Йемен шырғалаңы
Йемен шырғалаңы
6 жыл бұрын 5078 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болса, Йемендегі соғыс пен Йемендегі саяси, экономикалық, т.б. ахуал туралы кеңінен тарқатып, талдап талай жазған болатынбыз... Сілтемелері: Йемен қасіреті (http://islam.kz/kk/news/alem/iemen-qasireti-10579/#gsc.tab=0), Йемен шырғалаңы (жалғасы) - http://islam.kz/kk/news/alem/iemen-shyrgalany-jalgasy-10585/#gsc.tab=0Соңы көрінбейтін Йемен шырғалаңы (фото+видео) - http://islam.kz/kk/news/alem/sony-korinbeitin-iemen-shyrgalany-fotovideo-11041/#gsc.tab=0

Бұл тақырыпқа қайта айналып соғуымызға аталмыш елдегі соғыстың тым ұзаққа созылуының астарында не жатқанын бажайлау болатын. Соғыстың жүріп жатқанына төрт жылдан аса уақыт кетсе де осы елде одақтас елдерден гөрі бақталасқа айналған Саудия да, Біріккен Араб Әмірлігі де толық жеңіске қол жеткізе алмай келеді. Аталған екі елдің билігі де әуел баста сүнниттік билікті мойындамай бүлік шығарған шиғалық хусит тайпасын жөнге саламыз деп мәлімдегенімен екі елдің Йемендегі мақсаты мен мүддесі басқа тарапта жатыр еді. Хусит тайпасын тұқырту арқылы Иранның мысын басуды ойлағанымен негізінде Йеменнің стратегиялық нысандары мен табиғи ресурстарын басып қалу болатын. Сондай-ақ, Йеменді түрлі ықпал ету аймағына айналдырып, біртұтас мемлекет ретінде өмір сүруіне барынша кедергі келтіру болатын. Десе де 2000 жылдық йемендіктердің тарихына көз жүгіртсеңіз, өзара руаралық қақтығыстан, діни араздықтан, билікке таластан, т.б. қырықпышақ болып жатса да ірі империяларға іргесін бермеген ел екеніне көз жеткізесіз. Мәселен, Рим және Османлы империяларымен соғыста екі мәрте тойтарыс берген ел. 1967 жылы басқыншы ағылшындарды түре қуды, 1962 жылы аумағына баса-көктеп кірген мысырлықтардың да бетін қайтарды. Десе де Саудияға қарағанда БАӘ жалдамалылары тиімді әрекет етіп, Йеменнің оңтүстігінде көптеген әскери базасын ашып алды. БАӘ билігі мұнымен ғана шектеліп қалмай, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген Сокотро аралында да әскери базаны ашып үлгерді. Ал Саудия Йеменнің шығысында орын тепкен әл-Маһра провинциясын бақылауға алу үшін жанталасуда. Аталған провинцияны өзіне қаратса, ирандықтардың қолындағы Ормуз бұғазын айналып өтетін мұнай құбырын тартуды жоспарлап отыр. Десе де мынаны айта кету керек: Саудия мен БАӘ хуситтермен соғысы ұзаққа созылған сайын хуситтердің позициясы нығайып, әлемдік қауымдастық алдында олардың соғыс жүргізу, билікке ұмтылу мәселесінде заңдық мәртебесін нықтай түспек. Яғни, хуситтер ендігі жерде бүлікшілер емес, өз жерін басқыншылардын азат етуші топ ретінде тану мүмкіндігін арттыруда. 

 

0 пікір
Мұрағат