Австрияда 60 жастағы қарт ана егіз бала босанды
|
Австрияда алғаш рет 60 жастағы әйел дүниеге егіз бала әкелді. Бұл жайында nur.kz сайты Bnews.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Вельс-Грискирхен клиникасының басшысы жасы келген келіншектің жасанды ұрықтандыру жолымен бала көтергенін айтып отыр.
Бұрындары Австрияда заңды жарынан болмаса, бөтен біреудің ұрықтары арқылы жасанды жолмен бала көтеруге рұқсат жоқ еді. Алайда биыл қаңтар айында осы мәселені реттейтін заңға толықтырулар енгізіліп, жасы 45-тен аспайтын реципиентке жасанды жолмен бала көтеруге рұқсат берілді.
Елдегі ақхалаттылар үшін 60 жастағы әйелдің бала көтеруі таңданарлық құбылыс болып отыр. Негізінен, жас ұлғайған сайын ЭКО жолымен жүкті болудың тиімділігі төмендей бастайды. Бірақ, The Local басылымының мәліметінше, нақты осы жағдайда 60 жастағы әйелдің жүктілігі жақсы өткен.
Австрия тарихында 60 жаста бала табу оқиғасы өте сирек кездесетін құбылыс. 1970 жылдан бері мұндай оқиға текі екі рет болған екен. Ал мұндай жаста егіз туу алғаш рет кездесіп отыр.