Христиан әйелі шариғат шәлісін жамылып жүруге серт берді
Христиан әйелі шариғат шәлісін жамылып жүруге серт берді
10 жыл бұрын 3246
Ақ жаулықтының мұңы бір дегенді кім айтты?

Канаданың Квебек провинциясының сот төрайымы Элиана Маренго мұсылман әйелінің шағымын қарамайтынын мәлімдеді – басындағы шариғат шәлісін шешпейінше. Бұл жайында Edmonton Sun ақпарат көзі хабар таратты. Біз сөз етіп отырған Рәния әл-Аллиул сотқа ұлының жарамсыз жүргізуші куәлігімен көлік жүргізгені үшін полиция алып қойған көлігін даулау үшін келген болатын. Көлік бір айға тәркіленсе де оны мерзімінен бұрын алу үшін қажеттіліктен сотқа келуге мәжбүр болды. Сот мәжілісіндегі аудио жазбаға қарағанда  сот төрайымы одан басындағы шариғат шәлісін шешіп тастауды талап еткен. «Мәселен, бас киімдер киіп, қара көзілдірік тағуға рұқсат берілмейді. Мен басқа шарф тағатындай себеп көріп тұрғам жоқ»,- деді сот төрайымы. Айта кетейік, 2013 жылы аталған провинцияда мемлекеттік қызметтегі мұсылман әйелдерге бастарына орамал тартып жүруге тыйым салынған болатын. Алайда, аталмыш заң жобасын ұсынған партия сайлауда жеңіліске ұшырағаннан кейін бұл тыйым қабылданбай қалды.   

 

Шариғат шәлісін жамылатын әйелдерді жұмысқа алғысы келмейді

Muslimové.cz жобасын жүзеге асырғандар Чехияда шариғат шәлісін жамылған әйелдерге жұмыс табу оңайға түсетінін немесе түспейтінін анықтау мақсатында тәжірибе жүргізді. Осы мақсатта ассистент немесе әйел адамға ыңғайлы өзге де жұмысқа шақырған 66 фирмаға резюмелер жіберілген. Жұмыс берушілерге жөнелтілген резюмелердің жартысында шариғат шәлісін жамылғандар да жартысы – жалаңбас. Осы 66 фирманың әрбір бесіншісі басына орамал тартпағандарды жұмыс жайында сұхбаттасуға шақырған екен. Ал шариғат шәлісін жамылғандарға бірде-бір фирма хабарласпаған. Соңғы санақ нәтижесіне қарағанда Чехияда 3300-ге тарта мұсылман жамағаты өмір сүреді. Өзге дерек бойынша бұл елде 10 мыңнан 20 мыңға дейін мұсылман бар. Айта кету керек, өткен жылы, яғни, 2014 жылы Чехияның білім беру министрі Марцел Хладек (Marcel Chládek) мектеп оқушыларының егер адамның бетіне дейін бүркемесе, шариғат шәлісін жамылып келуіне ешқандай қарсы емесін мәлімдеген болатын.

 

Христиан әйелі Ұлы Оразада шариғат шәлісін жамылып жүруге серт берді 

Джесси Иган – дініне берік, Иллинойс тұрғыны. Ол сенімді өмірінің мәніне балайды. Сондықтан шығар, оның құрбы-құрдастары Ұлы Оразада басынан жаулығын тастамайтыны туралы шешімін айтқанда таңқалған болатын. Бұл жайында Vocativ ақпарат көзі хабар таратты. Джесси Иган мен оның жұбайы Джефф мұсылмандардың өмір сүру салтына осыдан жеті жыл бұрын Иорданиядағы гуманитарлық миссия кезінде қаныққан болатын. Олар жергілікті мұсылмандармен қоян-қолтық араласып, ислам діні жайында көп мағлұмат алған еді. Біздің кейіпкеріміз 40 күнге созылатын Ұлы Оразада басынан шариғат шәлісін тастамайтыны турасында мұсылман құрбыларына құлаққағыс еткенде олар өз кезегінде өздерінің орамалын ұсынып, қолдау білдірген болатын. Жергілікті шіркеу жамағаты оның игі бастамасын құптап, мұсылман мәдениетін терең білсем деген талпынысына қарсылық білдірген жоқ. 

0 пікір
Мұрағат