Германия бюджетіне қаржының 80%-і шағын және орта бизнестен түседі
|
«Қазақстан 90-шы жылдардың басында болған кедейшілікті еңсерді. Халықтың кірісі көбейді. Мәселен, сол кезде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 300 доллар шамасында болса, ал 2015 жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 10 мың долларға жетті. Кедейшілік халықтың 47 %-ін құраған кездер де болды. Бүгінде бұл көрсеткіш 2-3%-тің айналасында тұр». Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Германия Федеративтік Республикасы Парламенті Бундестагінің депутаты Сибилле Пфайфермен кездесуі кезінде осылай деді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы саяси-экономикалық әріптестікке тоқталған Гүлшара Әбдіқалықова бұл елмен рухани-мәдени саладағы да ынтымақтастық жақсы жолға қойылғанын атап өтті. «Біз Қазақстанда тұратын этникалық немістерге де айрықша көңіл бөлеміз. Қазір қазақ жерінде 180 мың-ға тарта неміс тұрады. Еліміздің көп өңірінде неміс орталықтары бар. Оларға неміс ұлтының мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Ал бүгінгі күнге дейін Германияға кеткен немістердің саны шамамен 900 мың адамды құрайды. Біз олармен де белсенді түрде әріптестік байланыс орнатып келеміз»,– деді Гүлшара Наушақызы.
Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Қазақстанның Германиямен гендерлік саясат төңірегінде де әріптестік орнатуға әзір екендігін жеткізді. «Қазір Парламенттегі азаматтардың 28 %-і, бизнесте жүрген жандардың 50 %-і әйелдер. Шағын және орта кәсіпкерлік саласының тізгінін ұстағандардың 40 %-і де нәзік жандылар. Біз Германияның ұлттық ірі компанияларына әйелдердің көптеп жетекшілік ететінін білеміз. Яғни, сіздердің бұл салада үлкен тәжірибелеріңіз бар деген сөз. Ендеше, бұл бағытта жан-жақты әріптестік орнатуға дайынбыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сибилле Пфайфер өзін арнайы осы елге шақырып, қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына алғысын білдірді. «Мен Қазақстанға мемлекеттің экономикалық тетігін нығайту бағытындағы тәжірибемізбен бөлісуге келдім. Бүгінде Германия бюджетіндегі қаржының 80 %-і шағын және орта бизнестен түседі. Біз шағын және орта кәсіпкерлікті, оның ішінде елді мекендерде өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған әйелдерге қолдау көрсетуге, өзара тәжірибе алмасуға дайынбыз. Германияда шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосатындардың 50 %-і әйелдер. Олардың әлеуеті — жоғары, кірістері — тұрақты. Яғни, әйел кәсіпкерлер Германия экономикасының дамуына белгілі бір мөлшерде қомақты қосып отыр», – деді Бундестаг депутаты. Сондай-ақ, ол Германияның орта және кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын, бұл мақсатта мемлекеттік қолдау көрсетілетінін, мәселен, кәсіпкерлік саласында жүрген азаматтарға берілетін несие өте төмен % -пен берілетінін жеткізді.