Еуропа Қытайдан неге сескенеді?
Еуропа Қытайдан неге сескенеді?
4 жыл бұрын 3053

Қытайдың мемлекеттік компаниялары Еуропаның мемлекеттік сатып алулар нарығына дендеп енуде. Іс жүзінде еуропалықтар қытай үкіметіне өздеріне инфрақұрылым салып бергені үшін қалталарынан қыруар ақша төлеп жатыр. Бұл туралы nege.kz порталы «Уолл-стрит Джорнал» мерзімді басылымына сілтеме асай отырып жазды. 

Басылымның мәліметінше, биыл  қытай компаниялары ЕО аумағында жалпы сомасы 2 млрд еуро болатын тендерлерді ұтып алған, ал бұл былтырғымен салыстырғанда екі есеге көп екен.

Оның сыры мынада: Қытай компаниялары бәсекелестерімен салыстырғанда 30 пайызға төмен баға ұсынады. Еуропалық саясаткерлер бұл айырмашылықты өз компанияларына Бейжің кейін мемлекет есебінен өтеп береді деп санайды. Оның үстіне коронавирус қыспағында қалған көптеген еуропалық мемлекеттің қаржы тапшылығына ұшырағанын да Қытай билігі өз пайдасына шебер пайдаланатын көрінеді. Мәселен қытай компаниялары ақыны бөліп алуға, жұмысты қарызға істеп беруге де дайын.

Басылым тілшілері Бейжіңнің жаһандық коммерциялық алып компаниялар құру саясаты әлемдегі өзге өнеркәсіп атаулыны құлдыратады деп қауіптенеді.

Расында да қазір еуропалық трансұлттық корпорациялар әлем нарығындағы орынын қытайларға беруге мәжбүр. Африка құрылығындағылар қазір неміс, француз, итальян инженерлерінен гөрі қысықкөз қытайларды жиі кездестіретін болды. Таяу Шығыста электр стансалары мен байланыс, инфрақұрылым жүйелерін, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қалаларындағы жерасты жолдарын қазір Аспанасты елінің компаниялары салуда.

Енді электроника, телекоммуникация саласындағы жетекші алпауыт  еуропалық компаниялардың өздері әлемді былай қойып, Еуропа Одағының ішінде өздерін тықсыра бастаған қытай бәсекелестерімен текетіресуге мәжбүр. Және көп жағдайда олар баға жағынан қытай компанияларына төтеп бере алмауда. Оның басты себебі қытай компаниялары құрылыс, қызмет көрсету барысында қолданылатын материалдардың бәрін өз елінен әкеледі. Ал Қытай үкіметі шетел нарығын жаулап жатқан компанияларының зауыт-фабрикаларына үлкен жеңілдіктер беріп қана қоймай, оларға әлемнің кез келген жерінде қаржылай да, саяси да қолдау көрсетуге ұмтылады.

Қытайлар Қазақстанда не істеп жүр?

Өткен аптада Қазақстанның бірінші президенті Н.Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы шақыруымен Бейжіңде өткен «Бір белдеу – бір жол» форумына қатысты. Қытай билігі Елбасын өте жоғары бағалайды. Өйткені 55 қазақ-қытай бірлескен өндірістік жобасын жүзеге асыру бастамасы Н.Назарбаев президент болып тұрғанда көтерілген.  

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның дерегінше, қазір сол 55 жобаның 16-сы аяқталған.  Қазақстандағы бірлескен жобалардың құрылысының қарқынына ризашылығын білдірген елші: «Келесі жылы біздің болжам бойынша тағы 5-6 жоба іске қосылуы керек. Олардың ішіндегі аса маңыздысының бірі шыны шығаратын зауыт болмақ», – деді.

Қазақстандағы 55 бірлескен жобаның жалпы құны – 27,6 млрд доллар. Қытайлар еліміздің экономикасының химия, тау-кен, металлургия, инфрақұрылым, машина жасау, азық-түлік, құрылыс және газ-химия саласына ерекше қызығушылық танытуда.  

Мұның сыртында Қытай Шығыс Қазақстан облысымен шекаралас ауданда жаңа пилоттық аймақ ашу туралы шешім қабылдады. Шыңжаң аймағындағы Тачэн өңірінде трансшекаралық индустриалды парктер ашылады, қаржы институттары құрылады.

Бірлескен жобалардағы екі елдің жұмысшы күшінің үлес салмағы қандай болары бізге белгісіз. Әрине ондағы техника, технология атаулының Қытайдан әкелінетіні, ондағы иероглифтерді жергілікті мамандардың түсінбейтінін ескерсек, кем дегенде инженерлік құрамның Қытай азаматтары болары түсінікті.

Еуропаның өзі төтеп бере алмай жатқан Қытайдың жаңа экономикалық экспансиясының тегеурініне біздің төтеп бере алмасымыз да айдан анық. Қазіргі жағдайды қабылдамасқа амал да жоқтай көрінеді.

Еуропаның Қытаймен нарықтағы байланысы регреске кете ме? 

Financial Times газетінің хабарлауынша, Еуропадағы технологиялық компаниялар мен одақ дипломаттарының Қытаймен нарықтағы байланысы регреске кетуі мүмкін. Бұған себеп – Американың Қытайға енгізген санкциялары. АҚШ сауда министрлігінің қара тізімінде қытайлық бірқатар компаниялар, соның ішінде «Huawei» корпорациясы бар. Өткен аптаның соңында бұл тізімге телефон құрылғыларын өндіретін SMIC (Semiconductor Manufacturing International Corporation) компаниясы да кірді. Осыдан кейін Қытайдағы ең озық чипсет жабдықтарын шығаратын голландиялық ASML компаниясы SMIC өнімдерін сатуға тыйым салды. Бұл жайында qazaqtimes.com ақпарат көзінің талдау материалын ұсынамыз.

Вашингтонның санкциялар режимі, «Америка – бірінші!» (Make America great again!) сауда саясатына сәйкес АҚШ-тың жеке және заңды тұлғаларына Қытай компанияларымен байланыс орнатуға тыйым салынған. Бұл өз кезегінде қытайлық нарықтың деградациясына әкеп соқты. Сол себепті, басқа мемлекеттер де ҚХР нарығынан кете бастады. АҚШ-тың зияткерлік меншік құқығына байланысты Қытайға енгізілген санкциялар басқа елдердің өндірушілеріне де әсер етеді.

Желтоқсанның басында ЕО-ға мүше 17 ел Еуропалық комиссияның қолдауымен «процессорлар мен жартылай өткізгіш технологиялар саласындағы еуропалық бастама туралы» құжатты жариялады. Одақтың экономиканы қалпына келтіруге бөлінген 750 миллиард еуро көлеміндегі қаражатының бестен бір бөлігін алдағы екі-үш жылда жартылай өткізгіштер саласына бөлу қарастырылған.

Мамырда АҚШ сауда министрлігі Қытайдағы жалпы саны 33 жекеменшік компаниялар мен үкіметтік ұйымдарға санкция енгізген. Бірінші қатаң тізіміне ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің Сот сараптамасы институты мен сегіз қытайлық заңды тұлға кірді. Уашингтонда оларға «Қытай қуғын-сүргін науқаны барысында адам құқықтарын таптап, этникалық аз ұлттарды жаппай заңсыз ұстап, еріксіз еңбекке күштеді» деген айып тағылды. Министрлік өкілдері атап өткендей, олардың барлығы 2019 жылы қазанда құрылған санкциялық тізімді толықтырады.

Екінші санкциялық тізімге «Ұлттық қауіпсіздікке немесе Құрама Штаттардың сыртқы саяси мүдделеріне қайшы келетін қызметті жүзеге асырды» деген айыппен 24 үкіметтік және коммерциялық Қытай ұйымдары енгізілген. Бұл ұйымдар Қытайда, Гонконгта және Кайман аралдарында орналасқан. Министрлік АҚШ-тан тауарлар мен технологияларды импорттайтын бұл ұйымдар жаппай қырып-жою қаруын және әскери мақсаттағы технологияларды өндіреді деп санайды. Күні кеше АҚШ «қарулы күштермен байланысы бар» 100-ден астам шетелдік компанияға санкция енгізді. Олардың 45-і ресейлік, қалған 58-і Қытай кәсіпорындары. Сайтта жазылғандай, тізімге енген ұйымдар – Американың халықаралық саясаттағы мүддесіне, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. 

0 пікір
Мұрағат