"Бір белдеу - бір жол" жобасына бәсекелес бастама
"Бір белдеу - бір жол" жобасына бәсекелес бастама
6 жыл бұрын 5016 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" жобасына балама пайда болды. Алайда, бұл балама жоба қытайлардың "Бір белдеу - бір жол" жобасына бәсекелес бола ала ма? Бұл сауалдың жауабын бермес бұрын алдымен ол қандай балама жоба екенін айта кетейік. Қытаймен бақталас Үндістан мен Жапония сарапшылары бұрын "Жібек жолының экономикалық белдеуі" деп аталған жобаның қытайдың "Бір белдеу - бір жолына" лайықты бәсекелес бола алатынын айтып отыр.  Үндістан мен Жапонияның Қытай жобасын айналып өтуге мүмкіндік беретін бұл бастамасы Африка құрлығымен интеграцияны жандандыруға септігін тигізбек. Әлбетте, "Бір белдеу - бір жол" жобасын Азиясыз, соның ішінде, Азиядағы аса ірі екі ойыншы - Жапония мен Үндістансыз елестету мүмкін емес. Өйткені, Азия - Қытайдың өзі орналасқан құрлық болғандықтан, алыстан арбалағанша жақыннан дорбалауға қолайлы мүмкіндік беретін Азия елдері Қытайдың негізгі ареалы болып табылады. Десе де осы жылдың мамыр айында Қытай астанасында "Бір белдеу - бір жол" жобасына қатысты өткен айтулы жиынға Үндістан өкілі келмегені көп нәрсені аңғартты. Қытаймен жер дауы бар әрі геосаясатта бәсекелес, бұдан бөлек Қытайдың Үндістанмен Кашмир даулы аймағы бойынша қырғи қабақ Пәкістанға барынша қолұшын созып, әскери, саяси, экономикалық байланыс орнатқаны да Үндістанның саяси мүддесіне қайшы. Бұл алқалы жиында Жапония өкілі де төбе көрсетпеді. Бұған Қытай мен күншығыс елі арасындағы салқын қатынас себеп болып отырғанын айта кету керек. Ресми түрде Азия-Африка өсу дәлізі (AAGC) аталған бастаманы 2016 жылдың қараша айында Токио қаласында өткен Үндістан премьері Нарендра Моди мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің арасында талқыланған еді. Үндістан мен Жапония осылайша Оңтүстік, Оңтүстік-шығыс және Шығыс Азияны Океания мен Африка экономикасымен интеграцияламақ. Яғни, ежелгі теңіз жолы арқылы Үнді-Тынық мұхитының еркін әрі ашық кеңістігін құруға саяды. Аталмыш жоба бойынша теңіздер мен жағалауларда аса ірі экономикалық орталықтар құрып, жаһандық экономиканың қарқынды дамуына серпін беру. Бұл жоба бойынша Қытай да көз тігіп отырған әрі қол салып үлгерген Африка құрлығына айрықша маңыз беріліп отыр. Сөз орайы келгенде айта кету керек, жалпы алғанда Африка елдерінің экономикасы жылына 7-10% өсуде. Қытай мен Африканың сауда айналымы 2000 жылдан бері орташа есеппен алғанда жылына 20%-ға өсуде. 2015 жылы сауда айналымы 188 млрд долларға дейін өскен болатын. Осыны ескерген Үндістан мен Жапония Африкадан өз үлесін қармап қалғысы келеді. Аталмыш жоба бойынша. Жапония бұл жобада негізінен қаржыландыру және қаржы тарту рөлін атқарады. Азия даму банкі (ADB), Жапондардың халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және Жапонияның инфрақұрылымдық бастамасы (JII) арқылы қаржы аударатын болады. Бұдан бөлек, күншығыс елінің билігі осы мақсатта дамушы Азия және Африка нарығына қосымша 200 млрд доллар бөлуге уәде беріп отыр. Қытай билігі Үндістан мен Жапонияның бұл жобасын өзінің "Бір белдеу - бір жол" жобасына кедергі келтіретін жоба ретінде қарастырып отыр. Яғни, Қытай бұл жобаға қырын қарайды. Жапонияның мол қаржысы мен Үндістанның адам ресурсы Қытайларды ығыстырмаса да қауіпті бәсекелес бола алады. "Бір белдеу - бір жол" жобасына мемлекеттік компаниялар есебінен қаржыландыру көзделсе, Жапон-үнді жобасы жекеменшік компаниялардың қаржысы тартылады. 

0 пікір
Мұрағат