Дүниежүзілік гуманитарлық саммитте босқындар мәселесі талқыланды (видео)
|
Ыстамбұл шаһарында басталған Дүниежүзілік гуманитарлық саммитінде босқындар мәселесі кеңінен талқыланды. Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Сирияда 5 жылға созылған азаматтық соғыстан 11 млн халық үйлерінен безіп, шетел асуға мәжбүр болған. Ал олардың бүгінгі жағдайы көңіл көншітерлік емес. Біріккен Ұлттар Ұұйымының 70 жылдық тарихында алғаш ұйымдастырылған алқалы жиын адамзат құндылықтары мен мұқтаж жандарға қолұшын созуға арналды. Халықаралық мінберден сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун әлем елдерін гуманитарлық көмек көрсетуге шақырды. Дүниежүзілік гуманитарлық саммиттің қос құрлық Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан Ыстамбұл қаласында өтуі бекер емес. Өйткені, түрік елі бүгінде әлем бойынша ең көп босқын қабылдаған елдердің көшін бастап тұр. Бір ғана Сириядан 2 млн-нан астам адам осы елді паналауда. Алайда, мемлекет қақпасын келімсектерге ашу бір бөлек, ал олардың ары қарай күнкөрісін қамтамасыз ету жағы өте маңызды. Мысалы, алқалы жиында БҰҰ жер жаһанда қақтығыстардың кесірінен 40 млн-нан аса адам үйін тастап кетуге мәжбүр деген ақпарат таратты. Солардың тең жартысы қауіпсіздік үшін шекара асады екен. Халықаралық тұрғыда бұл өзекті мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу қажеттігі айтылды. Әлемдік деңгейдегі саяси көшбасшылар кескілескен қақтығыстарды біржола тоқтатуға қолғабыс етулері тиіс. Ян Элиассон, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары: - Біз халықаралық гуманитарлық құқықты қорғауымыз тиіс. Себебі, халықаралық құқыққа құрметтің жоқтығы әлемге айтарлықтай нұқсан келтіріп жатқанын көріп отырмыз. Азаматтық қоғам қорғалмаған, ал ауруханалар мен мектептер шабуыл астында қалуда. Женева конвенциясы мен халықаралық гуманитарлық құқықтың елеусіз қалған жайттарын осылайша тізіп айтуға болады. Сондықтан, біз халықаралық гуманитарлық құқықты қатаң сақтауға шақырамыз. Гуманитарлық саммитте талқылауға түскен өзекті тақырыптардың бірі – білім жүйесі. БҰҰ Таяу Шығыс аймақтық агентігінің дерегі бойынша соңғы 5 жылда Таяу Шығыстағы 692 мектептің 44%-ы қарулы қақтығыстан зардап шеккен. Соның кесірінен Сирияда 118 мектептің 70%-ы жабылып қалған. Тіпті, бейбіт заман кешіп отырған Түркияның өзінде 600 мың босқын баланың 200 мыңы оқу ордасының табалдырығын әлі де аттай қоймады. Қоғамдық ұйымдар бұл келеңсіздіктердің орнын толтыру үшін гуманитарлық көмек берудің кешенді бағдарламасын қабылдауды ұсынады. Керем Кынык, «Түркия Қызыл жарты ай» қоғамының төрағасы: - Бүгінгі отырыста Сирия дағдарысы кеңінен сөз болды. Ал 5 жылдың ішінде осы елде болған азаматтық соғыстың салдарынан 11 млн халық шетел асты. Қазіргі таңда Түркияда 3 млн босқын тұрады. Оның 600 мыңы жастар екенін ескерсек, оларға білім беруіміз шарт. Алайда, шекаралық аймақтарда оқу ордаларының тапшылығы сезіледі. Біздің ұйым Хатай провинциясында екі мектеп ашты. Бірақ, ол да аздық етеді. Сол себепті, гуманитарлық көмекке аса мұқтаж екендігімізді жасырмаймын. Халықаралық қауымдастық шиеленіскен қақтығыстар мен табиғи және техногенді апаттардан зардап шегушілердің қарасы артып отырғанына алаңдайды. Қазіргі таңда жер жаһанда көмекке зәру адамдардың саны 130 млн-ға жетіпті. Оның 60 – млн-ы босқындар. Сондықтан, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун әлем елдерінің көшбасшыларынан гуманитарлық көмек көрсетуде аянып қалмауын сұрады. Саммиттің қорытындысы бойынша Ыстамбұл декларациясы қабылданады, деп, жоспарланып отыр.
Әлем бойынша 130 миллионнан астам адам гуманитарлық көмекке мұқтаж
Ыстамбұлда Дүниежүзілік гуманитарлық саммит қарсаңында өткен Академиялық форумда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Стивен О’Брайен осындай статистика келтірді. Саммитке 177 елдің делегаттары қатысуда. Тізімде 65-ке жуық Мемлекет және Үкімет басшылары бар. Олар соғыс және табиғи апаттан зардап шеккен жандарға жәрдем беру жайын талқылауда. Дүниежүзілік гуманитарлық саммиттің ресми отырысан бөлек, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық қорлардың қатысуымен жиырмадан астам іс-шаралар өтеді. Саммиттің соңында «Ыстамбұл декларациясы» қабылданады деп жоспарлануда. Пан Ги Мун, Бірккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы: - Мен бұл саммитті 4 жыл бұрын өткізуді ұсынған едім. Осы уақыт ішінде 150 елден 23 мың адаммен кездесу өткізіп үлгердік. Әлемдегі көмекке мұқтаж жандардың тағдыры бізді қатты алаңдатады. Отанындағы зорлық-зомбылық салдарынан қаншама адам үйлерін тастап, босып жүр. Бүгінде бұл ең маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан, саммитке әлем жетекшілері мен түрлі халықаралық ұйым өкілдері шақырылды. Бәріміз бірігіп, түйткілдің түйінін тарқататындай бір шешім қабылдауымыз керек.