Әлемдік қару нарығында қай ел алда?
|
Әлем проблемаларын зерттеумен шұғылданатын Стокгольм институты (SIPRI) сарапшыларының баядамасында келтірілген дерекке қарағанда, жаһандық қару-жарақ нарығы, міне, осымен төртінші жыл қатарынан кеміп келеді. Алайда, аталмыш нарық айтарлықтай құлдырай қоймаған. Әлі де әскери шығын деңгейі жоғары болып отыр: 2014 жылы шамамен 400 млрд долларды құраған - 2013-ші жылғыға қарағанда бар-жоғы 1,5 пайызға ғана кем. Бұл жайында «dw.com» ақпарат көзі хабар таратты. Әлемдік әскери өнеркәсіп саласында Ресейдің аты озып тұр. «Ресейде өндірілген қару саудасы қызып тұр. Қару өндіруде әлем бойынша көш бастап тұрған жүздіктің (жүз кәсіпорын) ішіне кіретін Ресей компанияларының тауар айналымы 2013-2014 жылдар аралығында 50 пайызға артқан»,- деді SIPRI сарапшысы әрі аталмыш баяндаманы жасауға атсалысқан авторлардың бірі - Питер Веземан. SIPRI тізімі бойынша жүздіктің құрамына Ресейдің 19 компаниясы кірген. 2013 жылы ресейлік мұндай компаниялардың саны 10-нан аспаған еді. Сол кездің өзінде олар өздерінің тауар айналымын 20%-ға дейін көтере алған еді. Десе де әлемдік қару-жарақ нарығында америкалық және еуропалық компаниялар бұрынғысынша алда келеді: олардың үлесі 80 пайызды құрайды. Ғаламдық тізімде АҚШ-тың 38 кәсіпорны бар. Қару саудасынан түсетін табыстың рейтингке кірген барлық қару-жарақ айналымының жартысынан астамын құрайды. 2013 жылдан бері бұл нарықта Түркия мен Оңтүстік Кореяның үлесі де артып келеді. Неміс компанияларының өнімдерінің тауар айналымы 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 10%-ға артқан. Бұл негізінен немістердің суасты кемелерін жасайтын ThyssenKrupp концернінің есебінен артқан. Негізгі тұтынушылары – Израил, Түркия және Оңтүстік Корея. Германияда Rheinmetall компаниясының брондалған техникаға деген сұранысы да жоғары. Швеция мен Германия қорғаныс бюджеті арттыруға мүдделілік танытып отыр. Бұл өз кезегінде әскери өнеркәсіптің тасын өрге домалатады. «Қорғаныс кәсіпорындарының негізгі клиенті үкімет пен өз елі екенін айта кету керек»,- деді сарапшы. Германия қару экспорты бойынша қарт құрлықта бірінші орында тұр. SIPRI баяндамасында құпиясын ашпайтын Қытайдың қару-жарақ айналымына қатысты ақпарат жоқ десе де болады. Десе де Қытай бұл нарықта үлкен ойыншы екенін жоққа шығаруға болмайды. Сарапшының айтуынша, қытайдың алты бірдей қару-жарақ өндіретін компаниясы алдыңғы жиырмалыққа кірген. Ұшақ шығаратын бір компаниясы, тіпті, алдыңғы ондыққа кіруі де ықтимал. Сарапшы қытай әскери өнеркәсібінің өркендеуіне екі жағдаят себеп болып отыр: қорғаныс шығынын арттыру және қару экспорты.