Әлемде 15 млн-нан астам электромобиль сатылды
|
Әлемде соңғы жылдары экологиялық таза көліктерге басымдық беріп отыр, деп хабарлайды 24.kz
Мәселен, былтыр дүниежүзінде 15 млн-нан астам электрлі көлік сатылған. Көбі Қытайдың үлесінде. Еуропа мен АҚШ-та да сұраныс жоғары. Ал кәрі құлықтағы Норвегияда жанармаймен жүретін көліктерді электромобилдерге алмастырып жатыр. Әлем «жасыл» экономикаға көшу үдерісінде. Сол себепті, біраз ел кәдімгі көліктерін тоқпен жүретін темір тұлпарға ауыстырып жатыр. Жалпы электротранспортқа көшудің маңызы неде? Әлем ғалымдары не дейді? Иә, климаттың өзгеруіне байланысты электромобиль мінетіндер көбейді. Бір жылда бір электрлі көлік орташа есеппен ауадағы 1,5 миллион грамм көмірқышқыл газының төмендеуіне ықпал етеді.
Қытайда сатылған әр екінші көлік тоқпен жүреді
Былтыр әлем бойынша сатылған әр бесінші көлік электромобиль болған. Яғни, 15 млн 200 мың тоқпен жүретін темір тұлпар саудаланды. Бұл тізімде шығыстағы көршіміз көш бастап тұр. Қытай былтыр миллиондаған автокөлікті айналымға енгізді. Электрлі көлік өндірісінің үлесі 60%. Енді биыл экспорт көлемін бірнеше есе арттыруды көздеп отыр. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, электромобилдің сатылым көлемі жанармаймен жүретін көліктен асып түседі деген болжам бар. Бұған әлемде сұраныстың артуы себеп. Тіпті, көп болғаны соншалық, қазір авто зауыттар алдын ала тапсырыспен жұмыс істеп жатыр. Оны уақытылы орындау үшін жасанды интеллектіні пайдаланады. Яғни, бұл жұмысты робот-көмекшілер атқармақ. Айта кетейік, 2024 жылы Қытайда сатылған екінші көлік тоқпен жүреді.
Дай Чэньхао, Қытай даму және қызмет көрсету бюросының директоры: - Биыл өндіріс көлемі 30% пайызға дейін артады. Көліктердің басым бөлігі жаңа буынды болады. Өндіріс орындары жасанды интеллектіге негізделіп жаңғыртылады. Бұл өнімді еселеуге мүмкіндік береді. Биыл 32 миллион дана көлік саудаға шығарылады болжанып отыр. Оның 26 миллионы ішкі нарыққа саудаланса, 16,5 миллион данасы экспортталады деген жоспар бар.
Көршіміз таяуда тоқпен жүретін көлікті жылдам қуаттау желісін құрады. Бұл жобаны жергілікті автоөндіруші зауыттар мен электромобиль компаниялары бірлесіп жүзеге асырады. Жоспар бойынша 420 қалада 20 мыңнан астам қуаттағыш станция іске қосылады. Бұл бастаманы жауаптылар «жасыл» көлікке деген сұраныстың артуымен байланыстырып отыр.
Норвегиялықтар электрлі көлік мінеді
Ал Еуропа бойынша Норвегияда электрлі көлікке сұраныс жоғары. Былтыр бұл елде сатылған 10 көліктің 9-ы – электромобиль. Бұған биліктің экологиялық бастамалары арқасында қол жеткізген. Оған сай мұндай көліктер үшін автобус жолақтарын пайдалануға рұқсат етілген. Сондай-ақ, электрлі темір тұлпар сатып алғандарға салық бойынша жеңілдік бар. Ал жанармаймен жүретін көлікке керісінше төлем жоғары. Елдегі 2,8 миллион жеңіл автокөліктің 750 мыңнан астамы тоқпен жүреді. Ал гибридті көлік саны 366 мыңға жуық. Тағы миллионға жуық дизельді көлік бар. Негізі бензинмен жүретін темір тұлпарды көлікті жалға беретін компаниялар сатып алады. Тұтынушылар арасында туристер көп.
Кристина Бу, Норвегияның электромобиль жүргізушілері қауымдастығының басшысы: - Норвегия әлемде бензинмен жүретін көліктен бас тартқан алғашқы мемлекетке айналады. Бұл процесс бізде тез жүріп жатыр. Кей елдер көлік салығын жеңілдетеді де, кейін оны қайтадан жояды. Бұл дұрыс емес. Табысқа жету үшін бастаманы ұзақ уақыт жалғастыру керек. Сонда ол нәтижесін береді. Норвегия бұл тұрғыда көп елге үлгі бола алады.
Десире Андресен, жергілікті тұрғын: - Мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында электрлі көлік мінуге көштім. Бұл ауаны зиянды қалдықпен ластамай, табиғатты қорғауға деген оңтайлы қадам.
Tesla көлігі арзандады
Танымал Tesla көліктері былтыр 26% арзандады. Бұл оның құнының екінші жыл қатарынан төмендеуі. Brand Finance зерттеу және консалтингтік компаниясының мәліметі осындай. Бұл, әсіресе, АҚШ, Еуропа және Азия аймақтарында байқалады. Қара құрлықта ол 21-ден 16%-ке дейін арзандаған. Қаралым рейтингі бойынша Tesla бәсекелес компаниялардан кері қалды. Соған қарамастан АҚШ-та көліктің бұл түрі сұраныстан түспей тұр. Ішкі нарықта сатылған әр бесінші көлік – электромобиль. Қазір ол 43 млрд доллардан саудаланады. Ал былтыр жыл басында 58 млрд доллардан сатылған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 66 млрд долларды құрады. Оның жылдық сатылымы өткен жылы 37 мың көлікке төмендеді.
БАӘ электромобиль қуаттайтын 100 станция салады
Биыл Біріккен Араб Әмірліктерінде тоқпен жүретін көлікті жылдам қуаттағыш 100 станция салынады. Өйткені электромобильге сұраныс артқан сайын тұтынушылар қатары соғұрлым көбейді. Халықтың 82%-і электрлі көлікке көшуге ниетті. 2030 жылға қарай оның санын мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл бастама 2030 жылға қарай көмірқышлық газы шығарындыларын 100 мың тоннаға дейін азайтады. Бұл шамамен 2 млн ағаш еккенмен тең. Қуаттағыш орындар қоғамның барлық мүшелеріне, әсіресе, такси жүргізушілеріне қолжетімді әрі тегін болады.
Шариф әл-Олама, Энергетика және мұнай өнеркәсібі министрінің орынбасары: - Электромобиль – болашақтың көлігі. Қоршаған орта мен экологияға қамқорлық таныту – парызымыз. Әмірлікте жылдам қуаттағыш орындардың саны, сапасы жағынан жақсы болғанын қалаймыз. Бастысы, тұтынушылар үшін жылдам әріп сапал қызмет көрсетуге тиіспіз. Электромобилге сұраныс елімізде де артып келеді. Кейінгі дерекке сүйенсек, Қазақстанда 11 мыңға жуық тоқпен жүретін көлік тіркелген. Көбінесе көрші Қытайдан жеткізіледі.
Таққа қайта оралған Трамп өзінің ұлықтау рәсімінде электромобильге қатысты мандатты сынға алып, оны жоюға уәде етті. Бұл тоқпен жүретін көлікті ең көп мінетін Америка қоғамына қаншалықты әсер етуі мүмкін?
Трамп өзінің Жарлығында «электромобильдер туралы талапты» алып тастайтынын мәлімдеді. Сөйтіп, ол тұтынушыларды тек электромобиль мінуге міндеттемей, әркімді өзінің қалауынша кез келген көлікті мінуге мүмкіндік бермек. Алайда, оның жойғысы келетін кей шараларды жүзеге асыру үшін конгрестің қолдауы қажет болуы мүмкін. Мұның бәрі заңды және мүмкін болса да, автоөндірушілер бәрібір электромобильмен жұмыс істеуді жалғастыра береді. Былтыр бұл елде шамамен 1,3 миллион электр көлігі сатылған. Бұл барлық жаңа көліктің шамамен 8%. «2032 жылға қарай көрсеткіш 27% жетуі мүмкін», – дейді сарапшылар.