Финляндияда қыста жолдарды тоқпен жылытады
|
Әлемде асфальт жол салуда түрлі озық технологияны қолданып, жақсы нәтижеге жеткен елдер көп, деп хабарлайды 24кз.
Мысалы, Германияда салынған жолға кемі 30 жыл кепілдік бар. Яғни, мердігер осы мерзім өткенше техникалық жағдайына жауапты. Ал Финляндия қыстыгүні жолдарды тоқпен жылытып отырады.
Германия жолдары ең сапалы саналады
Неміс автобандары әлемдегі ең үздіктердің бірі саналады. Өйткені, олар көп жыл бүлінбей, өз қалпын сақтап тұратындығымен ерекшеленеді. Оның басты себебі, жол төсеніштері жасалатын материалдар мен оны әзірлеу технологиясында. Мұнда жол жамылғысының астына қиыршықтас, құм мен сазбалшықтан тұратын қабат төселеді. Оның қалыңдығы 2 метрге дейін жетуі мүмкін. Үстіне әк ерітіндісі құйылады да, бәрі араласып, нығыздалады. Мұндай қабат ылғалды ұстап тұра алады. Сонда жол жамылғысы шөкпейді не көтеріліп кетпейді. Осыдан кейін ғана үстіне асфальт төселеді. Ал оның беті қосымша арнайы қорғаныс жабынымен қапталады. Сонда күннің не судың әсерінен асфальт жарылып кетпейді. Бұдан бөлек, шуды азайту үшін Германияда жолдардың бетіне дыбыс оқшаулағыш материал да жағылады.
Исландияда геотермалды сулар жолды жылыту үшін қолданылады
Геотермалды сулары көп Исландия да жолдары ең жақсы елдердің қатарына жатады. Оның бір сыры - осы қайнар көздермен байланысты. Елде құрлықтық плиталар үнемі қозғалып отыратындықтан, олар денсаулық сақтау, туризмнен бөлек, жол құрылысында да пайдаланылады. Жер астындағы ыстық сулар асфальт астымен айналып тұрады. Бұл аязды күндердің өзінде жол бетін қатырмай, ондағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл экологиялық жағынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Сондықтан озық технологияны Швеция мен Норвегия да қолданып отыр.
Финляндияда жолдарды тоқпен жылытады
Ал Финляндияда жолдарды тоқпен жылытады. Ондай материалдар асфальттың соңғы қабатының астымен жүргізіледі. Технология датчиктермен қамтылған. Олар температура белгілі межеге дейін төмендегенде автоматты түрде жылыту жүйесін іске қосады. Демек, ол керек уақытта ғана жұмыс істеп, электр энергиясының артық шығындалуын болдырмайды. Бұл технология жол құрылысы кезінде қымбат болғанымен, кейін өзін-өзі ақтайды. Өйткені, күннің суығында мұз қатып, қайта ерігеннен жолдар бүлінеді. Ал жылыту арқылы жол жамылғысының пайдалану мерзімі ұлғаяды.
Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Ким Тамерлан.
Дерек көзі: 24.kz