Әлемде 400 млн-ға жуық бала қарулы қақтығыс аймақтарында өмір сүріп жатыр
|
Әлемде жыл сайын 5 жасқа дейінгі 5 млн-нан астам баланың құқы тапталып, қаза табады, деп хабарлайды 24kz.
Ал әр күн сайын 140-қа жуық әйел босану немесе жүктілік кезінде көз жұмады. Өйткені, миллиондаған әйел әлі де сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Жаға ұстатарлық деректі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялады. Тұрмысы нашар елдерді айпағанда, медицинасы әлдеқайда дамыған мемлекеттерде де жағдай мәз емес. Былтыр Еуропада жүктілік кезіндегі өлім көрсеткіші 17% өскен.
Диктор: - Әлемнің қай елдерінде ана мен бала құқы жиі тапталады?
Әсия Нұрлыбаева, тілші: - Әлемде ана мен бала құқығын бұзу жағдайлары көбінесе кедей елдерде жиі тіркеледі. Балаларға қарсы қылмыстардың басым бөлігі Газа секторында, Буркина-Фасо, Мьянма, Ауғанстан, Сирия мен Сомалиде жасалады. Ал қара құрлықтағы көп елде босану кезінде 70% жағдай өліммен аяқталады.
Таяу Шығыстағы ахуал ушығып барады
Қазір әлем назары Таяу Шығыстағы Газа секторында. Мұндағы халықтың жағдайы күн санап ушығып барады. Ең сорақысы, қақтығыс басталғалы 15 мыңдай бала мен 10 мыңға жуық әйел көз жұмған. Әйелдердің дені босану кезінде медициналық көмекке қол жеткізе алмай қайтыс болған. Қазір айы-күні жетіп отырған 60 мың жүкті әйел бар. Ал, дәрігерлер болашақ аналар мен сәбилер жайына алаңдаулы. Өйткені, перзентханалар түгел қираған. Оның үстіне, әйелдердің дені тойып тамақ ішпейді, қақтығыстан әбден қажып, күйзеліске түскен. Уақытынан ерте босану көп. Сәйкесінше, шетінеу деректері де артқан. Аштықтан көз жұмғаны қаншама?! Бұл – әлем бойынша кейінгі 4 жылдағы балалар өліміндегі ең жоғары көрсеткіш.
Равина Шамдасани, БҰҰ Адам құқы жөніндегі басқармасының баспасөз хатшысы: - Газа секторында күн сайын 180 әйел өте ауыр, қорқынышты жағдайда босанады. Көбі анестезиясыз, кесарь тілігі арқылы дүниеге сәби әкеледі. Ота үстінде көз жұматындары қаншама?! Ана мен баладан қатар айырылып қалған жағдайлар да жиілеген. Ал қақтығыс аймағында әр 10 минут сайын бір бала өлтіріледі немесе ауыр жарақат алады.
ЮНИСЕФ ұйымының дерегінше, аймақтағы балалардың шамамен 65 мыңы көру, есту, жүру, түсіну қабілетінен айырылған. 2 жасқа дейінгі 8 мыңға жуық бала дұрыс тамақтанбаудан жапа шегіп отыр. 5 жасқа дейінгі 175 мың бала түрлі жұқпалы аурудың зардабын тартуда. Олардың барлығы психикалық және психоәлеуметтік қолдауға мұқтаж.
Кэтрин Рассел, ЮНИСЕФ ұйымының атқарушы директоры: - 200 күннен бері жалғасып жатқан қақтығыс балалардың өмірін тас-талқан етті. Рафах Газа секторындағы бейкүнә балалардың ең қауіпті қаласына айналды. Әскери операцияның кесірінен оларға физикалық және психикалық, зорлық-зомбылық қаупі төніп тұр.
Ауғанстанда ана мен бала өлімі көбейді
Ауғанстанда да ана мен бала өлімі көбейді. Мұнда күн сайын 167 бала мен 24 ана тойып тамақ ішпеу салдарынан көз жұмады. Сондай-ақ, медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуі де себеп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері осындай. Елдегі экономикалық жағдай да мәз емес. Былтыр 450-ге жуық аурухана жабылған. Оның үстіне, біраз өңірді қуаңшылық жайлап, су тасқыны мен жер сілкінісі жиілеп кеткен. Соның кесірінен гуманитарлық көмекке мұқтаж адамдар саны күрт артқан. Қазір 42 миллион тұрғынның 16 миллионы тойып тамақ ішпейді.
Суданда 19 млн бала мектепке бармаған
Суданда да ана мен баланың жағдайы алаңдатарлық. Ондағы балғындардың бір ғана арманы – ата-анасымен бір дастархан басында тойып тамақ ішу, мектепке барып білім алу. Мұнда жалғасып жатқан қарулы қақтығыс олардың балалық шағын қаралы шаққа айналдырды. Мұнда әр он баланың біреуі 5 жасқа толғанша жұқпалы инфекция, диарея, пневмониядан қайтыс болады. ЮНИСЕФ мәліметтері осындай. Халықаралық ұйым Суданның білім беру дағдарысына тап болғанын мәлімдеді. Бірақ, сәуір айынан бастап мектептердің көбі оқушыларға есігін қайтадан айқара аша бастады.
Мэри Луиза Иглетон, Судандағы юнисеф ұйымы өкілінің орынбасары: - Суданда соғыс басталғалы 19 миллионға жуық мектеп жасындағы бала мектепке бармады. Енді білім беру ұйымдары біртіндеп ашылып жатыр. Бұл қадам балалар мен олардың ата-аналары және елдің болашағы үшін өте маңызды. Қалыпты өмірге бейімделгенше оқушылар аптасына 3 күн ғана оқиды.
БҰҰ: Әлемде бала құқы жиі тапталады
Әлемнің көп елінде балалар құқығын бұзу деректері тыйылмай тұр. БҰҰ осылай дейді. Олардың сөзінше, былтыр 33 мыңға жуық жағдай тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21%-ке артық. Әсіресе, Судан, Гаити, Конго елдерінде бала құқы жиі тапталады. Мұнда өткен жылы 5 мың жеткіншек көз жұмып, 6 мыңға жуығы түрлі жарақат алған. Тағы 8 мыңдайы құлдықтың құрығына түскен. Оның 15%-і қыз балаларды қанау, зорлау деректері. 4 мыңнан астам бала ұрланған.
Айта кетейік, бүгінде әлем бойынша 400 миллионға жуық бала қарулы қақтығыс аймақтарында өмір сүріп жатыр.
Вирджиния Гамба, БҰҰ Балалар мен қарулы қақтығыстар жөніндегі арнайы өкілі: - Былтыр балаларға қарсы зорлық-зомбылық деректері 25%-ке өсіп, 1470 қыз бала зардап шекті. Әсіресе, топтық зорлау әрекеттері тыйылмай тұр. Мұндай құқықбұзушылық көбіне Орталық Африка Республикасында, Конго және Гаитиде тіркелді. Бұл елдерде қыздарды ұрлап, зорлау көбейген.
Әсия Нұрлыбаева, тілші: - Иә, аман болса ана, сау туылар бала. Ал әр баланың өміріне қауіп төнбей, балалық шағын бақытты өткізуге құқы бар. Халықаралық ұйымдар да осыны меңзеп отыр.
БҰҰ: Әлемде балалар құқығын бұзу деректері артып барады
Әлемде балалар құқығын бұзу жағдайлары артып барады. Біріккен ұлттар ұйымы осылай дейді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, былтыр аталған жайт бойынша 33 мыңға жуық дерек тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21%-ке артық. Балаларға қарсы қылмыстардың басым бөлігі Газа секторында, Буркина-Фасо, Мьянма, Сирия мен Сомалиде жасалған. Аталған елдерде 5 жеткіншек көз жұмып, 6 мыңға жуығы түрлі жарақат алған. Тағы 8 мыңдайы құлдықтың құрығына түскен. Айта кетейік, бүгінде әлем бойынша 400 миллионға жуық бала қарулы қақтығыс аймақтарында өмір сүріп жатыр.