ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҰЙҒЫР КОНГРЕСІНІҢ БАСШЫСЫ РАБИЯ ҚАДЫРДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА БИЗНЕСІ БАР
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҰЙҒЫР КОНГРЕСІНІҢ БАСШЫСЫ РАБИЯ ҚАДЫРДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА БИЗНЕСІ БАР
8 жыл бұрын 3652 qamshy.kz/ Айғаным Біртуар

Қытайдағы ұйғырлардың жеке бөлініп шығуын көздейтін Ұйғыр конгресінің президенті Рабия Қадырдың аты Шыңжаңдағы оқиғалар кезінде жиі аталғаны белгілі. Бүгінде АҚШ-та тұратын Рабия Қадырдың өмірінен кейбір мағлұматтарды назарларыңызға ұсынамыз. Ол 1947 жылы Шығыс Түркістанда туған. 1965 жылы Сидік Рузиге тұрмысқа шығып, Үрімшіге қоныс аударған. Осы қалада ол ұйғыр ұлттық киімдерін сатумен айналысады. Кеңес Үкіметі тарағанда одақтас елдермен сауда байланысын орнату мақсатында «Akida Industry and Trade Co» деген компания құрады. Бұл компания Ресей, Қазақстан, Қытай арасында сауда-саттықпен айналысады. Рабия Қадырдың бұдан бөлек «Kadeer Trade Center» деген компаниясы бар. Бизнестен бөлек Рабия Қадыр ұйғыр этносының бостандығы үшін күресуші саясаткер ретінде танылған. Ол ресми Пекиннен ұйғырларға бостандық беруді талап етіп, бірнеше рет талап хат жазған. Бірақ оның барлық талпыныстары сәтсіз аяқталды. 1997 жылы Құлжадағы оқиғадан кейін Парламентте Қытай үкіметін ашық сынаған Рабия Қадыр «Халықтық кеңестен» шығарылады. Паспортынан да айырылады. Бұл кезде оның күйеуі Сидік Рузи (екеуінің 11 баласы бар) АҚШ-та тұратын. Сидік Рузи де қытай саясатына қарсы ұйғыр күрескерлерінің бірі. Рабия Қадырды қытай полициясы 1999 жылы АҚШ конгресі өкілдерімен кездесу үшін Үрімшіге барған жерінен ұстап әкетеді. Сөйтіп 2000 жылы «мемлекеттік құпияны жария еткені үшін» деген айып тағылып, абақтыға қамалады. 2004 жылы түрмедегі Рабия Қадырға адам құқығы үшін күресі үшін Рафто сыйлығы беріледі. Көп ұзамай ол АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райстың Қытайға сапары алдында елден шығарылады. Бірақ, ол АҚШ-тағы отбасымен бірге ұйғыр мүддесі үшін күресін жалғастырады. 2007 жылы Рабияның Абликим деген ұлы «сепаратизмге қатысқаны» үшін деген айып тағылып, 9 жылға қамалады. Ал 2006 жылы Алим деген баласы 7 жылға сотталып, мойнына 62500 $ айыппұл жүктеледі. Кахар Абдурехим деген баласы салықтан жалтарғаны үшін 12500 $ айыппұл төлейді. 2007 жылы жазда Прагада Рабия Қадыр АҚШ президенті Джордж Бушпен кездеседі. Америкада Қытай үкіметінің ұйғырларға қатысты саясатын өзгертуге шақырған резолюция қабылданады. 2009 жылы Джефф Дэниэлс деген режиссер Рабия Қадыр туралы фильм түсіріп, Мельбурн халықаралық фестиваліне ұсынады. Бұған наразы болған қытай тарабы аталмыш кинофестивальге қатысудан бас тартады. Рабия Қадыр қазақстандық журналистерге де тікелей сұхбат берген. 2010 жылы 4 наурызда «Қазақстан Заман» басылымында жарияланған сұхбатында Рабия Қадыр балалық шағы тауқыметпен өткенін және 15 жасында тұрмысқа шыққанын айтқан. Рабия Қадыр бұл сұхбатында балаларының барлығын ұлттық рухта тәрбиелегенін айтады. Ол Қытайдың ең бай бес адамының қатарында тұр. «Қытай кәсіпкерлері жұмысыма кедергі келтірді» деп айыптаған ол қалай болғанда да өзінің жолы болғыш екенін жасырмайды. Рабия Қадыр Қазақстанда да бизнес ашқан. Оның Алматы және Талдықорғанда жеке сауда орындары бар. «Маған бұл істе спортшы, күрескер Аманжол Бұғыбаев пен оның әйелі Сарбала көмектесті. Мен Қазақстанда өз бизнесім бар екенін жасырмаймын» дейді Рабия Қадыр. Рабия Қадыр Қытайдан жеке бөлініп шығуды көздейтін ұйғырлар ешқашан мойымайтынын және бұл жолда ешқашан кері шегінбейтінін айтады. Ол бизнесінен түскен ақшаның бір бөлігін Шығыс Түркістандағы көтерілісшілерге беретінін де ашық айтты.  

0 пікір
Мұрағат