Әлемде 50 млн адам құлдықтың құрбаны
Әлемде 50 млн адам құлдықтың құрбаны
5 ай бұрын 802 24.kz Фариза Жанғанаева

Жер бетінде құл иелену заңсыз болса да іс жүзінде адам саудасы тыйылмай тұр, деп хабарлайды 24kz.

Соңғы рет Мавритания 1981 жылы құл иеленушілікті заңсыз деп танып, адам саудасына нүкте қойды. Алайда мұның бәрі заң тұрғысында ғана. Ал шынтуайтында статистика басқаша сөйлейді. Әлем бойынша 50 миллионнан астам адам құлдықтың қамытын киіп жүр. Олар ауыр жұмысқа күштеп жегілген. Немесе тән саудасымен айналысуға мәжбүр.

Фариза Жанғанаева, тілші: - Адам саудасының ең көп таралған түрі – жыныстық қанау. Оның құрбаны негізінен әйелдер мен қыздар. Бүгінде ондай адамдардың саны 22 млн-ға жеткен. Туған-туыстарының қысымымен тұрмыс құратын жасөспірім қыздардың дені 15 жасқа да толмаған. Бұдан соң мәжбүрлі еңбекке жегу әрекеттері көп таралған. Жалпы, адам сатып, құлдыққа жегу бойынша құрбандардың шамамен үштен бірін, яғни, 20%-ін балалар құрайды. Әсіресе, Қара құрлық пен Меконг аймағында балаларды сату жағдайлары көп тіркелген.

Адам саудасының ең көп таралған түрі:

Зорлық зомбылық (79%). Оның құрбаны – әйелдер мен қыздар

Мәжбүрлі еңбекке жегу (18%)

Сиобхан Маллалли, БҰҰ Адам саудасы жөніндегі баяндамашысы: - Адам саудасына қатысты қылмыстар көбіне жабулы қалып жатады. Алдын алу шаралары да нәтиже бермей тұр. Заңбұзушылықтың бұл түріне негізінен қарулы қақтығыс сияқты факторлар әсер етеді. Бірақ, халықаралық гуманитарлық, қылмыстық, халықаралық босқындар құқығы және адам құқықтарының нормаларын тиімді қолдану кенже қалып тұр. Сондықтан барша ұлт пен ұлысты, халықаралық ұйымдарды адам саудасына қатысты маңызды шара қабылдауға шақырамын.

Балалар еңбегі қазірде, көбінесе электромобиль өндірісінде, атап айтқанда, аккумуляторлар үшін шикізат өндіруде қолданылады. Литий-ионды батареяларда негізінен Конгодан жеткізілетін кобальт бар. Африка құрлығы осы шикізаттың әлемдік қорының 80%-іне ие. Оның 20%-і заңсыз шахталарда өндіріледі. Осы жұмысқа жегілген бала көп. Өйткені, оларға тар туннельдерге түсу әлдеқайда оңай. Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша бала еңбегін заңсыз пайдаланған қылмыстық топтар жыл сайын 200 млрд доллар көлемінде пайдаға кенеледі.

Майкл Познер, Нью-Йорк университетінің бизнес және адам құқықтары орталығының директоры: - Адамдар қазба орындарына отбасыларымен келеді, бекітілмеген шұңқырларды қазады, содан кейін балаларын құдықтарға жібереді. Көптеген компаниялар балалар еңбегін пайдаланатын ұйымдардан кобальт сатып алмаймыз деп мәлімдегенімен, әлемдегі кобальттың 10%-і осындай шахталардан жеткізіледі және бұл өте көп шикізат.

Біріккен ұлттар ұйымы кез келген бала нәсіліне, жынысына, дініне қарамастан зорлық-зомбылықсыз, бейбіт күнде жақсы өмір сүруге құқылы деген қарар қабылдады. Соған қарамастан, қазір әлемде 160 миллион бала құлдықтың қамытын киіп жүр. 2017 жылы көрсеткіш 152 миллион болса, қазір оның едәуір өскенін байқаймыз. Оның ішінде 84 миллион бала тұрмысы нашар елдерде, 11 миллионы Америкада, 6 миллионы Еуропа мен Орталық Азияда, араб елдерінде қара жұмысқа жегілген. 

 

0 пікір
Мұрағат