айында тәулігіне 2,62 млн баррел мұнай экспорттаған екен. Ал мамыр айында рекорд орнатып (тәулігіне 2,7 млн баррел), маусымда бұл көрсеткішті төмендетіп алды - тәулігіне 2,61 млн баррел. Иран мұнайын негізінен мына төрт ел импорттайды: Қытай, Үндістан, Жапония және Оңтүстік Корея. Бұл аталған елдерге күн сайын 1,8 млн баррел мұнай экспортталған. Алайда, күзде Ақ үй қожайыны Дональд Трамптың Иран мұнайын сатып алған елдерге де санкция салатыны турасында ескертпесіне құлақ асқан елдер Иранның мұнайын импорттауды тоқтатса, Иранның жағдайы шынымен нашарлайын деп тұр. Мұндай жағдайда Иран билігі мәлімдегендей, Ормуз шығанағын жабуы мүмкін. Тікелей қарулы қақтығыс қатері төнсе де. Иран билігінің мұндай қатерлі қадамға баруға батылы бара ма? Бар гәп - осында. Қазіргі уақытта Ормуз шығанағынан әлемдік мұнайдың кем дегенде 20%-ы өтуде. Ормуз шығанағы жабылса, әлемдік мұнай нарығы қатты тапшылыққа ұрынады. Бұл өз кезегінде әлемдік энергетикалық дағдарысқа ұласады. Мұнай бағасы бас айналдырар деңгейге шарықтап кетеді - сарапшылардың болжамы бойынша бір баррелі 400 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Сарапшылар асыра айтты деген күннің өзінде кем дегенде бір баррелі 130 долларден кем болмайды. 

(жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат