Алыс-жақын шетелге танымал Орта Азиядағы демалыс аймағы ішімдіктен бас тартты
|
Қырғызстан аумағындағы әйгілі «Қаракөл» тау шаңғысына арналған демалыс аймағында сырғанаудың жаңа маусым басталды. Бұл жолы аталмыш демалыс аймағының әкімшілігі жергілікті мейрамханалар мен дәмханалардың мәзірінен ішімдік түрлерін алып тастады. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қонақүйге алдын ала тапсырыс берген туристердің айтуынша, демалыс аймағының қожайыны ауысып, мұсылман адам келген. Алена Сыпкина есімді алматылық жерлесіміз бұрын ас мәзірінде, тіпті, доңыз етінен жасалған тағамдар да болғанын, оларды да алып тастағанын жеткізді. Туристер ішімдікті демалыс аймағынан тыс жерден сатып алып келсе де оны өздерімен бірге ішке алып кіруге рұқсат бермейді. Қауіпсіздік пен тыныштықты басты орынға қойған демалыс аймағының әкімшілігінің бұл қадамы кей туристердің наразылығын тудырғанымен қожайын өзі орнатқан тәртіптен ауытқымайтын болды. Осы «Қаракөлге» жиі келетін Артем есімді қазақстандық турист спиртті сусындар үшін 2750 метр ылдиға төмен түсуге тура келетінін жеткізді. Тян-Шан тауының сілемінде орналасқан бұл демалыс аймағының іргесін жергілікті мұсылман дұнғандар қалаған, Қырғызстанның ең басты көрікті орындарының бірі.