Босқындар туралы жаңалықтар
Босқындар туралы жаңалықтар
10 жыл бұрын 5338
Босқындар бұрынғы гестапоның азаптау лагерінде тұрып жатыр

Германияда Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан келген 21 босықын Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі фашистердің қаһарлы түрмесінде, дәлірегі, бұрынғы гестапоның (фашситердің құпия полициясы – ред.) азаптау абақтысында – Бухенвальд концентрациялық лагерінде тұрып жатыр. Босқын ерлер мен әйелдердің мұнда тұрып жатқанына бірнеше айдың жүзі болған. Олардың әрбіреуіне азық-түлік және өзге де керек-жарақтарын сатып алуы үшін 135 еуро берілді. Кейінірек олар тұрақты баспанаға жөнелтіледі. Ел билігінің айтуынша, мұндай қадамға амалсыздан барып отыр. Өйткені, қаптаған босқындарды орналастыру үшін орын жетіспей жатыр. Бұл жайында Islam-today ақпарат көзі хабар таратты. 

 

Германия босқындарға жағдай жасауда

Берлин қаласының  BVG көлік компаниясының өкілдері хабарлағандай, босқындар қала ішінде адасып, бағытынан жаңылмасы үшін араб тілінде метрополитен картасын шығарды. Яғни, бұл әрекет босқындардың қоғамға тез сіңісіп кетуі үшін жасалған алғашқы қадамдарының бірі болып табылады. Бұл жайында аталмыш көлік компаниясының сайтында айтылған. Мұндай картаның бес мың данасы жасалған екен. Әзірге. Айта кетейік, Германия билігі Еуропаға жаппай ағылған босқындармен бірге содырлардың да ЕО аумағына еніп кету қаупін жоққа шығармайды.

 

Осы жылдың соңына дейін Германияға миллион босқын келуі мүмкін   

Германияға жыл аяғына дейін шамамен бір миллион босқын келуі мүмкін. Германияның барлық аймағының басшылары мигранттарды орналастыруға енді шамасы келмейтінін алға тартып отыр. Бұл жайында Германия федералды республикасының экономика және энергетика министрі әрі вице-канцлер, Германияның  Социал-демократиялық партиясының мигранттар жөніндегі төрағасы Зигмар Габриэлдің мәлімдемесінде айтылған. Оның бұл мәлімдемесі қыркүйек айының 14-і күні аталмыш партияның ресми сайтында жарияланған. Ол, сондай-ақ, Еуропаға ортақы мүндай мәселені тек бір елге ысырып қоймай, жұмыла шешуге шақырды. Дәлірегі, Еуропалық одаққа мүше елдерді де бұл мәселені шешуге атсалысуға үндеді. Яғни, босқындарды әр ел әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне қарай теңдей етіп бөліп алуды ұсынды. 

 

Ағылшындар сириялық босқындар ісімен айналысатын министрлік құрды 

Ұлыбритания билігі елге келетін 20 мың босқынның ісімен айналысатын министрді тағайындады. Бұл жайында премьер-министрдің кеңсесі хабарлады. Бұл жауапты қызметке парламент мүшесі Ричард Харрингтон бекітілді. Ол үкіметтің 20 мың сириялық босқынды қоныстандыру жөніндегі жұмысын жүргізетін болады. Сондай-ақ, аймақтарға орналастырылған сириялық босқындарға үкімет тарапынан берілетін көмекті үйлестіру жұмыстарымен айналысады.

 

Босқындар үшін қысқа белдемшеге тыйым салынады

Латвияның білім беру министрлігі мәлімдегендей, ел аумағында босқындар қарасының артуына орай, яғни, мұсылмандардың көбеюіне байланысты мектеп қабырғасында оқитын оқушы қыздарға бұдан былай қысқа белдемшемен сабаққа келуге тыйым салынады. Қазіргі уақытта бұл елде босқындар қарасы аз болғанымен алдағы уақытта көбейетін болады.

 

Сауд Арабиясы 2,5 млн сириялық босқынды қабылдаған 

Саудия мемлекеті 2,5 млн сириялық босқынның үйіне айналған. Аталған ел билігі әлем қауымдастығы тарапынан өз атына айтылған сириялық босқындарға қатысты сынның негізсіз екенін мәлімдеді. Сауд Арабиясы Сириядағы азаматтық соғыс басталған кезеңнен, дәлірегі, 2011 жылдың көктем мезгілінен бері  шамамен 2,5 млн сириялық босқынды қабылдағанын жайып салды. Сириялық босқындар бұл елде еркін жүріп-тұрады. Былайша айтқанда, елдің байырғы тұрғындарымен бірдей құқыққа ие: тегін медициналық қызмет көрсетіледі, еңбек етуге, жұмысқа тұруға құқылы. Бұған қоса, Сауд Арабиясында босқындарға гуманитарлық көмек ретінде шамамен 700 млн доллар қаражат бөлген. 100 мыңнан аса сириялық студент бұл елде тегін білім алып жатыр. 

0 пікір
Мұрағат