Иран-Ауғанстан шекарасында 10 шақырымдық дуалдың құрылысы аяқталды
|
Иран әскерінің құрлық күштері қолбасшысы орынбасарының айтуынша, Иран Ауғанстанмен арадағы шекарасында 10 шақырымнан астам дуал құрылысын аяқтады, қосымша 50 шақырымды салуды жоспарлап отыр. Бұл жайында islam.kz порталы eurasiatoday ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бригадалық генерал Назар Немати Ауғанстанмен арадағы шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі Иран армиясының құрлықтағы күштеріне жүктелгенін атап өтті. Иранның солтүстік-шығысында орын тепкен Хорасан-Разауи провинциясы аумағындағы Ауғанстанмен арадағы шекараны ауған мигранттары жиі, заңсыз кесіп өтеді. Осы шекарада ұзындығы 74 шақырымға жететін, биіктігі төрт метрді құрайтын дуал тікенек сымдармен нығайтылады. Иранның ұлттық қауіпсіздік кеңесі осы мақсатта шамамен 3 миллиард еуро бөлді. Бұл қомақты қаражат қарулы күштерге алдағы үш жылда шекараның осы аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы тұста Иран мен Ауғанстан арасындағы шекараның ұзындығы шамамен 950 шақырымды, ал Пәкістан мен Иран арасындағы шекараның ұзындығы 909 шақырымды құрайтынын айта кетпекпіз. Шекарада дуал тұрғызып жатқан жалғыз Иран ғана емес, сонымен қатар, Америка құрама шаттары да Мексикамен арадағы шекарасында заңсыз мигранттардың жолын кесу үшін бірнеше шақырымға созылатын дуал тұрғызуда. Түркия да Иранен арадағы шекарасында дуал тұрғызып жатыр. Түркия Иранмен шекарада ұзындығы 170 шақырым, биіктігі үш метр болатын бетон қабырға тұрғызды (Түркия-Иран шекарасы 560 шақырымға созылып жатыр). Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының мәліметі бойынша бүгінде Иран аумағында 4,5 миллионға жуық ауғандық тұрады. Олардың кем дегенде бір миллионы 2021 жылдың жазында тәліптер қозғалысы билікке келгеннен кейін шекараны қиып өткен. Тек 50 мыңға жуық ауғандық Иранда босқын ретінде тіркелген. Ауған босқындарының дені депортациядан қорқып, көші-қон полициясында тіркелмейді. Оларды арзан жұмысшы күші ретінде пайдаланады. Ауған босқындары Иранда түпкілікті қалғысы келмейді – Иранды уақытша аялдама ретінде қарайды, олар Түркияға өтіп, одан ары Еуропаға жетуді ойлайды. Сол үшін Түркия Иранмен арадағы шекарада дуал тұрғызуда. Иран Ауғанстанмен шекарасын дуал соғу арқылы нығайтуды отыз жылдан астам уақыт бойы жоспарлап келеді. Алғашқы қадамдар 1992 жылы жасалды – содан кейін Систан және Белужстан провинциясындағы шекараны бойлай ұзындығы 30 шақырымдық қабырға салынды. Дуал заңсыз миграцияның алдын алу үшін ғана емес, сонымен қатар, Ираннан Ауғанстанға жанар-жағармай мен есірткінің тасымалдануын тоқтату үшін тұрғызылды.