Электрлі вейкборд су үстінде жүйткуге мүмкіндік береді
|
Су үстімен толқынды қуалап жүйітку кейінгі кезде көңіл көтерудің, демалудың, ең бастысы, қатерлі болғанымен денсаулыққа пайдалы спорт түріне, тіпті, сәнге айналды. Көміртекті талшықтардан жасалған, электр қуатымен жүретін Radinn тақтайшасымен су үстінде сағатына 46 шақырымды артқа тастауға болады. Бұл құрылғыны Филипп Вернер есімді швед ойлап тапты. Оған бұл құрылғыны жасап шығаруға инженер достары көмекке келген. Аталмыш вейкборд биыл үстіміздегі жылдың мамыр айында жұртшылықтың назарына ұсынылды. Келесі жылы саудаға шығарылатын жаңа вейкборд 15000 еуро тұрады. Radinn тақтайшасы кермек суға төзімді реактивті қондырғымен, литилік батарейкамен жабдықталған. Салмағы – шамамен 29 келі. Оның жылдамдығын қашықтан басқарылатын пультпен басқаруға болады. Radinn тақтайшасын пайдаланған кезде бір батарейканың қуаты жарты сағатқа, яғни, 30 минутқа жетеді. Radinn – Radical Innovation сөз тіркесінің қысқартылған түрі, ағылшыншадан аударғанда «Радикальды инновация» деген мағынаны білдіреді. Десе де, Radinn – реактивті қондырғымен жабдықталған алғашқы вейкборд емес. 2013 жылы неміс компаниясы бағасы 13600 еуро тұратын электрмоторлы тақтайшаны саудаға шығарған болатын.