Әлем елдерінде алимент төлемегендерге қатаң заң қолданылады
|
Алимент мәселесі әлем елдерінде де өзекті, деп хабарлайды 24.kz
Борышкерлерге қатысты қолданылатын жазаның да сан түрі бар. Мәселен, Еуропада алимент төлеуден жалтарғандарды 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Cондай-ақ, бірқатар мемлекетте алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты заң қатаң.
Францияда алименттен жалтарған ата-аналарға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Сонымен қатар, олар 15 мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Заңға сәйкес, алимент төлеуші адам тұрғылықты мекенжайы немесе қаржылық жағдайы өзгерсе, дер кезінде тиісті органдарға хабарлауға міндетті. Ұмытқан жағдайда 6 айға дейін темір торға қамалып, 7,5 мың еуро айыппұл төлеуі тиіс. Қазірде Францияда алиментке арналған бірыңғай платформа бар. Соның көмегімен арнайы агенттік берешектерді жинап, алимент алушыларға жолдайды. Егер кімде-кім төлем жасамаған болса, мемлекеттік орган бірден шара қабылдайды. Десе де, заңның қатаң болғанына қарамастан, Францияда алименттің 30-40 пайызы уақытылы төленбейді.
Бельгия
Ал Бельгияда жауапсыз ата-аналарға жаза жеңіл. Тек жүргізуші куәлігінен айырылумен шектеледі. Тіпті, 50 де 50 жүйесі арқылы алимент төлеуден түбегейлі құтылуға да болады. Ол үшін бала апта сайын кезек-кезек әкесімен де, анасымен де бірдей уақыт өткізуі қажет.
Оңтүстік Корея
Ал Оңтүстік Кореяда баласынан безіп, бір жыл бойы алимент төлемегендерге 8 мың доллар айыппұл салынады. Шекара асуына тыйым салынып, бір жылға дейін түрмеге қамалады. Оңтүстік Кореяның Гендерлік теңдік және отбасы министрлігі өз сайтында жыл сайын алимент төлеуден жалтарып жүргендердің жеке мәліметін жариялап отырады. Ата-аналар өз балаларының алдындағы қарызын өтемейінше, бұл дерек өшірілмейді. Тек борышкерлер қайтыс болғанда немесе қарызын өтеген жағдайда ғана жойылады. Өйткені, Оңтүстік Кореяда жұмысбасты аналар көп. Сағаттың көптігі мен қауырт жұмыстан отанасы отбасы жайына бас қатырмайды. Әрі өзін-өзі асырай алатындай жалақысы да мардымды. Бала туу көрсеткішінің де кейінгі жылдары күрт төмендеп кеткені содан.
Түркияда ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағдайда баланы әкесімен қалдырады. Өйткені, отбасын асырау міндеті әкеге жүктеледі. Түркия азаматы баласының бар қажетін өтеуге міндеттеледі. Балаға төлейтін алимент мөлшері – айына 100 бен 1000 доллар аралығында. Сондай-ақ, тек балаға ғана емес, анаға да алимент төленеді. Мәселен, ажырасқан еркек әйелі екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндетті. Ал, төлемегендері 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Абақтыдан мерзімінен бұрын босау үшін алиментті толық төлеуі қажет. Бар жауапкершілік өз мойынында болғандықтан ер адамдар бірінші отбасының, баласы мен әйелінің жағдайын жасауды ойлайды. Сондықтан болар, Түркияда ажырасу аз кездеседі.
Фариза Жанғанаева
КИРЕБ жүйесі алименттен жалтарғанды бейнебақылау арқылы тауып береді
Елде алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді іздеп табу жеңілдеді. Оған Бас прокуратура әзірлеп, іске қосқан "КИРЕБ" жүйесі көмегін тигізуде. Жаңа жүйе алиментшілердің жүріс-тұрысын айналадағы бейнебақылау құрылғылары арқылы анықтайды. 2 айдан астам уақыт ішінде іздеуде жүрген 500-ден астам адам табылып, ескерту алған. Бірақ, борышкерлер саны бұнымен азая ма? Алиментті аз төлеу үшін табысын жасырып жүргендерге қандай шара бар? Тақырыпты тілші зерттеп көрді.
"КИРЕБ" жүйесі – алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді бейнебақылау арқылы іздеп табатын жаңа әдіс. Мәселен, борышкер емхана, мектеп не балабақша ғимаратына кірсе, немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына барса, бет-бейнені тану жүйесі арқылы автоматты түрде «қолға түседі». Әуе, теміржол билетін алған кезде де "КИРЕБ" жүйесінің қырағы көзіне шалынуы мүмкін. Жүйе іске қосылғалы өңірлерде жүздеген алиментші ескерту хабарламасын алған. Бұлайша іздеу салудың себебі – борышкер тұрғылықты мекенжайын жасырады. Ал жеке сот орындаушы жаңа жүйе арқылы түскен деректерді өңдеп, сот актісін орындау үшін нақты шара қабылдайды.
Азамат Бердыбеков, ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы төрағасының орынбасары: - Абай облысының жеке сот орындаушысы борышкерді іздеуге жариялаған. Алайда, борышкер Алматы қаласының мектебіне бала шағасын мектепке апару кезінде сол мектептің бейнебақылауына түсіп, тану арқылы Абай облысының борышкері Алматы қаласынан табылған бізде мәлімет бар. Дәл солай теміржол билетін алып Ақтөбе қаласынан басқа қалаға жол тартқан борышкер осы КИРЕБ жүйесімен анықталып, теміржол бекеттерінен ұсталған.
Жауапсыз ата-анадан алимент өндірудің жолдары
Борышкерлерді қолға түсіру мәселесімен қатар, табысын жасыратындар да аз емес. Депутат Жанна Асанова алимент төлейтін ата-ана іс жүзінде табысын ең төменгі жалақы яғни 85 мың теңге етіп көрсететіндер баршылық, деді. Бұндай жағдайда алимент төлеушінің жұмыс орнынан алынған анықтама мен зейнетақы аударымдары салыстырылады. Көбіне сәйкессіздік анықталады. Сенаторлар алименттің неғұрлым әділ мөлшерін белгілеу қажет, дейді. Заңнаманы қайта қарау ұсынылды.
Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: - Нәтижесінде бір балаға алимент небәрі 22 мың теңгені құрайды, бұл тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша айына 130 мың теңгеге жететін баланың нақты қажеттілігі туралы айтпағанда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен әлдеқайда аз. Біздің еліміздегі әрбір бала тек тамақ пен киім ғана емес, сонымен қатар білім алуға, медициналық қызмет пен басқа да әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуді қамтитын лайықты өмір сүру деңгейіне құқылы. Алимент мөлшерін анықтаудың қолданыстағы тәртібі ескірді және баланың жас ерекшелігі ескерілмейді.
Осы айтылған мәселенің барлығын үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Шымкент қаласының тұрғыны бастан өткеріп келеді. Алимент өндіре алмай жүргеніне 3 жылдан асқан. Бұрынғы жұбайы балаларының қамқорлығы үшін 4 млн теңгеден астам берешек.
Шымкент қаласының тұрғыны: - Негізі жұмыс істейді. Жеке мекемелерде жұмыс істейді айлығын жасырады ғой андай қылып. Үкіметтен 49 жылға жер телімі бар арендаға алған. Алиментті 2021ж қараша айында жазғам, одан бері 2 рет алдым сол жеке сот орындаушылардың жұмысымен сотқа тартып істі. Одан бері төлеген жоқ. 2023 ж 1 рет төледі и 2022 де үш күн қамаққа алынған кезінде шығару үшін төледі 1 рет.
Жеке сот орындаушыларының көмегімен биылғы 9 айда 7 млрд теңге алимент өндірілді. Ал төленбегені - 43 млрд теңге. Қазір қарауда 281 мың іс бар. Жағдайды қайтіп түзетеміз? Мәжілісмен Магеррам Магеррамов Мемлекеттік алименттік қор құруды талап етті. Ол салықтық емес түсімдер есебінен жұмыс істеуге тиіс. Қор 3 айдан астам алимент алмаған балаларға төлем жасауды көздейді. Елде жарты млн-нан астам бала осындай көмекке мұқтаж.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - Бүгінде алимент өндіру мәселесі шешілетіндей ешбір алғышарт жоқ. Балаларды қолдау мен олардың алимент алуға құқығын ескере отырып Қазақстан халық партиясы Алименттік қор құруды бұрыннан ұсынып келе жатыр. Қор салықтық емес түсімдерден толтырылады. Былтыр бұндай түсімдер 450%-ға асыра орындалды. Сол себепті, мемлекетке шығыны айтарлықтай көп емес. Алайда, бұл өскелең ұрпақ үшін баға жетпес көмек болар еді.
Дамыған елдерде отбасы соттары жұмыс істейді. Бұл тәжірибе біздің елге де керек-ақ. Республикалық Әкелер одағының төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбет осындай пікірде. Айтуынша, бізде шаңырақ құру мәдениеті бар. Бірақ қоғамда ажырасу тақырыбына көңіл бөлінбейді. Сот әр отбасының ерекшелігін ескеріп, баланың жасы, тұрғылықты мекені мен тұрмыс деңгейіне сай алимент көлемін нақты белгілеуі қажет.
Мақсұтбек Айтмағанбет, "Әкелер одағы" РҚБ Төрағасы: - Баланы қорғайтын мемлекет қой. Мемлекет кірісіп осы мәселені шешуі керек. Дұрыс, жаңағы алимент төленетін мөлшерін көтеру керек екенін біз қолдаймыз. Бірақ, ең бірінші бұл жерде Алименттік қор құру керек. Бұны уақытында төлету керек бұл екінші мәселе. айырылысатын кезде тек қана мемлекеттің емес, сотардың да жұмысы дұрыс болу керек. Шешімдер шыққан кезде әр отбасын бөлек тексріп асықпай шешімдерді көрсету керек.
Мәселен, қалада мектеп жасындағы бір бала күніне ас-ауқатқа орта есеппен 1 мың теңге жұмсайды. Бұл соманы апта күндеріне, одан соң айларға көбейтіңіз. Жеткіншектің жүріп-тұруына, киім-кешегіне қаражат қажет. Бұл жалғызбасты ата-ана түгілі, кез келген қарапайым отбасының бюджетіне салмақ. Сарапшылар баланың толыққанды өсіп-жетілуі үшін алимент өндіру мәселесін шешу әлі де жан-жақты қарастырылуы қажет, - дейді.
Рухани Асқар, Марат Диханбаев, Нұрсұлтан Мұхамеджан