Дубай тұрғындары цифрлы активтерін мұраға қалдыра алады
Дубай тұрғындары цифрлы активтерін мұраға қалдыра алады
1 ай бұрын 959 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Дубай халықаралық қаржы орталығында (DIFC) орналасқан Дубай соттары цифрлық актив иелеріне оларды кастодиандық емес криптоәмиян арқылы таратуға мүмкіндік беретін цифрлық активті мұраға қалдыру бастамасын көтерді. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Khaleej Times ақпарат көзіне жөн сілтеген BUSINESS EMIRATES дерек көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мұндай әмиян адамға цифрлық активтерін қалаған бенефициарларына қайта бөлуге және олардың қаражатын өмір бойы толық бақылауына мүмкіндік береді, бұдан бөлек, мұндай активтерді «арнайы сыйлық» ретінде тарту етуге болады. Әмірлік инвесторлары мен тұрғындары мұндай әмиянға әлемнің кез келген жерінен қол жеткізе алады және бейнебайланыс арқылы Дубайда орналасқан ішкі бақылау маманымен кеңесе алады. Қазіргі уақытта әмиян цифрлық активтердің келесі түрлеріне қолдау көрсетеді: ETH, BTC, MATIC, USDC, USDT және HBAR. Болашақта басқа криптовалюталар да қолдауға ие болады. Бұл бастама дүйсенбіде Дубайдағы дүниежүзілік сауда орталығында басталған Global Gitex 2024 көрмесінде көтерілген еді. Цифрлық активтер индустриясы жаңа технологиялардың дамуы мен цифрлық активтердің жаңа түрлерінің пайда болуына байланысты БАӘ-де де, бүкіл әлемде де дамудың даңғылына түсті. Тұтынушылар онлайн режимінде мұрагерлікті рәсімдей алады және тіркеуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған онлайн қызмет пен виртуалды өсиет тізілімін пайдалана алады. Дубай соттарының өкілдері мұрагерлік өсиетті, сонымен қатар, бұлтқа негізделген сақтау орны және заманауи жергілікті DIFC деректер орталығымен және қосымша сақтық көшірме деректерімен қолдау көрсетілетін онлайн деректер қоймасы ретінде жұмыс істейтін tejouri жаһандық сандық репозиторийінде орналастыруға болатынын хабарлады. Барлық мәліметке актив иесі мен активті алушылар ғана қол жеткізе алады. Бұған қоса, Дубай соттарының өкілдері БАӘ-де алғаш рет құжаттарды ағылшын тілінде нотариалды куәландыруды қамтамасыз ететін нотариаттық қызметтің іске қосылғаны туралы хабарлады. Сервис пайдаланушыларға үш қызмет түрін ұсынады: автоматтандырылған, яғни, өзіне-өзі қызмет көрсету, виртуалды қызмет көрсету жүйесі және жеке қызмет көрсету. Қызметті пайдаланушылар бастапқы көзді тексеру арқылы аутентификация қызметін де пайдалана алады. Сонымен қатар, әрбір құжатқа электронды немесе физикалық мөртабан басылады және мөр қойылады, сондай-ақ, нотариалды куәландырылған құжаттар блокчейндегі уақыт белгісімен нотариалды куәландыру оқиғаларын жазу арқылы Hedera Blockchain қолдайтын жетілдірілген криптографиялық әдістерді қолдана отырып тексеріледі. Нотариалды куәландыруға қабылданатын құжаттардың түрлеріне өсиет (мұрагерлік хат), сенімхат, сауда лицензиясы, құқық куәлігі, медициналық анықтама, неке туралы куәлік және банк көшірмелері, т.б. кіреді.

0 пікір
Мұрағат