Әлем қаржы дағдарысына дайын ба немесе резервтегі қаржыға қаншалықты сенім артуға болады
Әлем қаржы дағдарысына дайын ба немесе резервтегі қаржыға қаншалықты сенім артуға болады
7 жыл бұрын 3348 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болса, бұл тақырыпта бірнеше талдау материалын жарияладық. Бұл тақырыпқа қайта айналып соғуымыздың мынадай себебі бар: қаржы дағдарысы көп ұзамай әлемді шарпиды. Өйткені, АҚШ-тың федералды резервтік қоры ставканы тағы көтерді. Әсіресе, дамушы елдердің экономикасы, соның ішінде, Қазақстан да бар, бұл дағдарысқа қаншалықты төтеп бере алады? Қазірдің өзінде дағдарыстың алғашқы белгілері қылаң бере бастады: Аргентина Халықаралық валюта қорына алақан жайып, көмек сұрап отыр. Түркияның ұлттық валютасы құнсызданып келеді. Индонезиядан инвесторлар табанын жалтыратып жаппай кетіп жатыр. Ал кәрі құрлықта жағдайы бұрыннан мәз емес Грекияны айтпағанда Италия мен Испания экономикасына қауіп төнді. Күллі әлемді шарпуы мүмкін алапат дағдарысқа сонымен қаншалықты дайын? "Ғаламдық қаржылай қолдау көрсету жүйесі" дегенде ең алдымен жаһандық, аймақтық және екі жақты келісімдер мен ынтымақтасуды ұғамыз. Мәселен, Халықаралық валюта қорының резервінде дағдарысқа қарсы шамамен 1 трлн доллар сақтаулы жатыр, ал Дүниежүзілік банктің жертөлесінде "қаралы күнге" арналған 263 млрд доллар бар. Сондай-ақ, Азиядағы Чиангмай бастамасы секілді аймақтық құрылымда 240 млрд доллар, Еуропалық тұрақтандыру тетігінде 600 млрд доллар бар. Жалпы есеп бойынша 4,6 трлн шамасында қаржы әлемдік дағдарысқа төтеп беру үшін сақтаулы тұр екен. Бұл 1980-ші жылғы көрсеткішке қарағанда, жеті есе көп. Алайда, бұл қыруар қаржыға сеніп қалмау керек. Бұл қаржы да дағдарыстан құтқарып қала алмауы мүмкін. Неге дейсіз ғой? бұл қаржыға бірден қол жеткізу мүмкін емес. Оның кейбіреуі бұрыннан бар бағдарламаға арналып қойған (мәселен, Грекия экономикасын қолдау). Мұндай факторлар дағдарыс орын алғанда қаржылай қолдау көрсету деңгейін 2,5 трлн-ға дейін төмендетеді. Бұдан бөлек, барлық ресурс әлемнің барлық еліне қолжетімді емес. Мәселен, Еуропалық тұрақтандыру тетігі тек еуроаймаққа кіретін елдерге ғана қолұшын созады. Әлемдік қаржылай қолдау көрсетудің осындай тетіктері мен факторлары дағдарыстың өршуіне әрі ұзаққа созылуына түрткі болмақ. Дамушы елдердің көбісі (мәселен, Түркия, Аргентина, т.б.) қаржылай қолдау көрсетудің бірде-бір бағдарламасына енбегенін ескеру қажет. Өйткені, дамушы елдердің АҚШ, Канада немесе Австралия секілді тұрақты капитал нарығы қалыптаспаған. 

0 пікір
Мұрағат