Йемен иірімі (жалғасы)
Йемен иірімі (жалғасы)
5 жыл бұрын 3078 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Сәуір айының 26-ы күні Йеменнің оңтүстік өтпелі кеңесі автономия жариялап, өз үкіметін жасақтауға кірісті. Мұнымен ғана шектеліп қалмай Адендегі стратегиялық нысандарға блокпост орнатып тастады. Аталмыш кеңес Әбдраббо Мансұр Хадиді бейбіт келісімді бұзғаны үшін айыптап отыр. Сәл шегініс: Оңтүстік және Солтүстік Йемен этникалық, кландық, тіпті, мәдени-діни белгілері бойынша да бір-бірінен айрықшаланады. Йеменнің оңтүстік кеңесінің бұл саяси қадамына Саудия  мен оның Йемендегі хуситтерге қарсы жорығында одақтас болған коалицияғы мүше елдер үзілді-кесілді қарсы шықты. Бұдан бөлек, өткен жылдың қараша айындағы Саудияның қысымымен бекітілген келісім де аяқсыз қалды. Бұл арада стратегиялық тұрғыдан аса маңызды теңіз коммуникациясы жатқан, соның ішінде Баб-әл-Мандеб бұғазын да қамтитын аймақтағы геосаяси жанжал турасында сөз болып отыр. Бұрын да айтып өткеніміздей, Саудия тарапы сайлау арқылы заңды жолмен Хади билігіне қолдау көрсетіп келеді. Ал әу баста Саудияның Йемендегі одақтасы болған Біріккен Араб Әмірлігі бүгінде Оңтүстік Йемен кеңесіне қолдау білдіріп отыр. Түсінікті болу үшін Хади билігі мен Оңтүстік Йемен кеңесі сепаратистері уақытша одақ құрған еді – Йеменнің солтүстігі мен ел астанасы Сана қаласына бақылау орнатқысы келген хуситтерге қарсы. Соған қарамастан Йеменнің оңтүстігіндегі топтар солтүстіктегілер 1990 жылы айырған тәуелсіздігі үшін күресті тоқтатқан емес. Сәл шегініс: Аденді астанасы еткен Йеменнің халық демократиялық республикасы 1967 жылдан 1990-шы жылға дейін өз алдына дербес мемлекет болды. Кезінде Британияның отары болған, кейін социалистік қоғамдық құрылысты таңдаған Йемен халық демократиялық республикасы әлеуметтік-экономикалық даму жағынан да, мәдени деңгейімен де орта ғасырға тән өмір сүру қалыбынан шыға алмаған солтүстіктегіден көп жоғары болды. Тарқатып айтсақ, Оңтүстік Йеменнің билік басындағы ұлттық фронты 1972 жылы Кеңес одағының үлгісімен мемлекеттік басқару жолын таңдады. Осыған байланысты КСРО да Оңтүстік Йеменнің өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына, құрылысына, тіпті, қарулы күштерін қалыптастыруға де көмектесті. Алайда, КСРО әлсіреген тұста Йемендегі кландар арасындағы билікке талас-тартыс қайта өршіп, мұның ақыры солтүстік Йеменмен бірігуді көздеген топтардың ықпалымен 1990-шы жылы Оңтүстік Йемен солтүстікке «жұтылып» тынды. Біріккен Йеменде оңтүстік элитасы барлық шешуші позициядан ығыстырыла бастады. 1994 жылы қайта бөлінуге талпыныс жасалғанымен бұл әрекет те сәтсіз аяқталды. Егер Йемен тарихына үңілсеңіз, әлі күнге орнықты мемлекет құра алмай келе жатқанын байқайсыз. 1994 жылдан бері сепаратистер күш алып, оңтүстік қозғалысты (артынан – Оңтүстік өтпелі кеңес) құрды. Мақсаты - тәуелсіздігін қалпына келтіру. 2015 жылы Иранның қолдауына ие шиғалық хуситтер тобы Солтүстікте билікті өз қолына алды. Тіпті, Аден қаласын да уақытша астанасы етті. Ал оңтүстік аймақ Саудия бастаған коалициямен арадағы әскери операция плацдармына айналды. Азаматтық соғыс пен шетелдік басқыншылардың әскери жорығы кезінде оңтүстік сепаратистері саудиялықтармен уақытша одақтасты әрі бір мезгілде біріккен Йемен құрамынан шығуға талпыныс жасап келеді. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, оңтүстіктің бөлінетінін немесе бөлінбейтінін уақыт көрсетеді. Десе де саудия Йеменнің бөлінгенін қаламайды. Десе де Йемен халық демократиялық республикасы үлгісі бойынша мемлекет құру бүгінгі таңда мүмкін емес. Өйткені, жергілікті тайпалар мен кландар арасында ауызбіршілік жоқ, олардың басын бр тудың астына біріктіретін идеология да жоқ. Бұдан бөлек, кезінде арқа сүйеген КСРО секілді алып держава да жоқ оларға қолдау көрсететін. Иранның немесе Біріккен Араб Әмірліктерінің қолдауы жеткіліксіз. Соған қарамастан ірі геосаяси ойыншылар Араб түбегіндегі осынау елдің Саудияның ықпалы жүрмейтін елге айналғанын қалайды. Бұдан бөлек, Саудия мен Біріккен Араб Әмірлігі арасындағы Йемендегі бәсекелестікті ескерсек, әзірге жергілікті тайпалар мен кландар арасында ауызбіршілік орнайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. (Біріккен Араб Әмірлігі де, Саудия да стратегиялық тұрғыдан аса маңызды Баб-әл-Мандеб бұғазына өз бақылауын орнатқысы келеді). Ал Оңтүстік Йемен автономия ариялайтын болса, тағы бір майдан алаңы пайда болады. Саудия бастаған коалиция мен хуситтер арасындағы майданнан бөлек. Бұл Саудияға да, Біріккен Араб Әмірлігіне де қолайлы емес. Аталмыш бұғазға бақылау орнату мұндай жағдайда қосымша ресурсты қажет етпек. Мұнай бағасы күрт түсіп кеткендіктен аталған екі араб елі бұған мүдделі емес. Бұдан бөлек, Аден қаласына таяуды төпеп жауған тропикалық жауыннан 100 мыңнан аса адам баспанасыз қалды. Ел аумағында тырысқақ індеті жайлаған. Оның үстіне, жығылғанға жұдырық болып тәжді тажал жұқпалы індетіне шалдыққандар тіркеле бастаған.

(жалғасы бар)

Басы мына сілтемелерде: Йемен қасіреті (http://islam.kz/kk/news/alem/iemen-qasireti-10579/#gsc.tab=0), Йемен шырғалаңы (http://islam.kz/kk/news/alem/iemen-shyrgalany-11664/#gsc.tab=0), Йемен шырғалаңы (жалғасы) - http://islam.kz/kk/news/alem/iemen-shyrgalany-jalgasy-10585/#gsc.tab=0, Соңы көрінбейтін Йемен шырғалаңы (фото+видео) - http://islam.kz/kk/news/alem/sony-korinbeitin-iemen-shyrgalany-fotovideo-11041/#gsc.tab=0

0 пікір
Мұрағат