Дінді қорлағаны үшін мың жарымдай адам жазаланды
Дінді қорлағаны үшін мың жарымдай адам жазаланды
3 жыл бұрын 2625 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті. Фото: Fayaz Aziz / Reuters

Таяуда Пәкістанда Салма Танбір (Salma Tanveer) есімді әйел өзін пайғамбармын деп дүйім жұртқа жариялағаны үшін өлім жазасына кесілді. Бұл жайында islam.kz порталы The Independent ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Нақтырақ әрі тарқатып айтсақ, Мұхаммед Мұстафадан (Алланың сәлемі мен игілігі болсын. Ол соңғы әрі күллі адамзатқа жіберілген пайғамбар) кейін өзін пайғамбар санаған Пәкістанның Лахор қаласының тұрғыны бұрын мектеп директоры болып білім беру саласында қызмет істеген. Оған тағылған айыптауда айтылғандай, ол өз жанынан діни ілім жазып, Мұхаммед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) соңғы пайғамбар екенін жоққа шығарған. 2013 жылы жергілікті полиция оның үстінен қылмыстық іс қозғады. 2021 жылдың қыркүйек айының 27-і күні Пәкістан соты оған 50 мың рупи мөлшерінде айыппұл салды әрі өлім жазасына кесетін үкім шығарды. 22 беттен тұратын айыптауда оны «Пайғамбар Мұхаммедті қорлады» деп айыптады. Қолданыстағы заңнама бойынша оның ақыл-есі ауысқаны тиісті медицина мекеме тарапынан анықталса, оған мұндай ауыр жаза қолданылмас еді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, 1987 жылдан бері аталған мұсылман елінде кем дегенде 1472 адам дінді қорлағаны үшін айыпталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жалпы әлемде дінді қорлағандарға өлім жазасы қолданылатын жеті мұсылман мемлекеті бар: Пәкістан, Саудия, Мавритания (Мавритания ислам республикасы), Судан, Иран (шиғалар елі), Мальдив аралдары және Ауғанстан. Аталған  елдердегі дінді қорлағаны үшін өлім жазасына кесілгендер туралы нақты мәлімет жоқ. Осыдан 8 жыл бұрын іргетасы 1952 жылы қаланған International Humanist and Ethical Union (IHEU) зайырлы қоғам құндылықтарын, гуманизмді насихаттайтын халықаралық ұйымы келтірген дерекке қарағанда, мәселен, Суданда исламнан шыққан ел азаматы өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Ал Иранда негізгі төрт діни жамағат бар: шиғалар, Заратуштра ілімін ұстанатындар, христиандар және иудейлер. Атеистер бұл елде адам санатында болғанымен азаматтық құқыққа ие емес (аталған ұйымның мәліметі бойынша), яғни, саяси науқандарда, мәселен, сайлауда дауыс беру құқығына ие бола алмайды, т.б. Керісінше елімізде (Қазақстанда) осыдан бірер күн бұрын атеистер құқығын қорғау туралы бастама көтерілген болатын. Мемлекет деңгейінде. Дәлірегі, Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан діндарлармен қатар атеистер құқығы да заңмен қорғалуы тиіс. деп есептейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты дін істері жөніндегі комитет жетекшісі Ержан Нүкежанов. Осыған байланысты елдегі дін туралы заңға тиісті түзетулер енгізілетінін мәлімдеген болатын. .

0 пікір
Мұрағат