Әлемде 10 түркітілдес халықтың ана тілі жойылып кетудің алдында тұр (видео)
Әлемде 10 түркітілдес халықтың ана тілі жойылып кетудің алдында тұр (видео)
8 жыл бұрын 6155 khabar.kz Г.Қуатбайқызы, А.Отызбаев

Әлемдегі қауіп-қатерлерге қатысты алаңдаушылық білдіріп отыратын мемлекетіміз өз елінде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің өсіп-өнуіне ерекше назар аударады. Мәселен, түркі тілді халықтардың он шақтысының ана тілі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Олардың қатарында чуваш, хакас, шор, қарайым, қырымшық, көне түрік тілдері бар.  Жер бетінде 40-тан астам түркі этносы мекен етсе, оның 25-інің өкілдері Қазақстанда тұрады. Қазақстанда 7 мыңнан астам чуваш тұрады. Салт-дәстүрін, тілін ұмытпау үшін олар ауқымды жұмыстар атқаруда. Ұлт құндылығын ұрпаққа мирас ету –  қариялардың алдындағы басты міндет. Осыдан 10 жыл бұрын халықаралық ұйымдар чуваш тілін жойылып бара жатқандықтан «Қызыл кітапқа» енгізген. Дегенмен халық ақсақалдары бұл пікірмен келіспейді.  Иван Семенов, Чуваш этномәдени бірлестігінің мүшесі: - ЮНЕСКО өкілі: «Чуваштар өзінің ана тілінде сөйлемейді, тілін ұмыта бастады», – деген екен. Алайда, мен мұнымен келіспеймін. Біз өзара чуваш тілінде сөйлесеміз. Салт-дәстүрімізді сақтап, ұлттық тағамдарымызды әзірлеу тәсілдерін кейінгі ұрпаққа үйретіп келеміз. Оксана Копотун,  чуваш жастар бірлестігінің жетекшісі:  - Павлодарда туған тілімізді меңгеріп, балаларымызға үйретуге барлық жағдай жасалған. Салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, насихаттауға зор мүмкіндік бар. Кезінде этномәдени бірлестіктің негізін қалаған ақсақалдарымыздың арқасында тарихи Отанымызбен байланыс орнаған. Сондықтан, ұлттық құндылықтарымыздан қол үзген жоқпыз. Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатырмыз.  Әлемде 10 түркі тілдес халықтың ана тілі жойылып кетудің алдында тұр. Олардың қатарында чуваш, хакас, шор, қырымшық, көне түрік тілдері бар. Жер бетінде 40-тан астам түркі этносы мекен етсе, оның 25-сі Қазақстанда тұрады. Сәуле Тәжібаева, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры:  - Ғалымдар осы тілдерді сақтауға, ары қарай өзінің ұрпақтарына жеткізуге үлкен жұмыс істеп жатыр. Бұл процесті ревилитация дейді. Тілге екінші өмір беру. Бұл тілдерге екінші өмір беру үшін біз далалық экспедицияға шығамыз. Осы халықтармен кездесеміз. Олардың тілдерінің нұсқаларын жазып аламыз. Корпусын жинаймыз.  Моника Ринд-Павловски, Франкфурт универтитеті, Эмпирикалық Лингвистика Институты профессоры, түркітанушы;   - Қазақтар бізді қатты қызықтырады. Мұнда 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Және олардың дені ана тілі мен дәстүрін сақтап қалған. Мәселен, дұңған тілі Қытайда жойылып кетті. Бірақ, Қазақстанда ана тілінде сөйлейтін дұңғандар жеткілікті. Жуырда Таразға барып, ахыска тілін зерттейміз.   Мүлде жойылып кеткен тілдердің бірі – тофа тілі. Ал қарайым тілі біртіндеп қолданыстан шығып барады. Ғалымдар ел ішінде зерттеулер жүргізіп, ұмыт бола бастаған тілдерді сақтап қалудың жолдарын қарастыруда. Тілдерді ғаламтор арқылы насихаттайтын сайттар ашып, ақпараттық  база құруды қолға алған. Сонымен қатар, аталған этностардың өкілдері тұратын аймақтарда жексенбілік мектептердің ашылуына ұйытқы болған. Онда мектеп жасындағы балалардан бастап еңкейген қартқа дейін ана тілін үйренеді. 

 

1 пікір
  • Жойылып кетсе өздерінен көрсін. неге өздерінің тілінде сөйлемейді. біреу келіп бұларды өз тілінде сөйлеуге кедергі келтіріп жатқан жоқ. өз тілдерін өздері қамқор болмаса басқа ұлт келіп қамқор болмайды. (бізгеде қатысты) . видеода сұхбат беріп тұрғандардың ешқайсысы өз тілінде сөйлеп тұрған жоққой. . қазақстан жойылып кеткен тілдерді қалыпына келтіретін зертқана емес шығар.
    8 жыл бұрын
Мұрағат