Арабтар комфорттан бас тарта бастады...
Арабтар комфорттан бас тарта бастады...
6 жыл бұрын 4328 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Айналып келгенде адамға көп нәрсе керек емес. Тек қажеттілігін өтейтіндерден өзгесі басы артық әуре мен ысырыпшылдыққа ұрындырады. Мәселен, адам баласы күллі проблеманы өз қолымен тудырады. Семіздік індеті дейді. Қанағат жоқ жерде тек семіздік індеті емес, басқа да ауруларды, соның ішінде, сусамыр, жүрек-қан тамырлары, т.б. жамап аласыз. Немесе артық салмақтан арылу үшін ақ тер, көк тер боп, жаттығып жатады. Оған кеткен қайран уақыт, есіл уақыт. Бұл да ысырапшылдық. Артық қаржысын шығындап, артық тамақтанады, артық салмақ жиналса, арықтау үшін алтын уақытын сарп етеді. Жарты сағаттық жаттығу жарты сағатқа өміріңізді ұзартады деген әзіл барын білесіз. Сол ғұмырыңызды ұзартуы тиіс жарты сағатыңыз сол жаттығумен-ақ кетті. Қанағатсыздық пен ашкөздік адамның түбіне жететінін әлімсақтан ғұламалар айтып кеткенімен оған құлақ асып жатқандар некен-саяқ. Мұнай шикізатына тәуелді саудиялықтар ондаған жылға созылған мұнай бағасының шарықтауынан қалыптастырған ас та төк өмір салтынан бас тарта ала ма? Шет-шегі көрінбейтін құм арасында тіршілік еткен кешегі бәдәуилердің ұрпағы бүгінгі таңда Таяу шығыстағы экономикасы ең бай елге айналды. Мұнай шикізатының арқасында. Осы заманғы өркениет игліктерін көрді. Десе де мұнайдан түсетін табыс азайғалы бері саудиялықтар үнемшілдікке көшті. Ресми статистикалық мәлімет бойынша Саудия аумағында 32 млн-нан аса адам сау-саламат өмір сүріп жатыр. Олардың үштен бірін сырттан нәпақа іздеп келген шетелдік жалдамалы жұмысшылар құрайды. Бүкіл әлемдік банк келтірген дерекке қарағанда, аталмыш елдің атаулы жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 20,7 мың долларды құрап отыр. Бүгінгі таңда. Бұл көрсеткіш бойынша саудиялықтар әлемдік деңгейден алғанда 36-шы тұр. Аталмыш аймақ бойынша ең жоғары көрсеткіш екенін де айта кету керек. Саудиядағы өмір басқа елдегілермен салыстырғанда бір қалыпты. Өйткені, ел тұрғындарының таяуда ғана тақ мұрагерінің пәрменімен әрі әлеуметтік-экономикалық реформаларына байланысты кинотеатр мен өзге де ойын-сауық орталықтарына жолы ашылды. Саудия Араб түбегінің 80 пайызын алып жатқан Таяу шығыстағы ең ірі елдердің бірі. Саудиядағы Пәкістан мен Үндістаннан келген гастрабайтерлер қала сыртындағы немесе маңындағы тар пәтерлерде сығылысып тұрып жатыр. Оларға арнайы күзет те қойылған. Саудия экспортының, яғни, өзге елдерге ұсынатын өнімнің 90 пайызын мұнай мен мұнай өнімдері құрайды. Бұл экспорт жылына саудиялықтар қазынасына 160 млрд доллар табыс түсіреді. 2016 жылғы есеп бойынша жалпы ішкі өнімнің 44,3%-ын құраған. 2017 жылы аталған елдің жалпы ішкі өнімі 0.7%-ға кеміп, әлі күнге дейін бюджет тапшылығын тартып отыр. Осыған байланысты, яғни, ел экономикасына қолдау көрсету мақсатында билік тарапы 2018 жылдың қаңтар айының 1-нен 5% бастап қосымша құн салығын енгізген болатын. Нәтижесінде тұрмыстық тауарлардың бағасы, сондай-ақ, тұрғын үй коммуналдық қызмет ақысы өсіп кетті. Жанармай-жағармайға демеуқаржы азайды, соның салдарынан оның бағасы өсіп кетті. Саудияның ірі қалаларында сүттің бір литрі 1 риалға жетті. Бұдан басқа, жұмыртқа, ет, қызанақ, картоп, т.б. секілді негізгі азық-түлік түрлері мен жеміс-жидек бағасы шарықтап кеткен болатын. Сонымен қатар, пәтер жалдау ақысы да артқан. Елдегі жылжымайтын мүліктің дені мемлекет меншігінде болғанымен жуырда қабылданған жаңа заң бойынша оны шетелдіктер де сатып алуына әрі меншігіне айналдыруына болады. Өзі жинаған ақшасына қолма-қол есеп айырысып немесе ислам банкингі бөлген қаржыны пайдаланып. Саудиядағы кедейлік шегі жан басына шаққанда шамамен 480 доллар мөлшеріндегі ай сайынғы табыспен өлшенеді. Мұндай ақшаға өмір сүру оңай емес, әдетте, мұндай ақшаны ауылдық жерлердегілер немесе қала сыртындағылар алады. Байырғы тұрғындарға бұл бағытта едәуір жеңілдіктер қарастырылған. Өткен жылы 10,6 млн адамға жәрдемақы берілген екен. Ад бір жолғы әлеуметтік көмек мөлшері 80-120 долларды құраған. Саудиядағы орташа жалақы мөлшері туралы нақты ақпарат жоқ десе де болады. Орташа жалақы мөлшерін анықтау қиын болатын себебі – аталған ел аумағындағы Үндістаннан келген жұмысшы айына ары кетсе 2000 доллар жалақыға разы болуы мүмкін, ал Ұлыбританиядан келгендер айына кем дегенде 8 мың доллар алады. Егер ресми мағлұматтарға үңілсек, аталған ел аумағында байырғы тұрғындар арасындағы кедейлер қарасы 3 млн адамға жетіп қалады. Яғни, жалпы халық санына шаққанда олардың қарасы 6–10%-ды құрап отыр. Кедейлердің дені материалдық игіліктерге аса мән бере бермейтін егде саудиялықтар. Қазіргі уақытта биліктің пәрменімен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандарға көмек көрсетіліп жатыр. Мемлекеттік демеуқаржының жартысынан көбісі елдегі жұмыссыздардың 35 пайызын құрап отырған әйелдерге беріледі. Сондай-ақ, кедейлер қарасы көп мүмкіндігі шектеулі жандар мен ауылдық жерлердегілер де, осы елдегі азшылықты құрайтын шиғалар да мемлекет тарапынан жәрдемақы алып отырады. Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мемлекет әлеуметтік төлемдерден бөлек, білім беру мен денсаулық сақтау саласына да қаржы бөліп, тегін оқыту әрі тегін медициналық қызмет көрсету, т.б. тәжірибесін енгізді. Саудиядағы мұнай қоры 70 жылдан соң таусылады. Осыны ескерген тақ мұрагері жатпай-тұрмай ел экономикасын әртараптандыруға (диверсификациялауға) күш салып жатыр. Саудиялықтар бәсекеге қабілетті халыққа айналуы үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, нақты міндеттер мен мақсаттар белгіленуде. Өткен жылы аталған ел аумағында жекеменшік сектор табысының әжептеуір өскеніне қарамастан орташа мерзімді перспективада реформа жұмыссыздықтың артуы, табыстың азаюы, кедейлік деңгейінің көтерілуі секілді түрлі кедергілерге кезігуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша. McKinsey & Company консалтингтік компания таяуда жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жергілікті халықтың 55%-нан көбісі соңғы екі жыл ішінде капитал жинауға көшкен. Бұл да саудиялықтардың ысырапшылдықтан арылып келе жатқанын көрсетіп берді. Бұран қымбат брендерге ақшасын аямайтын саудиялықтар өткен жылы одан бас тартып, нәтижесінде ел аумағындағы шетелдік брендтен түсетін пайда айтарлықтай азайып кеткен. Десе де саудиялықтар бәрі бірдей қымбат брендтерден бас тартты дей алмайсыз. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, жергілікті тұрғындардың 35%-ы әлі күнге шетелдік қымбат брендтерді тұтынады. Десе де олардың қарасы азайып келе жатыр. Жылдан жылға. Осылайша, саудиялықтар бала шағынан үлкен өмірге аяқ басқан адамға ұқсайды. Өткелде тұрған халық.

0 пікір
Мұрағат