Ерлер кіре алмайтын мешіт
Ерлер кіре алмайтын мешіт
10 жыл бұрын 3157

Ұлыбританияның мұсылман әйелдері өз ұйымдарын құрып, тек ақ жаулықтыларға арналған мешіт ашпақшы. Бұл жайында «The Guardian» ақпарат көзі хабар таратты. Ерлерге есігін ашпайтын мешітті әйелдердің өзі басқарады. Осы елдегі мұсылман әйелдер кеңесі ақ жаулықты тұрғындармен ақылдаса келе аталмыш құлшылық үйін Брэдфорд қаласынан ашуды жөн көріп отыр. Мұсылман әйелдердің мұндай қадамға баруына мешіттерде түрлі қолайсыздықтарға тап болатыны себеп болған. Белсенді мұсылман әйелдері бұл мәселеде тек ақ жаулықтылармен ғана ақылдасып қоймай, сонымен қатар, имамдармен, ислам ғалымдарымен де кеңескен. Олардың айтуынша, әйелдердің бұл қадамы шариғат талаптарына теріс келмейді. АҚШ-та пайда болған осындай мешіттердегі секілді бұл құлшылық үйінде өтетін жұма намазына әйел адам имам болмайды. Белсенділердің бірі Бана Гораның (суреттегі – ред.) сөзіне қарағанда, көптеген мешіттерде «патриархалдық құрылым» үстем еткен, яғни, әйелдердің талап-тілегі ескеріле бермейді. Нақтырақ айтқанда, әйелдер бас қосып отыратын, мәжіліс құратын, ғибадат ететін орын бөліне бермейтін көрінеді. Айта кетейік, әйелдер мешіті, әсіресе, іргеміздегі Қытайда көптеп ашылған. Қытайдағы ақ жаулықтыларға арналған мешіттерде тек әйелдер уағыз айтып, жұма намазына имам болып жүр.

0 пікір
Мұрағат