Еуропа елі АЭС-тан бас тартты. Қазақстанның ұстанымы қандай?
Еуропа елі АЭС-тан бас тартты. Қазақстанның ұстанымы қандай?
5 жыл бұрын 3325 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Кеше, яғни, жұма күні Швейцария аумағында жарты ғасырға жуық жұмыс істеген Мюленберг атом электр стансасы тоқтады. Осылайша еуропалық ел ядролық энергетикадан біртіндеп бас тарту процесін бастады. Бұл жайында Reuters ақпарат ресурсы мәлім етті. Электр өндіру қуаты 373 мегаватты құраған, 1972 жылы іске қосылған көрші жатқан аталмыш АЭС Берн қаласын электр өндіру қуаты жағынан 100 жылдан асатын энергиямен қамтамасыз етті. Мюленберг АЭС-і Швейцария аумағындағы бес атом стансасының бірі. 2017 жылғы ядролық энергетикадан бас тартуға қатысты өткен референдум нәтижесі бойынша жабылып отыр. Осылайша аталған ел жылдан жылға күн, жел, су секілді жаңғыртпалы энергия көздеріне көшіп жатыр. Швейцария билігі ендігі жерде жаңа ядролық реактор құрылысын қолға алмайтынын, ел аумағындағы қалған атом электр стансаларының жұмысын пайдалану мерзімі аяқталғанда тоқтататынын мәлімдеді. Десе де Швейцариядағы өзге атом электр стансаларының жұмысын тоқтатудың нақты уақыты белгіленбеген. Әйтсе де келесі кезекте Германиямен арадағы шекара маңында орын тепкен, 1969 жылы салынған Бецнау атом стансасы жабылуы мүмкін. Аталған елге көрші жатқан Германия да атом энергетикасынан 2022 жылы бас тартуы тиіс. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Швейцария атом электр стансалары 2017 жылы елдегі электрдің шамамен үштен бірін өндірген екен. Ал ел аумағындағы барлық гидростансалардың үлесі 60%-ды құраған болатын. Ал жаңғыртпалы энергия көздерінен алынған электр мөлшері 5 пайыздан аспаған болатын. 

"The Qazaq Times" ақпарат көзінің жазуынша:

Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді Кремльдегі кездесуі кезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей президенті Владимир Путин ұсынған болатын. 3 сәуірде өткен жиында Путин Тоқаев екеуі «бейбіт атом саласындағы серіктестік» жайлы талқылағанын айтқан. Оның сөзінше, «уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді». Қазақстанда салынуы ықтимал атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы таңдалған. Аталған мәлімдемеден кейін, Қазақстан азаматтары станциядан төнетін орасан зор қауіпті айтып, АЭС құрылысынан бас тартуды талап етті. 27 сәуірде президент Тоқаев Семейде өткен жиында: «Атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп, пікірталас туындап отыр. Бұл – күрделі мәселе. 2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан, осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Бұл біздің бүкіл халықтың мүддесіне қатысты болғандықтан, өте күрделі мәселе. Халық пікірі назарға алынады. Соған қарай әрекет етеміз», – деп мәлімдеді. Сонымен қатар, ҚР Энергетика министрлігі Қазақстандағы АЭС құрылысына бола даурығудың қажеті жоқ деп, халықты сабырға шақырған. 

Фотоколлаж: "The Qazaq Times" 

0 пікір
Мұрағат