Балаларды гендерлік тәжірибеден қорғайтын заң қабылданды
Балаларды гендерлік тәжірибеден қорғайтын заң қабылданды
1 жыл бұрын 794 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

АҚШ-тың Луизиана штатында балаларға зиян келтіретін түрлі гендерлік тәжірибелерден қорғайтын заң жобасы қабылданды. Бұл жайында islam.kz порталы gnc.news ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл арада баланың жынысын жетілдіруге арналған блокаторларды қолдануға, гормондық ем-домға және кәмелетке толмағандарға орны толмас дене жарақатын салуға заң жүзінде салынған тыйым турасында сөз болып отыр. Аталмыш заң 2024 жылдың қаңтар айының 1-нен бастап қолданысқа енеді. Заң талаптары бойынша дәрігерлерге кәмелет жасына толмаған балалардың сыртқы келбетін өзгерту процедурасына қасақана қатысуға тыйым салынады. Сондай-ақ, кәмелет жасына толмағандарға жаратылысына, дәлірегі, биологиялық жынысына сай келмейтіні турасында айтуға тыйым салынған. Яғни, «сен ер бала болып жаратылғаныңмен болмысың қызға келеді» деген сарында сөз айтпауы тиіс. Бұдан бөлек, мастэктомия, гистерэктомия және пенэктомия сияқты «кез келген сау ағзаларды немесе дене мүшелерін немесе тіндерін алып тастауға», сондай-ақ, жасанды жыныс мүшесін жасауға, зарарсыздандыру процедураларына және эстетикалық өзгерістерге тыйым салынған. Мұндай процедураларды жүзеге асырған медицина қызметкері кем дегенде екі жылға лицензиясынан айырылады. Бұған қоса, мұндай процедуралардың құрбаны болғандар сотқа шағымданып, келтірілген залалдың орнын толтыра алады. Дегенмен, көптеген америкалық медицина қауымдастығы гендерлік дисфорияны (қанағаттанбаушылық, ауытқу) гормонмен емдеуді жақтап келеді. Алайда, әлем ғалымдары мұндай ем-домның тиімділігіне күмәнмен қарайды. Ол ол ма, 2023 жылдың шілде айында, яғни, таяуда тоғыз елден (Финляндия, Ұлыбритания, Швеция, Норвегия, Белгия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Африка және АҚШ) 21 дәрігер мен медицина саласының ғалымдары Эндокрин қоғамының мерзімді басылымының гендерлік шатасудан болатын жасөспірімдер арасындағы суицидті азайтады деген мәлімдемесін сынға алып, мұндай ем-домның тиімділігі ғылыми тұрғыдан нақты дәлелденбегенін алға тартып еді. Өйткені, биологиялық жаратылысқа араласудың салдары ауыр болмақ.

0 пікір
Мұрағат