Бірыңғай экстрасенстерден тұратын арнайы жасақ құрылуы мүмкін
Бірыңғай экстрасенстерден тұратын арнайы жасақ құрылуы мүмкін
6 жыл бұрын 3179 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Times британиялық ақпарат көзінің Том Парфитт (Tom Parfitt) есімді авторының жазуынша, Ресей Федерациясы қарулы күштерінің сапында енді экстрасенстер де қызмет етуі мүмкін. Яғни, телепатия көмегімен майдан даласындағы тұзақты анықтайтын әрі қолға түскен әскери тұтқынды тергейтін экстрасенстерден тұратын арнайы жасақ құрылуы мүмкін. РФ қорғаныс министрлігі де бұл деректі растаған көрінеді. Автордың айтуынша. Аталмыш арнайы жасақ Шешенстандағы әскери әрекет кезінде бірқатар "парапсихологияның әскери әдіс-тәсілдерін" меңгерген көрінеді. Бұл жайында РФ Қорғаныс министрлігіне қарасты «Армейский сборник» деп аталатын ресми мерзімді басылым мәлім еткен. Олардың қабілеті жауды қоян-қолтық ұрысқа түспей-ақ жеңуге бағытталмақ. Құлаққа тосын, тіпті, ерсі естілетін, адам ақылына сыймайтын мұндай супер құпия бөлімше 2009 жылы экраннан көрсетілген, басты рөлде Джордж Клуни (George Clooney)  ойнаған "Ессіз арнайы жасақ: ешкіге қарсы әскери гипноз" (The Men Who Stare at Goats) деп аталатын фильмді еске түсіреді. Аталмыш картина 1970-ші жылдары орын алған нақты оқиғаға негізделген. Онда америкалық әскерилер паранормалды құбылысты зерттеуге тырысқан болатын. "Метаконтакті" технологиясын меңгерген адам қолға түскен жау тұтқынының ойын оқып, оның әлсіз және күшті жақтарын білетін болады. "Болашақ соғысының супер сарбазы" деп аталатын мақалада айтылғандай, мұндай қабілет өз кезегінде сарбазға жаралы жауынгерді емдеуге, өзге тілді үйренуге, тұзақты анықтауға, жаудың құпиясын білуге, қоймасын табуға, т.б. көмектеседі-мыс. Ойды бағыттау арқылы, мәселен, компьютерлік бағдарламаны істен шығаруға, генератордағы кристалды күйдіруге, тың тыңдауға, коммуникация, байланысты үзуге, т.б. болады-мыс. Десе де Ресей ғылым академиясының жалған ғылымдармен күрес жөніндегі комиссия жетекшісі Евгений Александров парапсихологияның барын сандыраққа балап, жоққа шығарып отыр. "Мұндай жұмыстар расында да болған және жасалған, алайда, олардың бәрі құпияланған. Көптеген елде мұндай зерттеулер жалған ғылым ретінде танылған",- деді ол. 

0 пікір
Мұрағат