Әлемді тақыр кедейлік жайлап барады
Әлемді тақыр кедейлік жайлап барады
1 жыл бұрын 962 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

COVID-19 пандемиясы және өмір сүру құнының қымбаттауы (азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының шарықтауы, т.б.) өткен жылы (2022 ж.) Азияның дамушы елдерінде 70 млн-ға тарта адамның тақыр кедейге айналуына себеп болған. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Азия даму банкі (ADB) келтірген дерекке жөн сілтеген lenta.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 2022 жылы Азияның дамушы елдерінің 155,2 миллион азаматы (аймақтағы халқтың 3,9 пайызы) «сілкіп салар сырмағы» жоқ тақыр кедейге айналған. Бұл ретте сарапшылардың бұрынғы болжамы бойынша 87,4 миллион адам шамасында «кедейлік қамытын киюі тиіс болатын». Алайда, кедейлер қарасының екі есеге жуық өсуіне денсаулық пен өмір сүру құнының дағдарысы әсер еткен. Сөз орайы келгенде Азияның дамушы елдеріне Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі 46 елдің жатқызылатынын айта кету керек. Бұл санатқа экономикасы дамыған Жапония, Австралия және Жаңа Зеландия кірмейді. Ал тақыр кедей санатына күнкөрісі күніне 2,15 доллардан артық табыс таппайтын азаматтар кіреді. Осыған байланысты сарапшылар әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарға материалық әрі әлеуметтік қолдау көрсетіп, жұмыс орындарының көптеп ашылуына ықпал ететін инвестиция мен инновацияға айрықша мән беруге үндеп отыр. Дамушы елдер кедейлікпен күресте жетістікке жеткен күннің өзінде 2030 жылға қарай бұл өлкедегі халықтың шамамен 1,26 млрд-ы (аймақ халқының 30,3 пайызы) қандай да бір дағдарыстан әп-сәтте тақыр кедейге айналатын әлсіз топтардан тұратынын алға тартып отыр.

0 пікір
Мұрағат