Гендерлік квота жобасы қолға алынды
Гендерлік квота жобасы қолға алынды
4 жыл бұрын 2128 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Адам құқығы мен демократиялық құндылықтар толық салтанат құруы әрі зайырлы мемлекет сипатын танытатын атрибуттарды іс жүзінде көрсету өз кезегінде түрлі әлеуметтік реформалармен қатар саяси ерік-жігерді қажет ететін батыл шешімдерді қабылдау мен шалаларды жүзеге асыруды талап етеді. Бүгінде «әйел теңдігі» ұғымын әр қоғам өз дүниетанымы мен ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени аспектірлері аясында түсіндіруге тырысады. Қайшылық пен кереғарлықтан аталмыш ұғым жаңсақ тарқатылып, ұшқары пікірлер айтылып жатады. Уақыт талап еткен міндеттердің үддесінен шығу үшін әр ел өзінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне байланысты талпыныс жасап келеді. Сондай міндеттердің біріне гендерлік теңдікті жатқызады сарапшылар. Мәселен, Ауғанстандағы әйелдердің туу туралы куәлікте анасының аты-жөні әкесінің есімімен қатар жазылуы үшін патриархалдық, консервативтік тәртіптің іргесін шайқауы мүмкін күрес науқаны немесе кәрі құрлықтағы гендерлік теңдікті желеу етіп, саяси ұпай жинайтын саяси ойындар бұл бағыттағы әр елдің қадамы мен қарымының өзгеше екенін танытады. Таяуда Германия билігі компания басшылығына гендерлік квотаны енгізу туралы келісімге келді. Германия канцлері Ангела Меркел Христиан-демократиялық партиясымен және социал-демократтармен келіскен заң жобасында қарастырылған талаптарға сәйкес директорлар кеңесінің құрамына әйел кіруі тиіс – яғни, директорлар кеңесі үш адамнан тұрса, олардың біреуі міндетті түрде әйел болуы тиіс. Бұл жайында islam.kz порталы Financial Times мерзімді басыдымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған ақпарат көзінің хабарына қарағанда, аталған елде 2015 жылы енгізілген гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі мәжбүрлігі жоқ міндеттемелер жүйесі нәтиже бермеген. Алайда, компания өкілдері ел билігінің бұл қадамын өздерінің ішкі ісіне қол сұғумен бірдей әрекет ретінде қабылдап, наразылық білдіріп отыр. Бұдан бөлек, компаниядағы мұндай аса жауапты қызметті алып жүре алатын оған лайықты кандидат әйелдер табыла бермейтінін алға тартып отыр. AllBright Foundation келтірген дерекке қарағанда, DAX индексіне (Германиядағы маңызды қор индексі) кіретін компаниялар басшылығындағы әйелдер үлесі бүгінгі таңда бар-жоғы 12,8%-дан аспай отыр. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 28,6%, Швецияда 24,9%, Ұлыбританияда 24,5%-ды құраған. Осы себепті, Германияның әділет министрлігі хабарлағандай, аталмыш заң жобасы таяудағы бірнеше айдың ішінде қабылданып қалуы мүмкін. Аталған елдің әділет министрі Кристина Ламбрехт білікті әрі ынталы әйелдерге өз қабілет-қарымын танытуға мүмкіндік беретіндерін жария етті.

0 пікір
Мұрағат