Араб елінің мұнайға қатысы жоқ секторлары ислами қаржының өсуіне ықпал етуде
Араб елінің мұнайға қатысы жоқ секторлары ислами қаржының өсуіне ықпал етуде
1 ай бұрын 1071 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

S&P Global Ratings рейтингтік агенттігінің сарапшылары таяу арада Біріккен Араб Әмірлігінің қаржы секторының өсімі жалғасын табатынын болжап отыр. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Arabian Business ақпарат агенттігіне жөн сілтеген BUSINESS EMIRATES сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған халықаралық рейтинг агенттігінің хабарлауынша, жыл басынан бері БАӘ-де шетел валютасындағы сукук облигацияларының мөлшері едәуір артқаны байқалады. Бұл орайда нарық ойыншыларының шетелдік капиталды көбірек тарту бағытындағы ұмтылысынан жылжымайтын мүлік және қаржы секторларында эмиссиялық белсенділік артқан. S&P өкілдері пайыздық мөлшерлемелердің 2025 жылдың соңына дейін төмендей беретінін болжап отыр, Бұл құбылыс өз кезегінде әлемдік ауқымдағы құнды қағаздар шығарылымының өсуіне ықпал етпек. Болжам бойынша БАӘ-нің дәстүрлі де, исламдық та сақтандыру нарығы 15-20%-ға өседі. Бұл үрдістің экономикалық көрсеткіштердің өсуімен және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырумен байланысты екенін айта кетпекпіз. Агенттік сарапшыларының айтуынша, қаржыландыру мөлшерінің тұрақты өсуі жаңа инвестициялық мүмкіндіктер туғызады, әсіресе, көміртектен ада аймаққа айналу мақсатына қол созған мұнай экспорттаушы елдер үшін БАӘ өңірдегі тұрақты бағалы қағаздар шығарудың маңызды нарығына айналады. «S&P Global Ratings» ислами қаржы бөлімінің жетекшісі Мұхаммед Дамак әлемдік исламдық қаржы саласы тұрақты өсімді бастан кешіріп отырғанын, 2023 жылдың соңына қарай активтердің жалпы көлемі 3,3 трлн долларға жеткенін және бұл тараптағы көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға жоғары екенін жеткізді. «Америка құрама штаттарының федералды қор жүйесі пайыздық мөлшерлемесін 2025 жылдың соңына дейін 225 базистік пунктке, оның ішінде осы жылдың қыркүйегінде 50 базистік пунктке төмендетуі нарықтың өтімділік деңгейін арттырып, сукук облигацияларының артуына ықпал етеді», — деді Мұхаммед Дамак. Оның айтуынша, БАӘ экономикасының мұнайдан тыс секторы исламдық банк секторының дамуына ықпал етеді, сукук облигациясы шығарылымының өсуін ынталандырады. S&P Global Ratings компаниясының директоры Рауан Уайдат биылғы облигациялардың, оның ішінде жасыл, әлеуметтік және тұрақты даму облигацияларының шығарылымы шамамен 1 трлн доллар деңгейінде қалатынын болжап отыр. «Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағы тұрақты облигациялардың негізгі нарықтары болып қала береді, ал Таяу Шығыс нарығының үлесі 3 пайыздан кем болады», - деп атап өтті Рауан Уайдат мырза.

0 пікір
Мұрағат