Емшектегі сәбиі бар жас отбасы зауытта тұрады
|
«31 арнаның» хабарлауынша, емшектегі сәбиі бар жас отбасы Алматыдағы шлак-бетон зауытында тұрып жатыр. Балалар үйінің түлегі Серік Әшірбаев бұрын құрылыста жұмыс істеген. Осыдан бір жыл бұрын отағасы жазатайым оқиғадан жарымжан боп қалған еді, дәлірегі, үшінші қабаттан құлап, содан бері ауыр жұмысқа жарамай қалған болатын. Қазіргі уақытта ол аталған зауыттың ауласын сыпырып жүр. Оның тапқаны тамақтарынан артылмайды, тіпті, жетпей қалатын кездері болады. Сегіз айлық Мұхаммедтің ай сайын берілетін, 10 мың теңге жөргекақысы ғана тұрақты кіріс көзі болып отыр осы отбасының. Тапқан-таянғандары тек аса қажетті нәрселерге ғана жұмсалады. «Кейде тамақ ішпейміз. Мешітке барамыз. Ол жерде әруақытта азық-түлік бола бермейді. Осылайша аш қаламыз. Не істерімізді білмейміз, ешкім қарызға ақша бермейді. Таныстарымыз да жоқ сұрай қоятын»,- деді Мұхаммедтің анасы Тілектес Дүйсебаева. Бұл жас отбасы өздері тіркелген Талғар аудандық әкімдігінен көмек сұраған екен. Шенеуніктер оларды үйдің кезегіне қойды. Олар көмекке өте зәру.